Досан Әлібеков: «ШЫМКЕНТ ТОЛЫҚТАЙ ЦИФРЛЫ ЖҮЙЕГЕ КӨШТІ»

909

Биыл білім саласы жаңа оқу жылына орай толық цифрлы жүйеге көшті. Балалардың онлайн режимде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Ол үшін 11 базалық станция орнатылуда. Ол нүктелер қаланың қай бөлігіне қойылады? Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Досан Әлібековпен сұхбаттасып, түйткілді сауалдардың жауабын алдық.

–Досан Биназарұлы, санаулы күннен соң мектеп оқушылары мен ұстаздарға жаңа оқу жылы есігін ашады. Биылғы оқу жылы бұрынғылардан өзгерек болатынын бәріміз де сезіп, біліп отырмыз. Қашықтан оқу – техника мен технологияға тікелей тәуелді. Онлайн оқу үшін әр үйде интернет байланысы жақсы болуы керек. Осы орайда Шымкент қаласында қандай жұмыстар атқарылуда?

–Ағымдағы жылдың оқу маусымында балалардың онлайн режимде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында қала аумағы бойынша 11 базалық станция орнату орындары айқындалып, қазіргі таңда тиісті жер телімдерінің координаталары белгіленді және мемлекеттік актілері рәсімделді. Сонымен қатар, өзге де барлық құжаттары заңдастырылып, осы аптаның аяғына дейін электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталатын болады. Келесі аптаның соңына дейін байланыс операторлары тарапынан тиісті базалық станциялар орнату жұмыстары жүргізіліп, нысанның жұмысы толық іске қосылады.

–«Интернетті қайтеді екенбіз?» деп отырған ата-аналар 11 базалық станцияның қай жерлерге орнатылатынын білгісі келеді.

–Қала аумағынан анықталған 11 жер телімі Google maps картасында белгіленген. Олар Н. Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағын ауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент-Алматы тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады деп жоспарлануда.

Базалық станцияның орналасатын мекен жайы Жалпы аумағы
1 Нұрсәт-2 шағын ауданы

Н. Назарбаев

даңғылының бойы, мешітке қарама қарсы

беттегі көк үйлердің жанындағы автотұрақта

0,0010 га (1 соттық)

 

2 Астана шағын ауданы

Арғынбеков көшесінің

бойында, Шаяхметов пен Астана даңғылы бойында

0,0010 га (1 соттық)

 

3 Облыстық балалар

ауруханасы

Айша бибі көшесі,

Шахан 2 супер маркетінің ішкі жағы,

Балалар ауруханасы мен Назарбеков аллеясының арасында

0,0010 га (1 соттық)

 

4 Тұран шағын ауданы

Қайтпас шағын

ауданының жоғарғы жағы Тұран мөлтек

ауданындағы көп қабатты үйлер аралығы

0,0010 га (1 соттық)

 

5 Шымкент сити Шымкент-

Алматы тас жолы бойы

Асар шағын ауданы

мен Бозарық айналма жолының аралығында

 

0,0010 га (1 соттық)

 

6 Шымкент сити

Асар шағын ауданы

мен Бәйдібек би даңғылының аралығында

0,0010 га (1 соттық)

 

7 Шымкент сити

Шымсити мен Асар шағын ауданының қиылысы

0,0010 га (1 соттық)

 

8 Асар-2 шағын ауданы 4-көше

Қайнар бұлақ шағын

ауданына көтерілген жолдың оң жақ бетінде

0,0010 га (1 соттық)

 

9 Асар шағын ауданы

Асар шағын

ауданындағы ішкі айналма жолдың жанында

0,0010 га (1 соттық)

 

10 Достық шағын ауданы

Шымкент-Алматы

тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына

қарай 1 шақырым жерде

0,0010 га (1 соттық)

 

11 Солтүстік-Батыс шағын ауданы

Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысы, көпқабатты тұрғын

үйлерге қарама-қарсы

0,0010 га (1 соттық)

 

 

–Шалғай елдімекендерде оқитын оқушыларға интернет қаншалықты қолжетімді болмақ?

–Мәселе қала әкімінің қатаң бақылауында. Қаладағы шалғай тұрғын алабтарды қысқа мерзімде сапалы интернетпен қамту үшін сымсыз интернетпен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Яғни, жеке инвесторларды тарту есебінен антенна-матчталық құрылыстар салынады және ол жерге  базалық станциялар орнатылады. Базалық станция орнату мүмкіндігі болмаған жағдайда базалық станцияның қамту аймағын ұлғайту (модернизация) жұмыстары жүргізіледі.

Қала аумағындағы 105 шағынаудан мен тұрғын алаптары интернет желісімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде мобильді интернетке – 74, сымды интернетке – 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына 49 шағынаудан қол жеткізген.

Бүгінде интернет желісіне қатынау мүмкіндігі бар үй шаруашылықтарының үлесі  90,7 пайызды құрайды. Оның ішінде 98,5%-ы мобильді кең жолақты байланысқа, ал 21,8% сымды кең жолақты байланысқа қосылған. Ал, интернет желісін пайдаланушылар үлесі 80%-ды, тіркелген интернет абоненттерінің саны 75,5% құрайды. Бұдан бөлек, 20 шағынауданда

интернет желісі, ал 16 тұрғын алапта мобильді интернет сапасы нашар екенін де атап өтуге тиіспіз.

–Ерте көктемде қала әкімі Мұрат Әйтенов жылдамдығы төмен  аймақтарды 100 пайыз жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.  «Шаһардың әрбір тұрғыны сапалы интернетке қол жеткізуі керек. Қазір мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан сапасы төмен елдімекендерге көңіл бөліп, 5G жылдам интернет желісін қолға алуымыз керек» деген еді. Шымкентте ұялы байланыстың нашар аймақтарын, яғни өлі аймақтарды анықтау бойынша министрлікпен жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай?

–Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министірлігінің тиісті мамандарынан құрылған жұмысшы топтың талдауы бойынша қаладағы интернет сапасы төмен аймақтар анықталып, нәтижесінде қала бойынша қосымша 43 жерге базалық станциялар орнату туралы алдын ала жол картасы әзірленді. Дегенмен, аталған 43 орын бойынша қазіргі таңда Шымкент қаласындағы байланыс операторларымен бірлесіп нақты жағдайға талдаулар жасалуда. Талдау жұмыстарының нәтижесін байланыс операторларымен келісу тамыз айының аяғына дейін аяқталып, қыркүйек-қазан айларында қосымша базалық станциялар орнатылады немесе белгіленген тәртіптердегі модернизациялау жұмыстары жүргізілетін болады.

–Қазіргі таңда тұрғындар арасында мобильді базалық станциялардың  адам өміріне қаупі туралы жиі айтылуда. Бұл туралы не айтасыз?

–Ақпараттық технологиялар мүмкіндіктерінің күн сайын дамуы, жыл сайын қарыштап дамуы, оның басты элементтерін әрбір тұрғынның қолдана алуы бүгінгі күннің, заманның талабы.

Мобильді базалық станциялардың арқасында барлық қоңыраулар мен фото-видео материалдар өз адресатына жетеді. Ондағы радиотолқындардың адам өміріне ешқандай қаупі жоқ. Бұл туралы уәкілетті органдардың арнайы тиісті сараптамалық қорытындысы жасалды. Станциялар барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып орнатылады. Базалық станциялардың радиотолқындары күнделікті үйде тұтынатын микротолқынды пештің радиотолқынынан 20 есе аз.

Толқындар энергиясы тұрғын үйлер деңгейінен жоғары болуы үшін антенналар вертикалды түрде бағытталады. Үй терезесінің өзі радиосигнал қуатын екі есе азайтса, үйдің қабырғалары мен шатырының сигналы 30 есе азаяды. Яғни, адам өмірі мен денсаулығына базалық станциялардың титтей зияны жоқ.

Сондықтан тұрғындардың әртүрлі азғырушы алып-қашпа сөздерге емес, арнайы кәсіби мамандардың қорытындысы мен ресми дерек көздерге сүйенуін сұраймыз.

–Шымкент қаласы онлайн оқуға қаншалықты дайын?

–Мектептер «Bilim Iand - Onlinemektep.orq» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған.

Қала сыртындағы елді мекендерде және білім ұйымдарында интернет жылдамдығын 8 Мб/с – 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту жөнінде арнайы тапсырма беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, интернетке мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға заңнамаларда белгіленген тәртіптерде интернет қызметіне қаралған қаржы есебінен «Қазақтелеком» АҚ арқылы интернет желісіне қосылған арнайы                                  «әмбебап-нөмірлер» және қажетті роутерлер берілетін болады.

Қаладағы жалпы 30 колледжде қашықтан оқыту «Smart Nation College» интернет платформасында басталады. Білім беру процесі кезінде педагогикалық, ІТ, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар қашықтықтан оқытылады.

Үйге интернет орнатарда қандай байланыс операторының көмегіне жүгінген жөн?

–Шымкент қаласында желілі (кабель арқылы) интернет орнатумен Қазақтелеком, Транстелеком және Картел компаниялары айналысады. Үш оператордың да қызмет көрсету сапасы жақсы.

–Басқарма тарапынан атқарылып жатқан өзге де жобаларға тоқталсаңыз.

–Биыл біз бірнеше жобаның тұсауын кеспекпіз. Оның біріншісі, AR-shymkent – виртуалды шындық. Жобаның мақсаты қаладағы тарихи жәдігерлер мен маңызды нысандардың, ескерткіштердің жай-күйі, тарихы туралы мағлұматтарды арнайы белгіге смартфон құрылғысын жақындату арқылы көру, танысу.

Одан кейін 2-ГИС жобасы. Бұл жоба бұрыннан бар. Тек толықтырулар енгізіліп, жетілдірілу үстінде. Жобаның мақсаты – қоғамдық көліктер қозғалысын онлайн режимде бақылау. Қазіргі таңда қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан GPS деректері сұратылуда. Аталған деректер дайын болған соң, жоба толық іске қосылады.

 Тру-Конф жобасы. Мақсаты мемлекеттік қызметшілердің уақытын мейлінше үнемді пайдалану және денсаулығын сақтау үшін оларды жұмыс орнынан қозғалтпай жиналыстар ұйымдастыру.

«HR-PROCESS» – педагог кадрларды іріктеудің жаңа ақпараттық-талдау жүйесі. Бүгінде www.hr-process.kz сайтында педагогтар мен қызметкерлерді жұмысқа қабылдау бойынша 137 білім беру ұйымы тіркелген. Қазір 78 бос жұмыс орны бар.

«HR-Process» жүйесі педогогикалық бос орынға өтініш беру және өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар  заманауи ақпараттық технологияларды қолдану негізінде педагогикалық құрамды іріктеу процесінің тиімділігін арттыруға арналған.

Бұл жоба – педагогикалық қызметке үздік кадрларды іріктеп алуға, жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

–Әңгімеңізге рахмет! 

 

Сұхбаттасқан Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы