Өткен жылы елімізде күніне 10 адам өз-өзіне қол жұмсаған

4254
Adyrna.kz Telegram

10 қыркүйек — бүкіләлемдік суицидтің алдын алу күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әр 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Яғни, жыл сайын 800 мың адам суицидтен қайтыс болады.

Өз-өзіне қол салу – әлемдік құбылыс

Суицид көрсеткіштері жиі тіркелген елдер

 

«Кез келген өлім - қайғылы оқиға. Десе де,суицидтің алдын алуға болады. Біз барлық елдерді бірыңғай бағдарлама қабылдауға шақырамыз. Оны денсаулық  сақтау және білім беру салаларына қосу керек»,-дейді ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебресиесус.

Бүгінде ДДҰ-ға мүше 183 елдің 38-інде ғана суицидті алдын алу үшін қабылданған бағдарлама бар.

2019 жылы елімізде күніне он адам өзін ажалға қиған

Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында суицид бойынша үшінші орынды алады. ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, өткен жылы елімізде 3805 адам өз-өзіне қол салған, оның 180-і — кәмелетке толмағандар. Демек, күніне 10 адам өзін ажалға қиған. Суицид Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында көп тіркелген.

Адам ешкімге қажетсіз екенін сезінген жағдайда өзіне қол жұмсайды

«Жасөспірімдер арасында суицид фактілері жиі тіркеледі. Себебі, қазіргі таңда ата-аналар балаларының тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмейді. Барлығы жұмысбасты болып кеткен. Негізінен, өзін-өзі өлтіру – психикалық аурудың нәтижесі. Адам ешкімге қажетсіз екенін сезінген жағдайда өзіне қол жұмсайды. Құрметті ата-аналар, балаларыңызбен сырласыңыздар, оларды қолдап, мейірім көрсетіңіздер»,- дейді психолог Малика Қанатқызы.

Жақынымызға жанашыр болып, оның жан айқайын естуге тырысайық, оқырман!

   Диана АСАН, 

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер