Қазақ поэзиясының алтын тізгінін ұстаған ақын кім?

2805

- Нұрлан Сәрсенбаев біз сізді Қытай қазағынан шыққан бірден-бір Мұқағали танушы деп қараймыз. Шашасына шаң жұқпаған шу асау ақын Мұқағали өзінің ұлттық рухына бай асыл жырлар арқылы күллі қазақ ауылдарына сапар тартты. Мұқағалидай мұзбалақ ақынның әлем қазақтарына танылуына аспан тау етегін жайлаған елден шыққан алдыңғы буын сөз зергерлерімен өнер сабақтастығы бар ма екен деп қараймыз, әңгіменің беташарын осыдан бастаңыз?

– «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» дейді дана халқымыз. Аспан тау етегін жайлаған жұртта қазақ поэзиясының ХХ ғасырдағы жарық жұлдызы болған Мұқағали Мақатаевтан ілгергі өз дәуірінде атағы аспандаған киелі өнер сөздің майталмандарынан Қабай жырау, Құлмамбет Құланаян, Албан Асан Бәрменбекұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Көдек Маралбаев, Шалтабай Алпарұлы, Рыскелді Сауданұлы, Шарғын Әлғазыұлы, Қойдым Дарубайқызы,  тілінен сөз асылы ұйыған шешендерден Жанғабыл Әтекеұлы, Қашаған Әуелұлы, Жәмеңке Мәмбетұлы, Сабаншы Сәйбек, күйшілерден Қожеке Назарұлы, Егінбай Алтыбаев, Сыбанқұл Қалбасұлы т.б. беделді өнер тұлғалары өткен. Міне, бұл өнер ардагерлері өзі жасаған заманының тарихи айнасы іспетті. Осы өнер жұлдыздар шоғырының ұлт рухының күн шұғыласына шағылып, жылт-жылт етіп шашыраған күшті нұр сәулесі бар. Мұқағали әне сондай осы киелі топырақтың нұр сәулесінен жаралған ақын. Әсіресе, осы сөз зергерлерінінің ішінде жыр дүлдүлі Көдек Маралбаевтың шығармаларында бір тайпа елдің шежіресі, тарихы, салт-сана, әдет-ғұрыптары, тіршілік тынысы,  күн көрісі қатарлы жақтары терең меңгеріп жазылған. «16 жыл туралы» дастан Көдек шығармашылығының ең биік шыңы, бұл дастан алты алаштың біртуар қос арысы – Мұхтар Әуезовпен Мұқаметжан Тынышбаевтың  қуатты қаламына арқау болған. Мұхтар Әуезов әйгілі  «Қилы заман» шығармасын жазу үшін Көдек Маралбаевпен кездескен. Содан Мұхтар Көдек жырын тыңдағаннан кейін оның ақындығына «Кешегі қазақ мәдениетінің құнды әрі бай мұрасын тұла бойына сыйғыза білді» деген жоғары бағасын берген еді. Халқымыздан шыққан  ірі  ақын Ілияс Жансүгіровтіде Албан Асан,  Құлмамбет Құланаян, Бөлтірік Атыханұлы, Көдек Маралбаев мұралары қатты қызықтырған екен. Сонау 1962 жылдары Мұқағали Қытайдан келген жазушы Нұрқасым Қазыбекұлынан ең алдымен «Сен Көдек ақынды білесің бе?» – деп сұрауында терең мән жатыр.

Мұқағали Мақатаев аспан тау етегінде жасаған аты аңызға айналған Қангелді, Райымбек батыр сынды қара көктің тұқымы, текті атадан тараған ұрпақ.  Ақын өзі туралы:

Ұлы едім Алжанның,

Досымын мен бар жанның.

Жаяу Мұса қазір мен,

Әнші Ақандай сал жанмын, – деп әлемге жар салып барлық адам баласын өзіне дос санаған екен.

Мұқағали Мақатаев аспан етегін жайлаған ән мен жырдың мекенінен сусындаған қазақ поэзиясының ХХ ғасырдағы алтын тізгінін ұстаған ұлы ақын.

Халқымызда «Тағдыр қайталанады» дейтін таным бар. Мұқағали Мақатаев – қасиетті аспан тау етегін  жайлаған елдің өнер мектебінен оқып, мықтап тәрбие алып жетілген, жыр теңізін сапырып өткен, тағдыр қайталай дүниеге әкелден дарын иесі. Мұқағали Мақатаевтың дара талантынан туған өлмес поэзиясы ханныңда, қараныңда көңілін толқытып, күллі қазақ баласы жасаған ұлан-ғайыр өлкеге, шексіз де, шетсіз сахараға, айбатты әсем қалаларға, тіршіліктің отын маздатқан миллиондаған ақ боз үйлердегі қарашаларға дейін сапар шегіп, қазақ болып әлемге тіл  қатты, қазақ болып күллі дүниені шарлады. Бұған ғалым Мырзатай Жолдасбековтың: «Мұқағали бүтін бір ғасырдағы қазақ поэзиясын биіктетіп кетті», – деген сөзі куә. Мұқағалидың атақ-даңққа жетуі, ұлттық рухқа бай жырларының тереңге тамыр тартуы, аспан тау елінде жасаған өнер жұлдызынан өнеге алған, киелі өнер сабақтастығының құдіреті болса керек.

– Нұрлан  Мырза сізді Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына Қазақстан Жазушылар одағы басқарамасының төрағасы, ҚР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің арнаулы шақыртуымен келіп  қатынасыпсыз, сол мерейтойдағы әсеріңізбен, көрген-білгендеріңізді айта кетсеңіз?

– Бұл реткі сапар менің есімнен көтерілмейтін бақытты күндердің бірі болды. 2011 жылы шілде айында Қазақстан мемлекетіне тұңғыш келуім, яғни тарихи отанды, ата-бабаларымның туған атамекені болған аспан тау етегін жайлаған елді бірінші рет көруім. Сол жылы шілде айының 29 күні Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының орналастыруы бойынша жер-жерден келген мерейтой қонақтары Алматы уақыты бойынша таңертеңгі сағат бес жарымда Алматы қаласындағы республика алаңына жиналдық. Сағат 6-дан өткенде Қазақстан Жазушылар басқармасының қызметкерлерінің жол серік болуымен жолаушылар автобусына отырып, Қарасаз ауылына қарай жол алдық. Жол бастаушылар қазақ халқының атақты батыры Райымбек Түкеұлы Қангелді немересінің жоңғарға қарсы жорық жолындағы елі үшін еңіреген ерліктерін қысқаша таныстырумен бірге Нарынқол мен Кеген аудандары бірігіп, қазір Райымбек ауданы деп аталғандығы туралы түсінік  жасады. Жол-жөнекей сонау 1970 жылдардың орта шенінде, бала кезімде ел ішінде шешен, шежіреші аталған атам Сәрсенбайдың сенің әкең – Тоқтасын, оның әкесі  – Сәрсенбай, Сәрсенбайдың әкесі – Байсал, оның әкесі – Әбдүшкүр, одан ары Малқара, Малқараның әкесі – Әжі. Әжі қазаққа әйгілі батыр Райымбектің баласы деп шұбырта айтқан ататек шежіренің бір үзігі есіме түсіп тебіреніп келемін.

Біз дүниеде сирек кездесетін Шарын шатқалынан ендей кесіп өтіп бұрынғы Нарынқол ауданының басталар тұсындағы биік төбенің басындағы атақты Райымбек батырдың үлкен ескерткішінің қасына барып тоқтадық. Ескерткіш басына жиналған неше жүздеген жұрт батырдың киелі бұлағынан су ішіп, бабаның  үлкен ескерткішінің қасына суретке түсіп естелік қалдырдық. Батыр бабамыздың киелі бұлағының зәм-зәм суынан шөліміз қанғанша ішіп болып, Мұқағали Мақатаевтың ата-мекені қасиетті Қарасаз атты елді-мекенге қарай жылжыдық.

Жол бойындағы тақтайшаға ілінген ақын Мұқағалидың неше мыңдаған үлкейтілген суреті көздің жауын алады. Міне, бұл қара ормандай туған халқының ардагер ақынға жасалған шексіз сый-құрметі болса керек. Біз Қарасазға барған сол күні Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерден «Жырлайды жүрек» атты республикалық байқауда өлең оқу өнерін көрсеткен балалардың оқыған жырын тамашаладық.

Түстен кейін ақын туған қасиетті Қарасаз ауылының мәдениет үйінде ақынның 80 жылдығына орай ғылыми-конференция басталды. Бұл конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин басқарды. Ол кездегі Алматы облысы әкімнің орынбасары Серік Мұқанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жеке-жеке сөз сөйлеп, мерейтой қонақтарына арнап жылы лебіз білдірді. Мұнан соң Қазақстанның белді қаламгерлері: Бауыржан Жақып, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Бексұлтан Нұржеке, Сағатбет Медеубек, Амангелді Кеңшілікұлы, Батық Мәжитұлы, Мұхтар Шаханов, Нұрлытай Үркінбай сынды 28 адамға Мұқаң туралы зерттеу мақалаларын оқиды. Мен сөз сөйлеуден бұрын «Ата тек жалғаған – Алтын шынжыр» атты тарих-шежіреге қатысты көлемді кітабымды Мұқағали мұражайына тарту еттім. Соңынан «Мұқағали мәртебесі» атты мақаламды оқыдым.

Мерейтойдың жалғасы шілде айының 30-күні Шәлкөде жайлауында өтті. Шәлкөденің  хан жайлауында ат бәйге, палуан жарыс сияқты түрлі жарыстар  өткізіліп, алдыңғы бас жүлдені алғандар жеңіл машинамен марапатталып жатты, ұлан-асыр той болып, ақ түйенің қарны жарылған Қарасаз бен Шәлкөде жайлауында өткізілген ақынның мерейтойы екі күндік міндетін өте салтанатпен аяқтатты. Шынын айтсам 70 мың адам қатынасқан мұндай мерейтойды әлі көргенім жоқ.

– Нұреке сіздің «Мұқағали керуені» атты кітабыңыз 2016 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» басылым көріпті, іле-шала бұл кітап 2017 жылы Қазақстандада жарық көріпті. Екі елде тең басылым  көрген бұл кітаптың оқырмандарға берген әсері қалай болды?

Мұқағали Мақатаев шығармалары Қытайдағы бір жарым миллион қазақ халқына 1980 жылдардың соңынан бастап кеңінен таныла бастады. Содан «Қаздар қайтып барады», «Жырлайды жүрек», «Жүрек демін алғанда», «Мұқағали қазақтың-домбырасы», «Аққудың қанатына жазылған жыр», «Қош, Махаббат», «Аңызға айналған адам», «Поэзия, менімен егізбедің?», «Аманат» сияқты он неше кітап жарық көрді. Кезінде ақын шығармалары қазақ әдебиет оқулықтарына кіргізіліп оқушыларға дәріс ретінде өтілді. Жинақтап айтқанда Қытай қазақтары Мұқағали өлеңдерін жылы қабылдады. Бір кезде Қытай қазақтарыда той-думан, басқосуларда Мұқағали өлеңін оқымай өтпейтін болды.

Мен ұлы ақын Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойына қатынасып  Қытайға қайтқаннан кейін «Қарасаз – қара шалғын өлеңде өстім» атты мақала жазып «Шыңжаң газеті», «Іле газеті» секілді басылымда жарияладым. Бұл мақала оқырмандар арасында күшті аңыс қозғады. Осыдан бастап Мұқағали тануға кірістім. Әсіресе, менің «Мұқағали керуені» атты кітабым 2016 жылы маусымда ұлттар баспасынан жарық көріп оқырмандардың қызу қарсы алуына ие болды. Бұл кітабымның баспадан шығуына ҚХР-ның астанасы Бейжіңдегі Ұлттар баспасы Қазақ редакциясының меңгерушісі, белгілі ақын, мәдениет қайраткері Бақытбек Тоқтасынұлы көмек қолын созды. Ол бұдан сырт Мұқағалиға қатысты бір қанша кітаптың шығуына мұрындық болды.

Ал, Қазақстанда «Мұқағали керуені» атты кітабым 2017 жылы «Ан Арыс» баспасынан басылым көрді. Бұл кітап туралы «Қазақ әдебиетінің» 2017 жылғы 10-16 ақпан күні санында «Шыңжаңдағы белгілі қазақ қаламгері Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали керуені» деп аталатын кітабы Мұқағалидың шыққан топырағы, ата-тегі туралы арыдан сыр шертеді. Мұқағалимен қатар өмір сүрген Еркін Ібітанов, Фариза Оңғарсынова сынды ақындар арасындағы өнер сабақтастығы жан-жақты сөз болады. Сонымен бірге, Қытай қазақтары арасындағы Мұқағали тану барысын тілге тиек етсе, автор Мұқағали поэзиясының қыр-сырын ашып көрсетуге де өзінше құлшыныс танытты. Аталған кітапты Мұқағалитануға қосқан үлес деп бағалауға болады», – депті. Бұғанда шұкірлік етемін.

Жинақтап айтқанда, Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдағы  қазақ поэзиясының тілдік қорын байытты, қазақтың қара өлеңіне өзгеше түс беріп, көркем поэзияны ең жоғарғы деңгейге  көтеріп жаңалық енгізіп, үлкен белеске көтеріп, қазақ поэзиясының дат шалмас алтын діңгегіне айналды.

– Әкеңіз Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсалов ақын һәм жыршы, ағартушы кісі екен. Естуімізше ол кісі 2011 жылы қарашада Қытай еліне сапарлай барған жазушы Рахымжан Отарбаевқа Мұқағалидың 200-ге таяу өлеңін жатқа айтып беріп таңғалдырған екен, осы рас па?

– Әкем Тоқтасын Байсалов 1928 жылы  Алматы облысы, Райымбек ауданы, Лабасы (Ілебасы) жайлауында дүниеге келген.

1932 жылғы ақсүйек ашаршылықта ел үркіншілікке ұшырап әкесі Сәрсенбай 4 жасқа жаңа келген  баласын қоржынға салып алып шекара асқан екен. Әкесі Сәрсенбай өз дәуірінің халқы қадірлеген азаматы, көзі ашық, көкірегі ояу, өткір тілді шешен, шежіреші адам болған. «Әке көрген оқ жонар» дегендей әкем Тоқтасын бала жасынан өлең-жырға әуес болып өсті. Әйгілі жыраудардан Асан Бәрменбекұлы, Құлмамбет Құланян, Көдек Маралбаев, Қойдым Дарубайқызы, Шарғын Әлғазыұлы сияқты өнер адамдарынан үлгі өнеге алды. Ат жалын тартып азамат болғаннан кейін ел ішінде тараған қисса-дастандармен «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Шарғын мен Нұриланың айтысы», «Албан тарихы», «16 жыл туралы» т.б. өлең-жыр, қисса-дастандарды, айтыстарды бірнеше таңға айта алатын, халық арасынан шыққан танымалы жыршылардың біріне айналды.

Біздің үйден әкемнің өлеңін тыңдауға келетін әнші, жыршы, жақсы-жайсаңдардың аяғы үзілмейтін. Солардың бірі Қазақстаннан Қытайға әкемді арнайы іздеп барған жазушы Рахымжан Отарбаев. Әкем бұл рет Отарбаевпен үш күн сұхбатта болып Мұқағалидың 200-ге таяу өлеңін жатқа оқып беріп таңғалдырды. Жазушы еліне қайтар кезде әкем оған қазақтың ата-дәстүрі бойынша ат мінгізіп, шапан жатты. Әкем Тоқтасын Байсалов 2016 жылы сәуір айының 14-күні 88 жасында Өр Текестің Ақдала ауылында қайтыс болды. Рахымжан Отарбаев қайтыс болардан ілгері «Қазақ әдебиетінің» 2017 жылғы 14-20 сәуір күнгі санында әкем туралы «Өлеңнің кеніші еді» деген мақала жариялады. Өкінішке орай мақала қысқартылып басылды.

Қазір Қытай қазақтары арасында неше жүздеген Мұқағали мұрасын насихаттаушылар бар. Қытайдағы әйгілі жазушы Сұлтан Жанболатов «Әлемдегі күллі қазақ түгел, жан саны миллиардтан асқан Қытай сияқты өзге елдерге де танымал, мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев – қазақтың поэзиясына кесек үлес  қосқан шебер лирикі, Мұзбалақта ақиық ақыны, үздік аудармашысы.

Мұқаңның шығармалары Қытайдағы өлең сүйер қауымның аузынан түспейді, мұңдағы қазақ БАҚ-тарында – газет-журналдарында, радио-телевидениясында, тор сайт, блогтарында тіпті көп жарияланды.  Кітаптары қазақ, қытай т.б. тілдерде басылып шығып кең таралуда. Бұл – оның аты мен туындыларының қазақ жүрегінен тереңде мықты орын алғандығының, Мұқаңның қазақпен бірге мәңгі  жасай беретіндігінің айғағы» деген еді. Жақында «Бақыт» радиосының жүргізушісі Бақытгүл Мұқаметқанқызы менің «Мұқағали керуені» атты кітабымды әуе толқыны арқылы таратып қалың тыңдармандардың қызу алқауына бөленді. Міне, осылайша Мұқағали мұрасы әлем қазақтарына керуен тарытты. Уақыт озған сайын Мұқағали мұрасы таза алтындай жарқырап, қазақ поэзиясының сұлу қасиетін, парасатты құдіретін өз оқырмандарына мойындатып кетті.

 

Сұхбаттасқан Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ

Пікірлер
Редакция таңдауы