Қазақcтан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат
Аса мәртебелі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев!
Ең алдымен ел тізгінін ұстаған парасатты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қара ормандай Қазақстан халықына жалынды сәлем жолдаймын!!!
Менің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазудағы мақсатым: Елімізде мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы- халық деп айтылып келеді. Бір елдің Ата заңының кемелді-кемелсіз болуы сол елдің мемлекетінің тағдырна тіке байланысты болады. Адам сапасының жоғары-төмен болуы сол елдегі ұлт пен этникалық топтардың тегі,қан тазалығына байланысты екенін қазіргі заманғы генетика ғылымының дамуы дәлелдеп отыр.
Қазақ халқы өте ертеден тартып жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін заң ретінде қабылдап келген еді. Жазба тарихи деректерде айтылуынша жеті атаға толмай қыз алыспау заңы Әз-Жәнібек тұсында қазақ хандығының заңы ретінде қабылданған екен. Жеті атаға толмай қыз алыспау заңын алғаш рет ортаға қойған XV ғасырда өмір сүрген шипагер,медицина ғылымының негізін қалаушы ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Күндердің бірі Әз-Жәнібек ханның ақылшысы Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Содан хан жер-жерге ат шаптырып талай-талай емші,бақсы-балгерлерді шақыртып емдетсе де аурудың беті қайтпайды. Содан хан ел ішінен Өтейбойдақты шақыртып әкеліп, Жиреншені емдетеді. Өтейбойдақ емінен кейін Жиренше дерттен айығады. Әз-Жәнібек шипагерге қатты риза болып бірнеше сұрау қояды. Сол сұраудың бірінде хан :
–Қандай ауруды емдеу ең қыйын?
–Тұқым қуалайтын ауруды емдеу ең қыйын.
–Ол аурудың алдын алуға болама?
–Болады, жеті атаға толмай жақын туыстардың өзара қыз алысуына болмайды. Хан еке , сіз осы туралы заң шығарып,жарлық түсіріңіз!
Содан Әз-Жәнібек хан ел жұртын жиып алып:
–Кімде-кім өз туыстарымен жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасы беріледі,–деп жарлық жариялады. Осыдан кейін қазақ хандығы жеті атаға толмай қыз алыспау заңын қабылдады. Бұл дәстүр « Қасым ханның қасқа жолы» «Есім ханның ескі жолы» , Тәуке ханның «Жеті жарғы заңында» да өз рөлін айтарлықтай атқарып келді. Жеті атаға толмай қыз алыспау дәсүрі қазірге дейін қазақ қоғамында құнын жойған жоқ. Осы дәстүр әлі күнге дейін қазақ елді мекендерде өзінің жалғасын тауып келеді.
2005 жылы Қытайдың Іле қазақ автономиялы облыстық халық құрылтайы тұрақты комитеті қазақтың жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін жергілікті Ата заң ретінде қабылдады. Тектілікке,қан тазалығына мән берген қазақтың жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрі Қытай ғалымдары мен зиялыларының назарын өзіне қатты аударып, ол туралы мақалалар жазып, зерттеу жүргізді.
Содан кейін мен де қазақтың жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін зерттеуге кірістім. Жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін біз қалай түсінеміз, біз ең алдымен осы мәселенің басын ашып алайық.
Мысалы, Жеті ата: 1.Өзің 2. Әке 3. Ата 4. Арғы ата 5. Баба 6. Түп ата 7. Тек ата.
Жеті ұрпақ: 1. Бала 2. Немере 3. Шөбере 4. Шөпшек 5. Немене 6. Жүрежат 7. Туажат.
Жеті ата және жеті ұрпақ атауы өңірлік ерекшелікке қарай әр түрлі аталады. Деседе жеті ата мен жеті ұрпақ қос жетілік ұғым қалыптастырады. Қос жетіні өзара қоссақ 14 ата болады. Қазақ қоғамында 14 атаға толғанда бір рулы ел есептеледі. 15-ші атаға барғанда ақсарбас қой, боз бие сойып қолын қанға матырып құда болып, өзара қыз алысу дәстүрін өтейді. Жеті атаға толып 8-ші атаға брғанда қыз алысуға болады деген өте қате ұғым, өйткені 15-ші атаға барғанда туыстық қандастық жойылып,өзара құда-жұрат болып қыз алысуға болады. Бұл туралы осы хатпен бірге сізге өзім жазған «Қазақтың жеті ата және жеті ұрпақ танымы» деген мақаламды қоса жібердім. Бұл мақала Қытайда «Мұра»журналында,Қазақстанда «Ақиқат» журналынад жарияланған.
Аса мәртебелі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев т.б. лауазымды тұлғалардың қазақ халықының жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТА ЗАҢЫНЫҢ бір тармағы ретінде қабылдануын үміт етемін!!!
Құрметпен :Нұрлан Тоқтасынұлы Сәрсенбаев
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы,тарихшы,этнограф
Алматы қаласы
14 қыркүйек, 2020 жыл
Нұрлан Сәрсенбаев,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф
Қазақтың жеті ата және жеті ұрпақ танымы
1
Қазақ ұлты – қандастықты негіз етіп, ру-тайпа, арыс, ұлыс сияқты үлкенді-кішілі қауымдастықтардан құралған халық. Ата-бабаларымыз «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деген туысқандықты, қандастықты, береке мен сыйластықты дәріптеп келген. Қазақтың дәстүрлі шежіресінде ата-текті қуып еркек кіндікті, қандастықты, туысқандықты негіз етіп шежіре таратып, үш жүзге кеңейтіп тұтас бір ұлттың ататек шежіресін қалыптастырады. Иісі қазақ баласы бір-бірімен кезіккенде «Қай жердің адамысың?» деп сұрамайды. «Қайсы елсің?» деп сұрайды. Бұлай ата-жөн сұрау ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүр.
Қазақ баласы өз ұрпақтарына жеті атасын білу тәрбиесін жүргізіп отырған. Бұл талапты қазақ қоғамының барлық мүшесі білуге тиісті парыз санаған. Әрбір қоғам мүшесі жеті атасын білмеуді ұят, ар-намыс деп білген, тек ата-ана тәрбиесін көрмеген, жетім болмаса жеті атасын білуге тиіс деп санаған.
Халқымыздың жеті ата тәрбиесі – жеті атасының атын айтып берумен бірге өз жеті атасының ата-мекенін, өріс-қоныстарын, елге аты кең жайылған би-шешен, шежірешілерін, батырларын, ақын-жырауларын, таңба-ұрандарын, салт-дәстүрлерін айтып беретін әліппелік сауаты болуды талап етеді.
Біз сөз етіп отырған жеті ата деген ұғым нені білдіреді, бұның жеті ұрпақ атауымен қандай қатынасы бар? Бұл қазақ шежіресіндегі күрделі тақырыптардың бірі. Халқымыздың дәстүрлі шежіресінде бұрыннан бері қос жетілік ата таралым жалпыласып келген. Бұл туралы Мөрқан Кемелқанұлы «Қытайларда жазу өнері ерте қалыптасқандықтан, көп нәрселерді ерте бастан жазып-сызып тарихи мұрағат жасай алды. Ал, қазақ ұлты қос жетілік ұғым қалдырды. Қазақ ұлтының некелік заңы жалаң некелік көзқарас негізінде емес, тарихи қандық кіршіксіздік, гендік тазалық жүйесіне құрылған, ру оның нақты құрылымдық жүйесі» («Қазақ халқының шежірелік жүйесі туралы», «Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2010 жылы 3-сан, 35-бет) деген көзқарасын айтады.
Біз бұл мақаланың негізгі арқауы болған, қазақтың дәстүрлі шежіресінде бұрыннан айтылып келе жатқан жеті ата және жеті ұрпақты, яғни осы қос жетілік ұстанымды оқымысты, ғалым, зерттеушілердің жазған ғылыми еңбектерінен мысал келтіре отырып түсіндіруді жөн көрдік.
Жеті ата шежіресі ـ ру-тайпа, ұлыстар шежіресінің алтын бастауы, яғни қазақ халқының шежіресін қалыптастыратын түп негіз болып табылады. Сондықтан ең алдымен жеті ата атауына қарай ат басын бұралық. Төмендегі мысалдар жеті ата атауын түсінудің нақты дәлелі бола алады.

- Көзқарас (Рахыметолла Әпшеұлы): «1. Өзі. 2. Әкесі. 3. Үлкен әкесі. 4. Ұлы әкесі. 5. Бабасы. 6. Чоң бабасы. 7. Аталық» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2003 жылы, 1-сан, 97-бет).
- Көзқарас (Нығымет Мыңжани): «1. Әке. 2. Ата. 3. Баба. 4. Ұлы ата, 5. Ұлы баба. 6. Аба баба. 7. Ата тек» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2003 жылы. 1. сан. 97-бет).
- Көзқарас (Мақсұтбек Ниязбеков): «1. Әкесі. 2. Атасы. 3. Арғы атасы. 4. Бабасы. 5. Ұлы бабасы. 6. Алтыншы ата. 7. Жетінші ата» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2003 жылы, 1-сан, 97-бет).
- Көзқарас (Шынай Рахыметұлы): «1. Әке. 2. Ата. 3. Әз-ата (бұл үшеуі аталар). 4. Баба. 5. Тектін. 6. Төркін. 7. Түп-тұқиян (бұл төрттеуі бабалар). Жоғарыдағы жетеуі бірігіп «ата-бабалар› делінеді» («Монғолия қазақтарының ататек шежіресі», Баянөлгей, 1997 жыл).
- Көзқарас «1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата. («Қытай ұлттары» журналының 2006 жылғы 1-санында жарияланған Тұрсынхан Дауытқазықызының жинақтаған «Ұлағатты ұлттық ұғымдар» атты материалынан).
- Көзқарас (Сейіт Кенжeaхыметұлы): «1. Өзің. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата» (Думан Жақыпұлы «Жеті ата және шежіре», «Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2011 жылы, 4-сан, 32-бет).
- Көзқарас (Думан Жақыпұлы мақаласында жоғарыдағы 1-ші көзқарастан 6-шы көзқарасқа дейінгі жеті ата атауына талдау жасай отырып өз көзқарасын былай баяндайды): «1 . Өзің. 2. Әкең. 3. Атаң. 4. Бабаң. 5. Арғы атаң. 6. Түп атаң. 7. Тек атаң.» («Жеті ата және шежіре», «Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2011 жылы, 4-сан, 32-бет).
- Көзқарас «Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады. 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.» (Орта мектеп «Тіл-әдебиет» таңдамалы оқулығы, 4-бөлім, «Шинжияң оқу-ағарту баспасы», 2009 жылы, маусым, 35-бет). Осы көзқарастағы жеті ата тарату барысы баладан басталып тек атаға тірелген. Бұл оқулықтың өзінде айтылған «Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады» деген сөзге қайшы.
- Көзқарас (Рахыметолла Әпшеұлы): «1. Баласы 2 . Немересі 3 .Шөбересі 4 . Шөбересі 5 .. Шөпшек6 . Туажат7 . Жау танымас» («Шинжияң қоғамдық ғылымы», 2003 жылы, 1-сан, 97 -бет).
- Көзқарас (Нығымет Мыңжани): «1. Бел бала2 . Немере3 . Шөбере4 . Өбере5 . Туажат6 . Қуажат7 . Жау танымас» («Шинжияң қоғамдық ғылымы», 2003 жылы, 1-сан, 97-бет).
- Көзқарас (Дәулет Желдікбаев): «1. Бала2 . Немере3 . Шөбере4 . Немене5 . Шөпшек6 . Туажат, 7. Жүрежәт, 8. Жегжат, 9. Жұрағат»: «Сүйіндік тарихи-шежіресі», (Алматы 2008 жыл, 6-бет).
- Көзқарас «1. Әке, 2. Бала, 3. Немере, 4. Шөбере, 5. Шөпшек, 6. Көгенжат, 7. Туажат» («Қызай-Аман шежіресі», 1-кітап, 2010 жылы наурыз, 13-бет).
- Көзқарас (Айып Нүсіпoқaсұлы): «1. Бала. 2. Немере. 3. Шөбере, 4. Шөпшек, 5. Немене, 6. Туажат, 7. Жүрежат, 8. Жегжат» («Ағаш бесіктен жер бесікке дейін». «Шинжияң жастар-өрендер» баспасы, 2002 жыл, 218 -бет).
- Көзқарас «1. Бел Бала, 2. Немере. 3. Шөбере, 4. Шөпшек, 5. Немене, 6. Жүрежат, 7. Туажат», (Мұқтар Садықұлы «Суан шежіресі», 315-бет).
- Көзқарас (Әбіш Кекілбaев): «1. Әке, 2. Бел Бала, 3. Немере, 4. Шөбере, 5. Шөпшек, 6. Жүрежат, 7. Туажат» («Іле жастары», 1999 жыл, 3-сан, 19 -бет).
- Көзқарас (Сәлімбaй Aхыметов): «1. Әке, 2. Бала, 3. Немере, 4. Шөбере. 5. Немене. 6. Шөпшек, 7. Туажат. 8. Жегжат. 9. Жұрағат» («Іле жастары», 1999 жыл. 3-сан, 19-бет).
- Көзқарас (Шынай Рахыметұлы): «1. Бала. 2. Немере. 3. Шөбере. 4. Шөпшек, 5. Өбере. 6. Туажат, 7. Жүрежат. 8. Жегжат. 9. Жұражат.» («Монғолия қазақтарының ататек шежіресі», Баянөлгей, 1997 жыл, 6-бет. )
- Көзқарас (Думан Жақыпұлы): «1. Бала. 2. Немере. 3. Шөбере. 4.Шөпшек. 5. Көгенжәт. 6. Туажат. 7. Жүрежат» («Шинжияң қоғамдық ғылымы», 2011 жыл, 4-сан, 34-бет).
