«Бір апта өтсе де сабақ басталмады" деп шағымданады «Астана» университеті студенттері

1816
Adyrna.kz Telegram

Дүйсенбі күні "Астана" университетінің бір топ студенті жиналып, "оқу орны оқу процесін дұрыс ұйымдастырмай отыр" деп шағымданды. Студенттердің айтуынша, жаңа оқу жылы басталғалы бері сабақ болмаған, мұғалімдер де келмеген деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Азаттық» радиосына сілтеме жасап.

- Мұғалім жоқ, оқу қашан басталатынын білмейміз, университеттің телефондарына ешкім жауап бермейді. Бірақ кейбір студенттерге хабарласып, "оқу ақысын төлеңдер" деп жатыр. Университет жұмыс істей ма, жоқ па, оқу қашан басталады, білмейміз. Бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Осыны білмей қаржыны қалай береміз?! - дейді биыл төртінші курсқа өткен студент Зарина Ахметова.

Студенттер биыл ақпан айынан бастап "университеттің лицензиясынан айрылатыны, оқу орны жабылатыны" туралы сыбыс естіген, бірақ соңғы семестрді ойдағыдай аяқтаған. Университеттің ресми сайтында 11-13 тамыз аралығында оқу орнының аккредитациядан өтетіні туралы жазылған, бірақ оның нәтижесі туралы ақпарат жоқ.

7 қыркүйек күні ақпарат құралдары оқу орны ғимаратына келген кезде университеттің бас корпусы жабық болып тұрды. Өзін университеттің өкілімін деп таныстырған Алмас Халелов есімді қызметкер "сабақ 10 қыркүйек басталады" деп хабарлады.

- Университет 11-13 тамыз аралығында аккредитациядан өтті, 28 тамыздан бастап түлектер дипломдарын алып жатыр. Оқу 10 қыркүйекте басталады. Қазір пандемияға байланысты көптеген оқытушылар ауырып қалды, біреуі қайтыс болды. Қазір оқытушылар айығып жатыр, оқу процесі толық қалпына келеді, - деді Алмас Халелов студенттер мен ақпарат құралдарына.

Дәл осы күні білім және ғылым министрлігінің мәселені зерттеу үшін жұмыс тобы құрғаны белгілі болды.

- Қазір тексеруді бастауға университетке келіп отырмыз. Бірақ не басшысы, не басқа мамандары да жоқ. Кадр бөлімі олардың қайда екенін білмейміз деді. Бұл жерде бітірген студенттердің арасында дипломдарын ала-алмай қалғандары да бар. Мұның барлығы өтірік болса, басшысы алдымызға шығып, түсіндіруі керек еді. Егер бұл кемшілік расталса, университеттің лицензиясын уақытша тоқтатуымыз мүмкін, – деді 7 қыркүйекте министрлік өкілі Ғалымжан Жұмашев.

Былтыр тамыз айында білім және ғылым министрлігі оқу орнының бірқатар талаптарды орындамай отырғанын (университетке қабылдау, ауыстыру, студенттерді оқуға қайта алу, емтихан өткізу ережелерін т.б.) алға тартып, университеттің лицензиясы уақытша тоқтағанын, 1 қыркүйекке дейін кемшіліктерді толтыруға уақыт бергенін хабарлаған еді.

"Астана" университетінде шамамен 3 мыңнан астам студент оқиды.

Қазақстанда пандемияға байланысты жоғары оқу орын студенттері қашықтан оқып жатыр. Тек зертхана, өнеркәсіпте тәжірибе жасайтын кейбір мамандықтар мен бағыттар бойынша оқитын студенттер үшін ерекшеліктер болуы мүмкін.

Пікірлер