Мұхтар Шерім. Құдайға шүкір!

3285
Adyrna.kz Telegram

Құдайға шүкір, елімізде сыбайлас жемқорлық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жемейтіндер жер астында деген ұранмен қаруланған, ауыздары алты қарыс жемқорлар еліміздің мақтанышы.
Біз жемқорларымызмен мақтана аламыз. Оларды бекер соттап жатырмыз. Мықтыларына Астана мен Алматыда ерекшелетіп ескерткіш орнатуымыз керек. Тіпті, кейбіріне Шымкенттен, не Тараздан немесе Астанадан көше берсе де жарасады.
Құдайға шүкір дейік, жемқорларымыз жоқ болса қайтер едік? Құдай жоқтан сақтасын! Жемқорларымыз болмаса, қалай кедейленіп кетер едік? Бай мен кедейді ажырата алмайтын жағдайға душар болар едік қой? Масқара болған деген сол болар еді! Жемқор шенеуніктерімізден айналайық! Оларға алғыс хат жариялап, құрметтемесек, отыз елдің қатарына қалай кіреміз? Экономикамыз қалай дамиды? Жемқорлық - індет деп жатады. Оларды олай қорламау керек! Жемқорлық жасасын, жемқорлықты өркендетіп, қосымша инвестициялар тарту керек. Шетел жемқорларын дегендей. Тіпті, жемқорлар қорын ұйымдастырсақ? Арнайы қордан жеп отыратын. «Атауыңды жегірлер» деп қарғай бермеу керекпіз. Ас... Жооқ, жемқорлық - адамның арқауы. Жақында ғана қорғаныс министрлігінің жеті лауазымды шенеунігі сотталып, көсегеміз көгеріп қалды. Түрлі-түсті болып. Мұндай оқиға шетелде болып көріп пе? Тек біздің елде ғана - осындай! Мұны үлгі етуіміз керек! Жетеуіне жеті орден берсек те, тақиямызға тарлық етпейді. Түрмеге тоғытпай, құдалықтарға шақыру керек. Астыларына - тай, ауыздарына - пісте май.
Сыбайлас жемқрлыққа қарсы күрес департаменттері дейміз. Олар неге боз кілемге шығып, күресе береді? Мұндай спортты доғарайық. Өйткені, олар күресе, күресе шаршап, өздері де жегіштер қатарына қосылды.
Бүгінде білім саласындағы жемқорлар жарқырап көрініп келеді. Құдайға шүкір. Жастарымызды осындай жемқорлыққа баулу үшін университеттерде «Жалмауыздар» факультетін ашып, онда жемқор профессорлар дәріс берсе, неткен қуаныш!
Құрылыс саласындағы жемқорлықты да дамыта түсу керек. Тендер деген жеңдер деген қағиданың салаларын дамыта берсек, үйлеріміз құлап, адамдар сұлап, бақытты өмір сүрер едік. Парақорлықты демократияландырсақ қайтеді? Неге жасырын береді, жасырын алады? Арнайы парақорлық дүңгіршектерін неге ұйымдастырмасқа? Немесе, парқорлар кофе ішіп отырып, беретіңін беріп дегендей... Керек болса, пара бергенін нотариус арқылы заңдастырып алу керек қой? Мысалы, былай: «Мен Құлқынбаев Жегішбай, Бергішбай Алағановтан жүз миллион теңгені пара ретінде алғанымды растаймын. Параны отбасымды асырай алмағандықтан, миллионерлер қатарына қосылу үшін алғанмын. Басқа бөтен мақсатқа алсам, аузыма алты жүз шыбын кіріп кетсін, тісімнің арасында ет қалып, шіріп кетсін!» дегендей. Жаса, жемқорлық, құдайға шүкір, жемқорлық пәлекет дегендерің жерге түкір!

Мұхтар Шерімнің қышқыл сатирасы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер