«Борат» қазақты тағы бір мәрте масқара етпекші: ел билігі неге үнсіз?

3700

Қазақты мазақ еткен «Бораттың» түсірілгеніне биыл 14 жыл толады. Шыны керек, фильм еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп, намысымызды аяққа таптады. Әлем бізді жабайы,надан ұлт ретінде таныды. Бұл күйеден арылу үшін Қазақстанға біраз жұмыс атқаруға тура келді. Әрең дегенде сыртқы имиджімізді жақсарттық па десек, қайдам.. Ерте қуаныппыз.  Күні кеше шетелдік БАҚ «Борат-2» фильмінің түсіріліп біткенін хабарлады. Ол тіпті индустриядағы таңдаулы адамдарға көрсетіліпті-мыс. Бұл ақпаратты көршілес Ресей,Қырғызстан елдері де жарыса жазды. Біздің билік неге үнсіз, әлде мазаққа етіміз үйреніп кетті ме?

  «Оскарға» ұсынылған фильм

Түсірілімі Румынияда өткен «Борат» фильмінің тұсауы 2006 жылдың 1 қарашасында Бельгияда кесілген еді. Кейіннен ол АҚШ пен Канадада, сондай-ақ, Еуропаның 14 елінде көрсетілді. Туынды әлемдік кинопрокаттан 262 миллион доллар пайда тапқан. Ең сорақасы, ол «үздік икемделген сценарий» номинациясында «Оскарға» ұсынылды.

Қазақстанда бұл фильмнің прокатына тыйым салынды. Алайда, электрондық саудамен айналысатын «Amazon» компаниясы «Борат» таспаланған дисктерге деген тапсырыс көптігін хабарлаған еді. Бұл ақпарат туындының таралмауына тосқауыл қоя алмағанымызды дәлелдеді.

Әзірге «Борат-2» фильмінің қашан жарыққа шығатыны белгісіз. Кейбір дереккөздер кинокартинаның премьерасы АҚШ-тағы жаңа президенттік сайлауға дейін болады деп болжауда.

Жаңа фильмнің түсірілгенін естіген отандастарымыз әлеуметтік желіде өз наразылықтарын білдірді. Нұрқанат Қайрат есімді ақын:

«Қазақтың қорлап жатыр ұлтын бұлар,

Саудасын сауатсыздың кім тыңдырар.

Бір қазақ шықпады ма арамыздан,

Бір-бірлеп бұл сорлының мұртын жұлар?»-десе,  Atlas Art аты-жөнімен тіркелген оқырман:«Намыссыз адамдар «қалжың» деп бағалар, туристік орындар «пайда» табар, дегенмен ұлттық намыс бәрінен де жоғары. Неге біз фильмнің жарыққа шықпауына халықаралық дәрежеде  тыйым салмаймыз?»-деп өз ұсынысын білдірді.

 «Қазақтар жылқының зәрін ішеді»

2016 жылы Қырғызстанда жұмыс жасайтын Майкл Макфит есімді британ азаматы қазыны жылқының жыныс мүшесіне теңеп, ел ашуын туғызған еді. Десе де, қырғыз бауырларымыз бірден әрекетке көшіп, шетелдікті елден қуып шықты. Ал біз «Қазақтар жылқының зәрін ішеді, сығандарға аңшылық құрады» деп жаһанға жалған ақпарат таратқан Бораттың іс-әрекетіне әлі де болсын көз жұмумен келеміз. «Қой аузынан шөп алмас» мінезімізден қашан құтылар екенбіз?!

                                                    Диана АСАН,

                               «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер