Қырым үшін Ресейге тағы бір санкция салынбақ

1087

Алты ел Қырымға байланысты Ресейге қарсы Еуроодақтың (ЕО) санкцияларына қосылды. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы Tass.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Ероодақтың серіктес елдері ЕО Кеңесінің Ресейге қатысты санкцияларын бір жылға ұзарту туралы шешіміне қосылатындығын растады.

«Черногория мен Албания секілді кандидат елдер (ЕО-қа кіру үшін), Еуропаның еркін сауда аймағының мүшелері Норвегия мен Исландия, сондай-ақ Украина мен Грузия ЕО Кеңесінің 2020 жылғы 18 маусымдағы шешіміне қосылатындығын мәлімдеп, оған сәйкес ЕО Кеңесі санкцияларды 2021 жылдың 23 маусымына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады», - делінген ЕО хабарламасында.

Бұл елдер 2014 жылы Ресейге қарсы құрылған еуропалық санкциялар режимінің барлығымен келісті. Содан бері олар жыл сайын Қырымға байланысты Ресейге қарсы санкциялардың бәріне қосылып отырды. Биыл ЕО Түркияның қосылуынан үміттенген-ді, бірақ Анкара бас тартты.

Маусым айында ЕО Ресейдің банктік, қаржылық және энергетикалық секторларына қатысты экономикалық санкцияларды алты айға, 2021 жылдың 31 қаңтарына дейін ресми түрде ұзартты. Еуропалық компанияларға Қырымға инвестиция салуға және түбектен тауарларды импорттауға тыйым салуды 2021 жылдың 23 маусымына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.

АҚШ, Еуропалық Одақ және басқа да бірқатар елдердің Ресейге қарсы санкциялары Қырымның 2014 жылы Ресейге кіруіне және Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты енгізілді. Брюссельдің Мәскеуге жасаған экономикалық шектеулері үнемі жаңартылып отырады.

 

(Сурет ашық дереккөзден алынды)

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы