Баланы мектепке жіберсек, не болады? Үйде оқытсақ, не болады?

3356
Adyrna.kz Telegram

Қыркүйек айы жақындаған сайын ата-анадан да, ұстаздардан да маза кете бастағандай. Биылғы жаңа оқу жылы қалай болмақ? Үйде отырып білім ала ма оқушылар, әлде мектепке барып сабағын оқи ма? Үйде отырса, оны кім оқытады, қалай оқытады? Мектепке барса, қауіпті вирус қынадай қырмай ма? Осындай сұрақтар оқушысы бар әркімді де мазалауда. Осыған орай бір мәселеге қатысты бірнеше пікірді қатар беруді жөн санадық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕН, журналист: «Мен балаларымды мектепке жібермеймін! Індет әлі басылған жоқ. Адамдар әлі өліп жатыр. «Мұғалімдер оқытсын, үйде оқытпаймыз» деп жүргендер - қандай ата-ана? Нервісі жетпейді екен деп, басқалар балаларының басын қатерге тігуі керек пе? Кеше бір әйел: «Балам 1-сыныпқа барады, мұғалім үйреткені дұрыс қой», - депті. Сонда әріп таныту, қосу-алуды үйретуге жетпейтін нағылған жүйке ол? Балалар дистанция сақтамайды, қол жумайды, антисептикті пайдаланбайды, гигиенаны да сақтамайды. Өйткені олар - БАЛА. Оларды көз алдыңда ұстаған қауіпсіз ғой. Мектептен жұқтырып келіп, үйдегі үлкендерді ауыртуы мүмкін. Коронавирустың сырын әлі ешкім білмейді. Бір рет ауырған адам бірнеше рет ауыруы мүмкін деп жатыр. Күні кеше ғана Facebook беті көңіл айтуға толып кетті. Өлім-жітім көбейді. Неге? Өйткені індет - өте қауіпті. Сақтану керек. ҚР Білім министрлігінің мектептер мен ЖОО-ларда жыл соңына дейін қашықтан оқытуға қатысты шешімін қолдаймын. Министрлік балалардың ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдердің тағдырына алаңдағандықтан осындай қадамға барып отыр. Егер ауылдарда Интернет жоқ болса, оған Білім министрлігі кінәлі емес!

Нұрдәулет НҰРӘДІЛ: «Құрметті министр мырза, қоғамның белсенді мүшелері!

1-сыныпты «онлайн оқыту» деген барып тұрған абсурд! Ата-ана болып балам бірінші сынып табалдырығын аттайды деп қуанып жүр едім. Сөйтсем, сыныпта 40 баладан оқиды екен, оған да көндім. Енді «Онлайн оқу» дегеніне мүлдем келісе алмаймын!

Әріпті таяқ деп танымайтын балаға онлайн не үйретуге болады? Сыныпта отырып мұғалім тәлімін алмаса баланың түп тамырына, білім қазығына балта шабу емей, немене?!

Біздегі әлеуметтік жағдай әр түрлі екенін ескеру керекпіз. Егер бұлай жасайтын болсақ, үйінде 3-4 баласы бар адамдар мен жұмыс істейтін ата- ананың балалары мүлдем сауатсыз болып шығады. Қанша жерден тәртіп жарғысын жазып әуре болғандарыңызбен біреудің үйіне оны орната да, толық орындата да алмайсыздар.

Егер онлайн қалдырсаңыздар, біз ата-аналар балаларымызды жасырын топтарға, ақылы мектептерге беруге мәжбүр боламыз. Сіздер оған еш қарсылық көрсете алмайсыздар. Ондай кезде карантин жайында қалары анық.

Мен барлық карантин шараларын толық әрі қатаң сақтай отырып БРІНШІ СЫНЫПТАРДЫ АШУДЫ СҰРАЙМЫН.

P.s. Мынау біз баратын мектептің жаднамасы. Көп баласы бар үйде бұл талапты сақтау қиын деп ойлаймын».

 

Айгүл КӘДІРБЕК, мұғалім (аты жөні өз сұрауымен өзгертіліп алынды): «Ата- аналардың уайымы орынды. Екі жағдайда да баласының ертеңіне алаңдаулы ата-ананың үнін естисіз. Алайда бұл жерде үшінші бір мәселе бар. Ол баланың сапалы білімі дер едім. Мынадай жағдайда сапалы білім туралы ойлау мүмкін емес. Онлайн оқыту туралы курстар оқытылып басталды мұғалімдерге. Шынымды айтайын ба? Бәрі далбаса! Курсты үш күн оқыдық. Оқытушылар өздері түсінетін шығар не айтып отырғанын, ал жеке өзім түк те түсінбедім. Қазіргі заман техникасының тілін бір кісідей білетін, компьютердің бірнеше бағдарламасында еркін жұмыс істейтін мен әлгі курстан ештеңе түсінбедім. Ал техника тілін білмейтін мұғалімдер ше, олар қайтеді? Сайып келгенде, бүкіл мұғалімге «курстан өтті» деген сертификат беріледі, іс бітті, есепке мөр басылды. Алдағы оқу жылы сауатсыздардың санын еселеп көбейтіп, ел ертеңіне балта шабуға жол ашатын жыл деп қорқамын. Шындап келгенде, бәріміз көктемдегі сияқты ватсаппен тапсырма беріп, сабақ оқытқан боламыз, болды. Мектепке барып, кезекші сыныпта оқиды деген де бос сөз. Неге десеңіз, бір сыныпқа бірнеше рет уақытқа бөліп сабақ өткен мұғалім темірден жаралмаған ғой. Сүрліге шаршайды. Ал шаршаған адамнан қандай сапалы білім талап етесіз? Қорыта айтқанда, онсыз да қожыраған білім саласы алдағы уақытта адам аяйтын жағдайға жететін болды».

Осы мәселеге байланысты бірнеше оқушыны да сөзге тартып көрдік. «Сабақты қалай оқимыз? Енді не болар екен? Онлайн оқығанымыз дұрыс немесе мектепке барғанымыз дұрыс еді» деген сыңайдағы жауаптың бірін күткен үмітіміз ақталмады. Өкінішке қарай, сондай оқушылар жолықты ма, әйтеуір бір сөйлескен жеті оқушының жетеуі де жаңа оқу жылы үшін ешқандай алаңдаушылық білдіре қоймады. «Көктемдегідей өтірік сабақ оқимыз, каникулымыз тағы да жалғасатын сияқты ғой» десіп, оқушыларымыз ішкі қуаныштарын жасырмады да. «Өтірік сабақ» дегендеріне қарағанда, үлкендердің бітпейтін «өтірігіне» оқушылардың да еттері өле бастаған-ау, шамасы.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер