Түтінге тұншыққан тұрғындар

1000

Шайқорық ауылының тұрғындары түтіннен көз ашар емес. Сенделген жұрт басшылықтың есігін талай тоздырғанын айтады. Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылының тұрғындары химиялық қалдықтардан зардап шегуде. Казфосфат зауытынан шыққан қалдықтар қазіргі таңда 9 миллион тоннаға жетті. Ауыл маңындағы канализацияның күлімсі иісі де тұрғындарды қажытып бітті. Бұл бойынша қандай шаралар атқарылу керек?

“Алтай астым,

Алатауда түледім,

Сарыарқаға салдым жырдың түренін” деген екен дауылпаз ақын Дәулеткерей Кәпұлы. Жамбыл ассаңыз Шайқорық ауылы маңында үлкен “тауға” тап боласыз. Иә, қателескен жоқсыз. Кәдімгі тау болып үйілген химиялық қалдықтар. Жаңа экологиялық кодекс бойынша өнеркәсіп орындары қаладан 100 км қашықтықта орналасу керек. Ал Шайқорық ауылының дәл маңында орналасқан қалдықтар бұл талаптарға мүлде сай емес.

Нұршакүл САПАРБАЕВА, ауыл тұрғыны.

Жел тұрса ауылымызды түгел шаң басады. Сыртқа шығып ауа жұту мүмкін болмайды. Жел болған күні балаларымызды үйде ұстауға тырысамыз. Химиялық заттың шаңы болған соң денсаулығымызға да кері әсерін тигізе ме деп қорқамыз.

Химиялық қалдықтар өз алдына ауыл маңында жиналған кәріз су жүйесі де өз деңгейінде жұмыс жасамай тұр. Қаладан келетін қалдық су беті ашық күйде сақталады. Бұдан келетін лас ауа ауыл тұрғындарын титықтатып бітті. Экологиялық ахуал қалай шешілмек? Бұдан шығудың жолдары қандай?

Эколог маман:

Тұрғындардың денсаулығы басты орында. Бірақ зауыт басшылығы мұны ескермейді. Бұл экологиялық проблемаларды шешудің мынадай жолдары бар. Зауыттарды қайта құру деген болады. Мысалы, фосфор мен гипс Казфосфат зауытына Қаратаудан әкелінеді. Өндірісті тікелей шахта жанынан ашса, қоршаған ортаға да зиян тимес еді. Екіншіден, ауыл сыртындағы кәріз жүйесі ескі құбырымен жабдықталған. Ол жерге жаңа септиктер орнатып, суды қайта өңдеуден өткізе алатындай жағдай жасау керек.

Зауыттардың мойнында қоғамдық жауапкершілік бар. Маманның айтуынша, қалдықтардың әсерінен өкпесі, тісі зақымданған халыққа жағдай жасалу керек. Мысалы, Шайқорық ауылының тозығы жеткен емханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2 қабатты емделу орталығына кейде халық та сыймай жатады. Сондықтан тұрғындар ауылға жаңа аурухана салу мәселесін жоспарға қойса екен дейді.

Зауыт басшылары экологиялық салық  бойынша 1,5 миллиард теңге төлейді.   Мамандардың айтуынша, қаржы тиісті орынға жұмсалмайды. Мәселен, сол қалдықтарды қайта өңдеу, алдын алу жұмыстарын жүргізудің орнына, әлеуметтік мәселелерге жұмсап жатыр. Денсаулығына алаңдаған жұрт лауазымды органдардан көмек күтуде.

 

Аяулым Әбілда,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы