Әдебиет пен өнерге мемлекеттік сыйлық қажет пе?

3213
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда әдебиет пен өнер адамдарына  мемлекеттік сыйлық беру дәстүрге айналғаны  белгілі. Екі жыл сайын өткізіліп тұратын додада биыл да үздіктер анықталады. "Адырна" ұлттық порталының тілшісі әдебиет пен өнер адамдарынан мемсыйлық төңірегінде сауалнама жүргізді. 

"Адырна":  Мемлекеттік сыйлықтың қажеті бар ма? Оның дәрежесі қандай?  Мемлекеттік сыйлық әділетті өтіп жүр деп ойлайсыз ба?  Өнер адамдарының мемлекеттік сыйлыққа өзін-өзі ұсынғаны дұрыс па?

Мырзан Кенжебай, ҚР мәдениет қайраткері, ақын:

-Мемлекет болғаннан кейін әр мемлекеттің өзінің идеологиясы болады. Идеялогияның  ең басты құралының бірі  әдебиет пен өнер. Сондықтан әдебиет, өнер саласындағы мемлекеттік саясаттың жақсылы-жаманды құбылыстарды, істерді айтып отыратын әдебиет пен өнер керек. Соның ішінде үздік көркем әдебиет туындыларына,  өнер туындыларына мемлекеттік сыйлық беріп отыруды орынды дер едім. Соның ішінде мемлекет идеологиясының келеңсіз жағын көркем тілмен ұрмай-соқпай әдемілеп жеткізіп отырған шығармаларға, сынымен қатар жетістігін де айтатын туындыларға мемлекеттік сыйлық берген өте дұрыс.

Ауруын жасырған өледі дейді. Көп жылдан бері мемлекеттік сыйлықтың қадірі кетіп бара жатыр. Әдебиетте шалағай, түкке тұрғысыз дүниелер көбейіп кетті. Өйткені қоғам өзгерді әрі бұрынғыдай әдебиетке, өнерге деген  қамқорлық азайған. Жасыратын несі бар, әдебиетіміз әсіресе поэзиямыз күнкөріс  құралына айналып кетті. Кейбір өлең жазатындар (ақын деп айтуға ауызым бармай отыр – М.К.) әкімдерге, байларға, мемлекет басындағыларға арнап өлең шығаратын болды. Бұлардан жағымпаздықтың иісі аңқиды. Ондай адамда маған қайтсе де бір нәрсе береді деген дәмету тұрады. Шын жүректен шықпағаннан кейін әдебиеттің де, мемлекеттік сыйлықтың да құны кетеді.

Отыз жыл ішінде тәуелсіздігіміз туралы бір жақсы көркем роман не повесть жазылған жоқ. Совет кезіндегі идеология қандай еді?  І. Жансүгіров, С. Мұқанов,  Ғ. Мүсірепов, М. Әуезвтер қандай әдебиет жасады!?.  Оның бер жағында Ә. Нұрпейісовтер  бас-аяғы он бес жылдың ішінде әдебиетті керемет өркендетті. Өйткені ол кезде әдебиетке шынайы қамқорлық болды.

Мемлекеттік сыйлық әділетті өтіп жүр дегенге ауыз бармайды. Тамыр-таныстарға, мықтыларға ғана беріледі. Мемлекеттік сыйлық жөніндегі  комиссия құрамында 49 адам бар. Оның ішінде әдебиетке олжа салмаған кім болса сол мүше болып отыр. Әділетсіз өтуінің тағы бір себебі бар. Сыйлыққа ұсынылған әдеби шығармаға мүсінші де, әнші де, композитор да баға береді. Олардың әдебиетке баға беруге қандай құқығы бар? Осыдан келіп танысына дауыс беруге жол беріледі.

Мемлекеттік сыйлыққа өзін-өзі ұсыну – адамгершілікке, мәдениеттілікке жатпайтын әрекет.

 

Өмірбек Жұбаниязов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші:

-Мені бір  нәрсе таң қалдырады. Маған ренжімесін, марапат  атаулы көбіне жазушылар мен ақындарға беріліп  жатады.  Мұны өзім онша түсіне бермеймін. Әлемнің тәжірибеге  қарасаңыз,  алдыңғы шепте суретшілері жүреді. Бейнелеу өнері кенже өнер болған соң ба, біздің азаматтар бейнелеу өнеріне  бір әшекей ретінде қарайды. Бейнелеу өнері жеке өнер. Париж, Лондон, Нью-Иорк сияқты қалаларға туристер  картина көру үшін барып жатады. Ал бізде ол қиын болып тұр. Сондықтан марапатты  жазушы мен ақындарға бере берген менің ойымша дұрыс емес.

Комиссия мүшелеріне  бейнелеу өнері шеберлеріне  назар аударуын сұрар едім. Өйткені суретшілердің ұсынған материалдарын өзге сала мамандары түсіне бермейді.

 

Қанат Тілеухан, жазушы-журналист:

-Мемлекеттік сыйлық – Совет кезінен қалған дүние . Қазір декоммунизация туралы айтып (коммунизмнен арылу, дамыған отыз елге қосылу т.б.) жүрміз ғой, соны мәдениет, әдебиет саласына жасау керек. Билік өркениетті отыз елге қосыламыз деген әңгімені жиі айтады, демек сол өркениетті елдердің ұстанымына жақындау керек. Жалпы кез-келген өркениетті елде мемлекеттік сыйлық деген жоқ. Мысалы, Макрон ешкімге сыйлық бермейді. Ангела Меркель де жазушыға да, режиссерге де, суретшіге де, жалпы өнер адамына  сыйлық бермейді.  Меніңше,  сыйлықтың ең үлкені –  қоғамдық сыйлықтар (қоғамдық ұйымдардың, қорлардың сыйлықтары). Барлық дамыған елдерде,  өнерді сыйлайтын  елде,  әсіресе  мәдениетті, әдебиетті жоғары бағалайтын елдерде билік ешкімді марапаттамайды. Өнерпаздың биліктің қолынан марапат алуын  дұрыс емес деп есептеймін. Ал мемлекеттік сыйлықтың әділетті немесе әділетсіз беріледі деген әңгіме баспасөзде  көп айтылады.  Әсіресе ақын-жазушылар  дуылдатып жүреді. Марқұм Герольд Бельгер ақсақал өзінің  бір сұхбатында  мелекеттік сыйлықтың әділетсіз берілетінін, жалпы комиссияның сол бәйгеге түсіп жатқан шығармаларды оқымайтынын айтқан болатын. Біз Герағаңды әділетті айтатын кісі ретінде танимыз.

 

Аңсаған Мұстафа, суретші:

-Әдебиет пен өнер адамдарына сыйлық беріліп жатса, өнер адамдары үшін қуанарлық жай. Өнерді,  әдебиетті, тарихпен айналысатын адамдарды қолдау керек. Олар мынадай қиын-қыстау заманда өз ісінің шеберлері әрі кәсібіне адал жандар. Әйтпесе күнін көру мақсатында тек бизнеспен айналысып кетулеріне болушы еді...

Әрине сыйлық, сыйақы берген өте дұрыс. Мысалы, шетелдерде  ғылыммен айналысатын  адамдарды жасына қарамастан өте жақсы қолдайды. Олар не ішем, не жеймін деп тентіреп жүріп кетпей, ғылымға бөлінген  ақшасын алып, көптеген  жетістіктерге  жетіп жатады. Бізде химия, биология саласы әлсіз. Егер шетелдердегідей  лобораториялар болып,  қаржыландырылып тұрса бізде елдің ел де алға қарай шығушы еді деп ойлаймын.

Өнер адамдарының сыйлыққа  өзін-өзі  ұсынғаны мүмкін дұрыс та шығар.  Өйткені өнер адамы болғаннан кейін олар ешқандай да партияға кірмейді. Өздерімен өздері сүйікті ісімен айналысып жүреді. Жыл сайынғы сыйлықты 4-5 адам мен оның туыстары немесе тағы да бірдеңесі алып жататын болса, онда ол әділетсіз.

Қанат Ескендір, сатирик:

-1. Әдебиет пен өнерді қолдау үшін ғана емес, мұндай ынталандыру шарасы сыйлық түрінде де, басқалай формада  да адамзат өркениетін  ілгері бастыру үшін аса қажет. Және бұл әрекет әрбір дамушы елдің бағыт-бағдарын білдіретін стимул ретінде де қабылданады.

2.Мемлекеттік сыйлықтың дәрежесі, аты айтып тұрғандай, бір елдің рухани-экономикалық ахуалын паш етіп тұруы тиіс. Яғни миын сығып, көзмайын тауыса жазған ақын-жазушы мен жанкешті өнер адамының сан жылғы рухани еңбегінің бодауы болғаны жөн . Бір сөзбен айтсақ, атына заты сай, мәртебелі де материалды ірі сыйлық болуы керек.

3.Біздегі мемлекеттік сыйлықтың әділ тағайындалатынына күмән зор. Бір марапат үшін бір жүрген идеялас қаламгерлердің қырғиқабақ боп қалатын да кездері бар. Дауысқа салар комиссия мүшелері, министрліктегі етпі кісілер қолға түспей ... несін айтасыз, бізде шүлен таратар кезде кішігірім аламан боп, адам салу, саудаласу, анттасу-жандасу деген нәрсенің балалап кететіні рас. Сол көріністер аталмыш сыйлықты абыройсыз етіп-ақ бітірді...

4.Жалпы, шығармашылық адамы өзін өнер үшін өлімге ғана ұсынуы керек деп есептеймін. Бір сыйлық үшін, бір салпыншақ пен атақ-даңқ үшін өзін-өзі ұсыну – қоғамдағы іштарлық пен сатқындықты, жалпы халықтың руханияттан алшақ екенін, биліктің өресінің келтелілігін, ұлт руханиятынан хабарсыздығын көрсетсе керек. Лайықты тұлғаны тым құрығанда жанкүйер топ (фан-клуб – Қ.Е.) ұсынғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Өзін-өзі ұсыну – шығармашылық адамының танымалдылығы мен туындысының мойындалғанына сын секілді көрінеді де тұрады.

Дайындаған: Гүлвира Асқарқызы,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер