Қай елде адамдарды заңды түрде өлтіруге рұқсат?

3231

Адам баласына қылмысы үшін жазаның  ең үлкені – өлім жазасы. Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін бірақатар  мемлекеттер өлім жазасын көптеп қолданатын. Соғыстан кейін өлім жазасына кесетін мемлекеттер саны біршама азайған. Қазіргі бейбіт заманда да айыптыны өлім жазасына кесетін республикалар бар. Атап айтар болсақ, Қытай, Иран, Сауд Арабиясында, Вьетнамда және Иракта әлі күнге дейін осы жаза түрі қолданылып келеді.

Әлемде өлім жазасы ату, дәрі егу, дарға асу, таспен ату, бас кесу, электрлі орындық арқылы өлтіру, т. б. арқылы орындалады.

Қандай жағдайда өлім жазасына кесіледі?

АҚШ-та өлім жазасы әсіресе  жабық камераларда,  ел назарынан алшақ орындалады. Айыптыны газбен тұншықтыру, екпе егу, ату және электрлі орындықпен өлтіреді.  Сонымен қатар, айыпкерге үкім орындалмас бұрын күнәсінан тазалану үшін 6 ай діни қызметкермен рухани тұрғыда тазаруға да мүмкіндік беріледі.

Қытайда Заң бойынша сыбайлас жемқорлықпен айналысқандар, заңсыз есірткі саудалағандар, мемлекетке қарсы тыңшылық әрекет жасағандар, жалдамалы баскесерлер өлім жазасына кесіледі. Атап өтетін жайт, сыбайлас жемқорлықпен айналысқандардың барлығы бірдей өлім жазасына кесілмейді. Парақордың үкіметке келтірген шығыны 450 мың юаньнан асқан жағдайда ғана ату жазасына кесіледі.

Солтүстік Кореяда  тыйым салынған шетелдік музыканы тыңдаса, шетелдік сайттарға кірсе, қайтыс болған ел басшысын жоқтап жыламаса, шенеунік жиналыста ұйықтап қалса, мереке күндерінен бөлек алькогольді ішімдік ішсе, шет елге қоңырау шалса, Оңтүстік Кореяның киноларын көрсе, діни сенімге қарсы шықса, порнографиялық видеоларды көрсе және таратса, басшыларға құрмет танытпаса, тыйым салынған нәрселерді жасаған жағдайда ел алдында өлім жазасына кесіледі.

Минск «геноцид», «соғыс ұйымдастыру», «лаңкестік әрекет», «Отанға опасыздық жасау», т.б. қылмыстар үшін өлім жазасын қолданып келеді. 1996 жылы бұл елде өлім жазасынан бас тарту мәселесі талқыланған еді. Референдумға қатысқандардың 80,5%-ы жазаның сақталуын қолдады.

Иранда жасөспірімдер де жазаның ауыр түріне ілігеді екен.

Ал біздің елімізде өлім жазасы жүзеге асырылмайды. Десе де, елімізде орын алып жатқан соңғы жайттарға байланысты өлім жазасын қайта енгізуді халық биліктен сұрап жүр. Халық бүлдіршіндерге опасыздық танытып, қыз зорлаған педофилдерді жазаның осы ауыр түріне лайық деп санайды. Еліміз өлім жазасына мараторий жарияланғаннан кейін, жазаның бұл түрін қолдану әзірге мүмкін емес. Десе де, әркім қылмысына лайық жазалануы тиіс.

 

Лаура ТҰРСЫНЖАН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы