Байлардың өзгелерге қарағанда ұйқысы тыныш

2610
Adyrna.kz Telegram

Адам өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді. ДДСҰ ересектерге тәулігіне 7 сағат, ал 5 жасқа дейінгі балаларға 10-12 сағат ұйықтау керек екендігін айтады. Ұйқы тек санға ғана емес, сапаға да тәуелді. Ұйқының дұрыс болуына адамның әлеуметтік мәртебесі де әсер етеді. Америкалық ғалымдардың зерттеуі бойынша адам неғұрлым көбірек ақша тапса, соғұрлым ұйқысы тыныш болады екен.

АҚШ-тың зерттеуші ғалымдары 2011-2014 жылдар аралығында 140 мыңға жуық ересектермен сұхбаттасып, елдегі орташа деңгейден жоғары табысы бар адамдардың 66,6%-ы тәулігіне 7-8 сағат ұйықтағанын анықтады. Сонымен қатар, орташа немесе орташа табыстан төмен тұратын адамдардың тек 55%-ында ұйқымен проблема жоқ дейді.

Сарапшылардың айтуынша, адам ұйқысының тыныш болуына жатын орынның жағдайы да әсер етеді. Ол да табысқа байланысты. Табысы жоғары адамдар жатын бөлмесін ортопедиялық төсенішпен, ыңғайлы жастықшалармен, ылғалдандырғышпен және желдеткішпен қамтамасыз ете алады.  Кедей халық үшін бұл жағдай артық шығын болып көрінеді.

Әлеуметтік мәртебеден басқа, ұйқыға әсер ететін басқа да факторлар бар: қоршаған ортаның жағдайы, экология, шу және температура. Алкоголь, тыйым салынған психотроптық заттарды тұтыну, тамақ рационында артық кофеин пайдалану ұйқының сапасына теріс әсер етеді.

Мамандар салауатты ұйқы тек ағзаның қызметіне ғана емес, сонымен қатар өмір сүру ұзақтығын да арттыратынын еске салады.

Дұрыс ұйқының адам үшін маңызы қандай?

Базель университетінің биология орталығындағы ұйқыны зерттеуші ғалым Кристен Блюм: «Ұйқы бұл тамақ, су және тыныс алу сияқты барлық жануарлардың негізгі қажеттіліктерінің бірі. Адам, ең алдымен, жануар. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда көп адам дұрыс ұйықтауды елемей жүре береді. ДДСҰ ұсынғандай 7-9 сағатты демалуға арнамайды. Әлем халқының шамамен 30%-ы ұйқының нашарлығынан зардап шегеді»,-дейді.

Түнгі ұйқының қандай пайдасы бар?

Ұйқы өмірлік мақсаттарға жетуге көмектеседі. Егер жануарлар бірнеше апта бойы ұйықтамаса, иммунитетті әлсіреп, мидың қалыпты жұмысы тоқтап, жүйке жүйесі әлсіреп, соңы өлімге әкеледі. Ұйқы сондай-ақ, энергетикалық балансты сақтауға да көмектеседі. Тек ұйқының кезінде адамның жады толық жұмыс істеп, жаңа білім меңгеруге жол ашылады.

Ұйқы қандай процесс?

Ұйқы екі процеспен реттеледі: бұл процестер күндіз сергек жүру мен түнде демалуды қамтамасыз етеді. Бірінші процесс "циркадия" деп аталады, ол шамамен 24 сағат сайын қайта басталады. Екінші процесс "гомеостатикалық" деп аталады және қашан ұйықтауға болатындығын түсінуге көмектеседі. "Гомеостатикалық" процесс біздің денемізді әр түн сайын зарядтауды қажет ететін аккумуляторге ұқсайды. Кешке, "циркадиялық" және "гомеостатикалық" процестер бір нүктеге тоғысқанда, біз шаршап, ұйқымыз келеді. Бұл процесті біз бақылай алмаймыз, ағза мұны біз үшін өзі жасайды.

Ұйқының сапасын қалай жақсартуға болады?

- Күнделікті бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұруға дағдыланыңыз;

- Ұйықтар алдында телефонға "жабыспаңыз";

- Оянғаннан кейін бірден тұрып кетіңіз;

- Демалыс күндері де ерте тұруға тырысыңыз;

- Ұйықтайтын жеріңізді толық қараңғылаңыз;

- Кофеин көлемін азайтыңыз;

- Ұйықтар алдын тойып тамақтанбаңыз және спортпен айналыспаңыз;

-  Жатын бөлмеңізді желдетіп алыңыз.

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер