Азаматтарымыз БАӘ-де өлім жазасына кесілген жағдайда билік көмектесе алмайды

1753

Азаматтарымыз БАӘ-де өлім жазасына кесілген жағдайда билік  көмектесе алмайды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев  айтты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап.

2 қыркүйекте парламенттің төменгі палатасы Біріккен Араб Әмірлігінде сотталған азаматтарды елге қайтару жөніндегі келісімді ратификациялау мәселесін талқылады.

Кездесу барысында депутаттар бас прокурор орынбасарынан азаматтарымыз БАӘ-де өлім жазасына кесілген жағдайда оларды елге ауыстыру қалай жүзеге асырылатынын сұрады.

Келісім Қазақстан азаматына жазбаша өтініш жазу арқылы елшілікке жүгінуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда Қазақстан өз азаматын елге қайтара алады. Билік жазаланушыға Әмірлік соты шығарған үкімді тағайындауға міндеттенеді. Мысалы, егер БАӘ соты Қазақстан азаматын 15 жылға бас бостандығынан айырса, еліміздің соты да оны осы мерзімге соттауы тиіс.

«Егер елімізде өлім жазасы қарастырылмаған болса, онда біз жазаланушыны қылмысын өтеу үшін елге әкеле алмаймыз. Бұл жағдайда біз оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартамыз»,- деді Бас прокурордың орынбасары.

Депутаттар өз кезегінде Дембаевтан мән-жайды толық түсіндіруді сұрады.

- «Сіз қазір «бас тартамыз», «қалады» деп оңай айтып отырсыз. Бұл біздің азаматтың тағдыры! Сізді қазір бүкіл ел естіп отыр. БАӘ - қазақстандықтар жиі баратын мемлекет. Өмір - бұл өмір. Бірақ кенеттен бір нәрсе болып қалды делік. Сол кезде біздің азаматтың тағдыры не болатынын түсінуіміз қажет. «Бізде өлім жазасы жоқ, ол қалады» дейсіз. Егер солай болса, біз ойланып, келісімді қайта қарастыруымыз керек», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі елімізде өлім жазасын тағайындау жағдайлары болмағанын атап өтті. Алайда, мұндай жағдай басқа елдерде болған.

«Кейбір Еуропа елдері Әмірліктің билік органдарына жүгінді, алайда олардың өтініші қарастырылмады. Өйткені, бұл елдерде өлім жазасы жоқ. Осы тәжірибеге сүйенсек, бізде де осындай жағдай қайталанатын шығар, - деп түсіндірді Сыртқы істер министрлігінің қызметкері.

Дембаевтың айтуынша, мұндай келісімдер оң нәтиже береді.  2019 жылы Қазақстан 104 азаматты басқа елге жіберді, нәтижесінде бюджет үнемделді. Ал 28 азамат елге оралды. Биыл Қазақстан 21 сотталушыны еліне жіберіп, 10 отандасымызды Қазақстанға қайтарып алды.

- «Сіз тек сандарды келтіріп, оларды үлкен жетістік ретінде көрсетіп отырсыз. 104 азаматты жіберіп, 28 отандасымызды қайтардық. Өзге елдер үшін жұмыс істейтін мұндай келісімшарттар бізге не үшін қажет? Біз, сайып келгенде, азаматтарымыздың елге оралуына кепілдік беретін келісімдер жасауымыз керек. Олар жазалансын және жазаларын осы жерде өтесін. Келісімдерге қол қойған кезде сіздің басты мақсатыңыз осындай болуы керек», - деп қорытындылады Нұрлан Нығматулин.

Бұған дейін БАӘ-де бес қазақстандықтың абайсызда кісі өлтіргені және ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқандығы хабарланған болатын. Есірткі мен психотроптық заттарды сатқаны үшін тағы бір әйел жазасын өтеуде.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы