Ашхабадтағы мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде тексерулер жүруде. Білім саласының шенеуніктері бұл не тексеріс екенін әзірге ашып айтпайды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азатлык радиосына сілтеме жасап.
Түркіменстандағы білім ошақтарында жүріп жатқан бұл тексеріс орыс сыныптарын жабу мәселесімен байланысты болуы мүмкін. «Барлық мектеп пен балабақшаларда тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жемқорлыққа байланысты дейді. Шындығында мәселе орыс сыныптарына бала қабылдануымен байланысты», дейді корреспондент. Азатлыктың келесі тілшісі орыс тіліндегі білім мекемелерінің басшыларының жұмыстан шығарылғанын айтады.
Сондай ақ, орыс тіліндегі сыныптар облыстағы мектептерде де жабылуда. Ал орыс тілі сабақтарының сағаттары мейлінше қысқартылып жатыр. Азатлыктың сенімді ақпарат көзі Түркіменстанда 2030 жылға дейін орыс тіліндегі сыныптарды түгелдей жабу үкіметтік деңгейде қаралып жатқанын жеткізіпті.
Орыс тілі сыныптарын жабудан бөлек, қазір бұл елде орысша сөйлейтіндерге де қысым арта бастаған. Ана тілінде сөйлемегендер жазасыз қалмайтыны да ескертілген. Түркіменстандағы бұл жағдай саясатпен байланысты деген ақпарат та бар. Таяуда ғана Түркіменстаннан кеткен түркімендер өздерінің төлқұжатын әуежайда жария түрде жыртып, лақтырып жіберген соң шекара асып кеткен болатын. Орыс тілімен күрес те осы жағдаймен байланысты болуы мүмкін деген сөз бар.
Фото «Азатлык» сайтынан алынды.