Мұхтар Шерім: Қоңыз теріп кетпесе...

319

Адамдар шөп жейтін болса. Қарнымыз ашқанда тау беткейлеріне жайылып кетсек. Жайыла, жайыла, кетпен тауға жетсек. Сөйтіп, қарнымыздың ашқанын нетсек... Жайылғанда, мал сияқты етпетімізден жата кетіп, күтірлетіп жей берсек.Сондағы әңгімеміз былай кетер еді.
–Менің әйелімді көрдіңіз бе?
–Жаңа арғы сайда жайылып жүрген.
–Бір өзі ме, не?
–Жоқ, қасында кластас жігіттер жайылып жүрген...
–О, оңбаған, қанша айтамын, бірге жайылайық деп, кетіп қала береді...
Бәріміз жайылатын болсақ... Министрлер шұрайлы жерлерге жайылады екен.
–Ойбай, ол жаққа барма!
–Неге?
–Минтстрлер жайылып жүр.
–Немене, қара халық адам емес пе? Шүйгін жерлерге олар жайылады, ал біз тастақ жерде жайылып жүрміз.
–Жекешелендіріп алған ғой...
Осылай болса... Қарын сонша аша қояр ма еді? Қыстық шөбімізді жинап аламыз. Престеп. Құдаларымызды шақыратын болсақ:
–Құдеке, жоңышқадан ауыз тисеңізші?
–Жоқ рахмет, силос жеп жатырмын.
–Сабанннан жасалған салат қалай?
–Керемет екен!
–Құдеке, айлығыңыз шөп сатып алуға жете ме?
–Жеткенде қандай!
Осылай, адамдар тек шөп жейтін болса...
–Қарындас, аялдамада не жеп тұрсыз?
–Шөптен жасалған перашки.
–Тауға шығып, бірге жайылып келсек қайтеді?
–Жоқ, рахмет, саябақтардағы шөпке жайылып келдім.
–Атыңыз кім?
–Жоңышқагүл,
–Менің атым Сабанбек.
–Қуаныштымын.
Осылай адамдар тек шөп жейтін болса... Әкімдер де...
–Ойбай, қаланың әкімі үкіметтен бөлінген бес тонна шөпті бір өзі жеп қойыпты!
–Қойшы?
–Ол қойшы емес, әкім ғой.
–Қойшы?
–Қойшы емес деймін! Қайдағы чабан?
–Қойшы?
–Әкім деймін, әкім, әкім.
–Өй, мен әшейін таң қалып жатырмын деймін!
Адамдар осылай тек шөп жейтін болса... Сонда деймін, айлықтарына қызықпас па еді?Айлығы нәйеті қырық мың теңге болса да, шөпке жайылып жүре берер ме еді? Ал, министрліктердегі жауапты хатшыларды президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге жолдауында неге сынап тастады? Өйткені, олардың айлықтары 800-830 мыңға дейін екен! Не деген батпан құйрық, министрліктер алдында жатқан құйрық? Енді айлықтары алты жүз мың-ақ болып, шенеуніктер қоңыз теріп кетпесе жарар еді!

Мұхтар Шерімнің қышқыл сатирасы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы