Жаңа оқу жылы: баланың саулығы маңызды ма, білім сапасы ма?

4368
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтанда 40 мыңдай  бастауыш сынып оқушысының ата -анасы мектепке барып сабақ оқуға өтініш жазыпты. «Егер баламызға әлдене болып қалса, жауапкершілікті өзімізге аламыз» деген сыңайдағы бұл өтініштің артында мыңдаған баланың саулығы тұр емес пе? Әлде, әріп пен санды енді танитын бастауыш сыныптың оқушысы мектепке барып білім алғаны, қашықтан оқудан гөрі әлдеқайда тиімдірек пе?

Әрине, кез келген ата-ана үшін баласының сапалы білім алуы маңызды. Бірақ, сапалы білім алу үшін балаға ең алдымен денсаулық керек емес пе? Таразының басына екі маңызды жағдай қойылғанда, кім де болса, ойланып қалады екен. Бір жағынан қарасаңыз, үйде отырып білім алу мүмкін емес. оның үстіне интернеті дұрыс емес біздің Қазақстанда қашықтан оқу еген бос сөз. Ал бір жағынан қарасақ, сапалы білім алу үшін мектепке барған баламыз вирус жұқтырып алса, не болады?  Осындай сұрақпен бірнеше ата-анаға хабарласып, ойларын сұрадық.

«Биыл егіз балаларым бірінші сыныпқа баруы керек. елде мынандай жағдай болып, енді басымыз қатып отыр. Бір емес, екі баланы үйде оқыту, әріп, сандары жазғызып үйрету өте қиын ғой. Күйеуім екеуміз жұмыстамыз. Бала оқытам деп үйде отырсақ, біреуміздің тапқан ақшамызбен күн көру мүмкін болмай қалады. Балаларды мектепке жіберіп оқытайық десек, денсаулығын уайымдаймыз. Қатты қиын болды бұл жағдай», дейді шымкенттік Нұржамал СӘУЛЕТБЕК.  Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлім АЙДАРҚЫЗЫ биыл ұлы бірінші, қызы үшінші сыныпқа баратынын айтып: «Балаларымның мектепке барып білім алуын өтініп, өтініш жаздым. Себебі, екі балама да мектептегідей білім бере алмаймын. Мен қанша жерден оқытсам да, мұғалімнің түсіндіргеніндей болмайды. Ал денсаулығын бір құдайға тапсырдық енді, басқа не істейміз?» дегенді алға тартады.

«Негізінен қашықтан оқыту Қазақстанға биыл келген жаңа дүние болғанымен, әлемдік тәжірибеде бұған дейін сынақтан өтіп, қолданысқа енгізілген білім жүйесі. Мәселен, көктемде Орта Азия елдері қалай сабақ оқытамыз деп бас ауыртып жатқанда, АҚШ, Канада, Жапония, Қытай, Германия секілді мемлекеттер еш кедергісіз қашықтан оқыту жүйесіне ауыса салыпты. Себебі бұл елдерде қашықтан оқу отыз қырық жыл бұрын сынақтан өтіп, соңғы жиырма жылда әбден қалыптасып қойған. Карантин кезінде қытайда бес миллион адам бірден қосылғанда жылдамдығын тоқтатпайтын интернет желісі іске қосылған.

Қашықтан оқытуға еш қарсы емеспін, егер бізде де осындай жағдай жасалса. Бірақ бізде не интернет жоқ, не компьютер жоқ қой! Балалар қалай білім алады? Осыны ойлағанда, одан да мектепке барып оқысын дейсің амал жоқтан. Мектепте барсын дейін десең, вирус деген пәледен қорқамыз. Білім алсын деп жүріп баламыз ауырып қалса, қайтеміз? Қорыта айтқанда, екі оттың ортасында қалдық», дейді алматылық Аманжол.  Қалай болғанда да, баламыздың амандығы бірінші орында деген Жанна АСАНҚЫЗЫ: «Біздің сыныптағы отыз оқушының жиырмасының ата-анасы мектепте оқытуды сұрап директорға өтініш жазды. Мен қарсымын. Ертең балам ауырып қалса не істеймін?

Оқылмаған сабақ баламның денсаулығы жақсы болса, оқылар. Баламның денсаулығын қатерге тіге алмаймын. Сондықтан қашықтан оқуды қолдаймын. Қиын болады, білемін. Бірақ балаларымды мектепке жібермеймін. Сабақ оқитын бала үйде отырып та білімді бола алады. Ал оқымайтын баланы мектепте күндіз түні оқытса да, оқымайды», деді.

Санаулы күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Қазақстанда қашықтан оқимыз ба, мектепке барып оқимыз ба деген сұраққа ата-аналар әлі нақты бір шешімге келе алмады. Дегенмен, жаңа оқу жылында еліміздегі оқушылардың басым бөлігі қашықтан сабақ оқуға отыратыны сөзсіз. Ендігі ең басты нәрсе балалардың білім сапасы болмақ.

P.S  Қазақстанда 883 ауылда интернет мүлде жоқ екен. Бұл туралы  ҚазАқпарат агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенконың сөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

фото:ашық дереккөздерден алынды.  

Пікірлер