Заң бұзған адам жайлы орында отыра бере ме?!

3476
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылдың 3 маусымында «Адырна» ұлттық порталы «Нефедова ханым пәтерін неше теңгеге жекешелендірді?!» атты мақала жариялаған еді. Осы тұста Нефедова ханымның мемлекеттік қызметшінің келбетіне қайшы іс-әрекетіне әу баста павлодарлық және екібастұздық жұртшылық назарын аударған осы мақала екенін атап өткіміз келеді.

Мақала шыға салысымен, тұп-тура сол 3 маусым күні порталымызда Екібастұз қаласының әкімдігінен түскен терістеме хат жарқ етті. Онда былай делінген:

«Ресми жауап: Нефедова ханымның пәтері жекешелендірілмеген. 2020 жылғы 3 маусым күні Асуан Тайжан авторлығымен шыққан «Нефедова ханым пәтерін неше теңгеге жекешелендірді?» атты жарияланымда Н.В.Нефедованың ар-намысына, абыройына және іскерлік беделіне кір келтіретін әрі дәйексіз ақпарат берілген. «БАҚ туралы» ҚР Заңының 19 бабына, сонымен қатар ҚР ҚК 13 бабына сәйкес, төмендегідей терістемені жариялауыңызды сұраймыз: Қала әкімінің орынбасары Н.В.Нефедова шынымен де Қ.Сәтбаев ат. ЕИТИ-да қосымша жұмыс жүргізеді. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының 13 б. 1 т. 2 т. сәйкес, мемлекеттік қызметші төленетін педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға құқылы. Сол себепті де, оның аталған жоғарғы оқу орнындағы жұмысы қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтінін жеткіземіз. Бұған қоса, ғылыми дәрежесі бар Н.В.Нефедова РhD докторы болып табылып, студенттерге қашықтықтан білім беру технологияларын қолданумен 8 сағат дәріс береді. Тұрғын үй сұрағына қатысты. Н.В.Нефедова осы қызметке тағайындалғанға дейін Павлодар қаласында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы лауазымында болған. Қызмет бабымен Екібастұз қаласына көшіп келуіне байланысты, 28.08.19 ж. №29 Жалдау шартына сәйкес, В.Нефедоваға мемлекеттік қызметтік тұрғын үй қорынан пәтер берілді. Бұл пәтер болса, жекешелендірілмеген.

Қала әкімінің орынбасары қызметіндегі екі жылы ішінде Н.В.Нефедованың еңбекке жарамсыздық парағы да жоқ, тәртіптік жазаға да тартылмаған. Әлеуметтік салаға тиесілі Екібастұз өңіріндегі барлық жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді».

Осыдан соң біз «Адырна» ұлттық порталында «Нефедова ханымның қай жұмысы сәтті?» деген мақала жариялап, онда Нефедова ханым басқарған тұста жастар саясатымен айналысатын облыстық басқарма қызметкерінің парамен ұсталғаны жайына да тоқталып өткенбіз.

«Адырнаға» Екібастұз қаласы әкімдігінен келген терістеме хатта тағы да мынадай мәтін болған еді: «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, терістемені жариялауыңызды сұраймыз. Терістемені жариялаудан бас тартылса, Н.В.Нефедова заңды мүддесін қорғау үшін сотқа және ҚР құқық қорғау органдарына хабарласу құқығын өзіне қалдырады».

Порталды сотпен қорқытқанда, Екібастұз қаласының әкімдігі ең болмаса істің анық-қанығына жетіп алса етті?! Баспасөз қызметіне мұндай терістемені жаздыртқан, әрине, Нефедованың өзі екеніне дау жоқ. Жазғанда ең болмаса құқық қорғау органы туралы ойланып жазбағаны елдің бәрін ақымақ көргені болып тұр ғой!

Енді, міне, «Адырна» жазған жайттың жалған еместігін құқық қорғаушылардың өз ауыздарынан да естіп жатырмыз.

24 тамыз күні бұл туралы КазТАГ мынадай ақпарын жария етті: «Заместитель акима Экибастуза ради приватизации жилья прописала в служебной квартире россиянина. «В ходе внешнего анализа коррупционных рисков распределения служебного жилья установлены нарушения в Экибастузе. Заместитель акима города Экибастуза по социальным вопросам с целью получения служебного жилья большей площадью и дальнейшей ее приватизации прописала в нем своего отца – гражданина Российской Федерации. Факт был совершен в этом году», - сообщил в понедельник руководитель департамента агентства по противодействию коррупции по Павлодарской области Айдар Тастемиров».

Ал енді қазақ сайттары бір ауыз сын жазса, ер-тоқымын бауырына алып тулай кететін Екібастұз қаласының әкімдігі бұған неғып үндемей отыр екен? Әлде әкімнің баспасөз қызметі қазақтілді порталдарға ғана мықты ма?!

Назар аударсақ, мәтінде «с целью дальнейшей приватизацией» деген тіркес бар. Яғни, құзырлы органдар тергеу кезінде Нефедованың қалай болғанда да пәтерді жекешелендірмек болғанын анықтаған! Қазақстанның заңын аяқтасты етіп, Ресей азаматы болып табылатын әкесін тіркеуге қойғаны – тіпті жеке талқылайтын тақырып!

Ал әзірге пәтер мәселесіне алып-қосарымыз: OLX хабарландырулар сайтынан Нефедова ханымның сатуға қойған жиһаз-бұйымдарын көзіміз шалғанын айтпай кетуге болмас. Хабарландыру соңында Нефедова ханымның байланыс телефоны көрсетілген. Сайтта жария етілген суреттерден байқағанымыз, жиһаздың бәрі сатылу уақытынан алты ай бұрын ғана сатып алыныпты. Сондай-ақ, пәтерде жүргізілген жөндеу жұмыстары да өте сапалы. Бәлкім, иесі баспананың өзінде қалатынына біржола сенімді болып, жөндеу жүргізген болар? Әйтпесе қызметтік пәтердің олайша үлде мен бүлдеге бөленіп тұрғанын кім көрген? Айтпақшы, Нефедованың жиһазының бірін арзандатылған бағаға «нұротандық» қызметкерлердің бірі сатып алыпты деп жүр жұрт. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегенді білмейтін біреу болар деп топшыладық. Ал қалған жиһазды сатумен «экс-замәкімнің» депутат құрбысы айналысып кетіпті. Бір кезде дүрілдеп тұрған құрбысының қолдауымен алған наградаларын ақтайын дегені болса керек.

Жарайды, Нефедованың бойын ашкөздік биледі делік. Ал сонда осы пәтердің иесі болып табылатын Екібастұз қаласы қаржы бөлімінің басшысы Әлия Қажыбекова қайда қараған? Екі бөлмелі пәтерді жекешелендіруге ұмтылған мемқызметкердің жетегінде кеткені оның да сыбайлас жемқорлыққа жол бере жаздағанын білдіреді емес пе? Осыдан соң неге ондай адамдар тұтас бір қаланың қаржы мекемесін басқарып отыра бермек?!

Ендігі айтарымыз, Қазақстанның заңнамасын белінен басқан Нефедова ханым қазір түк болмағандай, тып-тыныш облыс әкімдігінің арыз-шағымдар бөлімін басқарып отыр екен. Сонда облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Нефедованың не бүлдіріп келгенін білмей ме? Маңайындағылай айтпай ма? Жемқорлық жасай жаздаған адамға білдей бір бөлім тізгінін ұстатқан аймақ басшысының не ойы бар? Осыны білгіміз келеді!

Асуан ТАЙЖАН,

Павлодар облысы

Пікірлер