ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың бір ғана тамыз айында ұл балаларға: Нұрислам (123), Ибраһим (103), Расул (78), Ислам (77), Мухаммад (73), ал қыз балаларға: Раяна (478), Медина (437), Айша (398), Амина (284), Кәусар (210) сынды ислам дініне негізделген аттар қойылған. Неліктен қазақы есімдер емес, ислам дініне негізделген аттар көбейіп барады, бұл үрдіс ұлттық болмысымызға кері әсерін тигізбей ме?
Қазақ тіліндегі жалқы есімдерді зерттеген көрнекті ғалым Телғожа ЖАНҰЗАҚОВ: «Кісі есімдері өзін қоршаған әлеуметтік қоғаммен тығыз байланысты», - деген екен. Ғалым ХV-XVIII ғасырлардан бастап-ақ қазақ халқы балаға діни есімдер қоя бастағанын да айтқан. Бірақ ол заманда ат қоюдың мәні бөлек еді де, бүгінгі ат қоюдың мәні мүлде бөлек.
Біздің еліміз балаға араб тіліндегі есімдерді бергенде, екі түрлі мазмұнға сүйеніп келген: біріншісі – ислам дінімен байланысты жалқы есімдерге негізделеді: «Алланың 99 есімі», сондай-ақ пайғамбарлар мен сахабалардың, олардың ұрпақтары мен әйелдерінің құрметіне қойылады. Ал екіншісі – жалпы есімдер. Соңғы кездері қазақ ат қоюда осының біріншісіне көбірек жүгінуде. Мұны бір топ тәуелсіздігімізді алып, халықтың ислам дінімен сағына қауышуымен түсіндірсе, екінші топ түрлі ағымның жетегінде кетіп, көкірек көзінің ашық еместігінен, түрлі қасаң қағидаларға бағынып қалатынымен де түсіндіріп жатады.
«Пайғамбарымыздың есімін келеке етіп жатқандай көрінеді»
Бұрынғылар азан шақырып, пайғамбар (Ибраһим-Абай) немесе айтулы тұлғаның есімін тікелей атамаса, бүгінгілер атын олай «бұрмалауды» құп көрмейтін жайлар да кездеседі. Мәселен түркістандық Замира МЕРГЕНБАЙҚЫЗЫ (үй шаруасында) жары екеуі бірдей намазға жығылып, Алла алдындағы құлшылығын бұлжытпай орындауға тырысып жүргенін айта келіп: «Менің ұлымның азан шақырып қойған аты «Мұхаммед», бірақ ата-әжесі, басқа да үлкендер «Мұқаш», «Мұқатай» деп жатады. Баламды осылай атағанда, іштей жаман күйде боламын. Әкесі балама бұл есімді қойғанда, Алланың елшісі, пайғамбарымыз с.ғ.с-нің құрметіне қойған еді. Ал, үлкендер жағы, әлгіндей, баламның атын бұрмалап айтқанда, пайғамбарымыздың есімін келеке етіп жатқандай көрінеді», - дейді.
«Есімім ислам дініне негізделсе де, мен мұсылман емеспін»
Өскемендік Самат ТАЛҒАТҰЛЫНА (сауда өкілі) ата-анасы Алланың 99 есімінің бірін ырымдап қойған екен. Әйтсе де, Самат өсе келе өзінің дінге деген көзқарасының өзгергені жайлы: «Ата-анам мен дүниеге келгенде, арнайы ырымдап «Самат» деген есім берген. Араб тілінен аударғандағы мағынасы – «мәңгілік, қолбасшы». Балаларының дұрыс, түзу жолмен жүрсін деген ниетінен туған шығар, сұрамаппын. Тек атымның мәні жайлы өсе келе өзім іздеп тауып алдым. Және уақыт өте менің де дінге, исламға деген көзқарасым өзгере бастады. Әртүрлі ғылыми еңбектер қарадым, айналамдағы, жалпы қоғамдағы жағдайларды сараптай келе, ешқандай дінге тәуелді болғым келмеді. Есімім ислам дініне негізделсе де, мен мұсылман емеспін. Агностпын. Мен өз жолымды өзім таңдадым.Бірақ әртүрлі дін өкілдеріне, олардың түсініктеріне сый-құрметпен қараймын. Радикал бағыт болмаса, адам баласына зияны тимесе болды. Сосын қазақы пайым-түсінігімізге, ұлттық ерекшеліктерімізге сызат түсірмесе екен. Сол секілді тілімізді де құртпаса. Әйтпесе, соңғы кездері «машаллах», «иншаллах», «субханналах» деген сөздерді ести-ести құлақ та үйреніп барады. Ол дұрыс емес қой. Әлде, солай сөйлесе, «Алланың ерекше рахымына бөлене қала ма?», - деп пікірін білдіреді.
Жалпы, ислам дініне негізделген есімдерге қатысты қоғамның пікірі екіге жарылған. Біз пікір сұраған жандар да бірі қостап, әбестік көрмейтінін айтса, екіншісі арабша есімдерге түбегейлі қарсы екендігін білдірді.
«Мағынасыз есім қойғанша, араб-парсы тіліндегі мағыналы ат қойған дұрыс»
Әлібек Байбол (фото ашық дереккөзден алынды)
Әлібек БАЙБОЛ (драматург, әдебиеттанушы, жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі). Арабша-мұсылманша есім қоюға қарсы емеспін. Мағынасыз есім қойғанша, араб-парсы тіліндегі мағыналы ат қойған дұрыс деп ойлаймын. Бір кездері Азиадаға, саммитке, дағдарысқа байланысты есімдер көбейіп кетті ғой. Ал есім адамға қызмет етуі керек. Әрі адам есімінің космологиялық мәні де бар. Алла да ризық-несібеңізді есіміңізге қарай береді. Егер дұрыс есім берілмесе, өмірде жолы болмай, тағдыры да соған сәйкес болуы немесе жаратушының жіберген несібесі иесін таппауы да мүмкін.
Егер ұлы ақынымыз Абайдың шығармаларына назар аударсақ, араб-парсы сөздерін көп көреміз. Абай сол арқылы қазақ лексиконын байытты. Сол себептен мұнда тұрған ештеңе жоқ деген ойдамын.
Өзім үш қыздың әкесімін. Тұңғышымды – Іңкәр, одан кейінгісін – Жасмин, кішкентайымызды – Раяна деп атадық. Бірі – қазақы есім болса, екіншісі – арабша «Әр-Раян» жұмақтың бір қақпасы деген мағынаны білдіретінінен бәрі хабардар болса керек. Иә, білем, соңғы жылдары өте көп қойылған есім. Біз трендке ілесіп, сән қуып емес, келіншегіме осылай есім қою жайлы аян берілгендіктен осылай атағанды жөн көрдік.
Жалпы, ат қою әркімнің өз еркінде, десе де мән-мағынаға мән берсе деймін.
«Мен үшін Арлан есімі Ахмедке қарағанда жақынырақ»
Айнұр Исаева (фото фейсбук парақшасынан алынды)
Айнұр ИСАЕВА (журналист): «Әр ұлт дараланып тұруы тиіс. Аты мен заты, түсінігі, өмірлік қағидасы барі-барі басқадан өзгеше болғанда оның кім екенін, қай ұлттың өкілі екенін айнытпай білетін боламыз. Мәселен, Иван десе, славян елінің азаматы деп білеміз. Сол секілді қазақтың да есімі ұлтын анықтағаны абзал деп білемін. Мен үшін ұлттың мүддесі, діннің мүддесінен жоғары (құдай мен дінді шатастырмауыңызды сұраймын). Мен үшін Арлан есімі Ахмедке қарағанда жақынырақ. Әрине, қазақта араб, парсы тілінен енген есімдер көп. Олар әбден қазақыланып та кеткен. Десе де, түбіміз түркі халқымыз. Сол себептен терең мағыналы өз есімдерімізден қашпайық».
Есім қою әркімнің өз еншісіндегі дүние. Кім де болса, оқығаны мен тоқығанына, көргені мен түйгеніне қарап ат қояр. Әйтсе де... Қаперге алар дүние көп. Жоғарыдағы пікірлер ой түйіп, таңдау жасауыңызға түрткі болар.
Фото ашық дереккөзден алынды
Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы