Азаматың – айнаң!

3073
Adyrna.kz Telegram

Егер белгілі бір адамның сіздің өміріңіздегі маңызын түсінсеңіз, оны жақсы көріп үйрену жеңілдейді. Әр адам менің ұстазым деп қабылдап, оған разылық білдіру өте маңызды.

Сіздің өмірге дәл осындай ер адамның келуі тегіннен тегін емес. Адамның тұтас өмірі мектеп. Өтетін басты дәріс – махаббат. Еркектер арқылы ең басты, кейде тіпті ең күрделі сабақты үйренеміз. Мамандық біреу ғана – махаббат пен өзіңді тану. Өз бойымызда махаббат бар кезде ғана оны біреуге арнай аламыз. Өзімізде жоқты өзгеге қалай бермекпіз? Сіздің азаматыңыз – әрдайым сіздің айнаңыз! Ол сіздің бойыңызда, болмысыңызда бар дүниені көрсетеді. Жақында бір әйелден тек лайық жігіт үшін тырысуға бармын деген сөзді естідім. Осылай деуге бола ма? Сіз өзіңізді естіп тұрсыз ба? Лайық жігіт деген кім?

Сіздің өмірде болған, сізге көңілін білдірген, әлі білдіретін әр азамат сіз үшін лайықты! Лайық жігіт деген – тым қарабайыр ұғым. Себебі, әр еркектің өзінің лайықты мінезі, абыройы бар. Сізге тартылған байлыққа лайықсыз. Ерік-жігері төмен, «мамасының балалары» ғана тартылып тұрса, бұл жақсы да, жаман да емес. Бұл жай ғана факт. Дәл қазіргі таңда өміріңізге кімді қабылдауға дайын екеніңізді көрсететін факт. Сіздің өмірге енген еркек сіздің ішкі түйткілдеріңізді көрсетуші ғана. Сондықтан сол еркекке қарап өзіңізді жаңадан тануға, сырттай бақылауға алуыңызға болады. Бұны жаңа білім деп қабылдаңыз.

Кең таралған жағдаяттарды іріктеп көрейік:

Егер өміріңізге қызғаншақ біреу келсе, ендеше сексуалды энергияңызды шығармашылыққа бұра біліңіз. Себебі, өзінің сексуалды энергиясын басқара алатын әйелдің өміріне қызғаншақ күйеу, яки жігіт ешқашан тартылмайды.

Жұдырығын ала жүгіретін еркек қандай әйелге тартылады? Өміріңізге дөкір еркек енсе, өзіңізді тыңдап үйрену қажет болғаны. Ұр да жық мінезді еркектермен тұратын әйелдердің дені шекара дегеннің не екенін білмейтіндер. Сондықтан өздерін құрбандыққа айналдыра салады. Өзін ылғи бақытсыз, жалғыз, жұртта қалғандай сезінгенді жақсы көреді. «Күйеуім тажал, ауа райы қолайсыз, басқалар қуанып өмір сүреді, ал мені Құдай жазалаған, тағдырым солай болса керек, өмірім өксікпен өтуде» дегеннен танбайтындар. Осыған сай еркегі ол әйелді орнына қояды, не өзін құрметтеуді үйретеді. Оның тұлғалық қасиеттерін оятады. Құрбандық болудан шығып, өзінің шекарасын айқындауды, өзін қорғауды үйретеді. Басқа еркек мұндай әйелге өзін тыңдауды үйрете алмайды. Құрбандыққа аяусыз ащы шапалақ жеу керек, сонда ғана ол өзін тыңдап үйренбек. Сонда ғана өмірін өзгертуге барын салады.

Егер күйеуіңіз ішкіш, бір нәрсеге тәуелді болса, ол да бекерден бекер емес. Сіз де оны бір нәрсе үшін таңдағансыз. Өте маңызды сабақты түсіну үшін. Мұндай жұптағы әйел өзін қалай ұстайды? Мұндай әйел үнемі ерінің миын жейді, сол сөзімен оның менін, еркектігін өлтіреді. Яки, өзі «байғұс» болып, елден ерек бақытсыз адам кейпіне түсіп, жұрттың бәрі соның басынан сипауы тиіс бейнеге енеді. Күйеуі ішеді, ақша жоқ, балалары сотқар. Бітпейтін бақытсыз өмір. Оның күйеуі ең алдымен, мұндай әйелге «нәзік» бол деген белгі береді екен. Өзінің әйелдік болмысынан ауытқып кеткенін көрсетеді. Әйелге маңызды болар бір мінезін жауып-жасқағаны үшін осындай күйеу беріледі. Ол күйеу ішімдікке салынып, шын өмірден безінеді. Екінші жағдайда, мұндай күйеу әйелге өзін жақсы көруді, құрметтеуді, есеюді, өз өміріне жауапкершілік алуды үйретеді екен.

Егер сізге «мамасының баласы» тартылса, ерік-жігері жоқ, өзі біліп шешім қабылдай алмайтын еркек келсе, онда сіз билікті еркектің қолына бере алмайтын қайсар мінезді әйел болғаныңыз. Бәрін өзіңіз шешесіз, бәрін өзіңіз білесіз, бәрін тек сіз өзгертесіз. Мұндай адаммен ұрыс-керіс оны өзгерткіңіз келгеннен басталатынын байқамай қаласыз. Оны ешқашан тыңдамайсыз. Қазір де олай емес деп айтасыз.

Егер сіздің өмірге уәде бергіш, бірақ бір уәдесін орындамайтын, сауық-сайраннан қолы босамайтын, әдемі сөйлейтін, әдемі киінетін, оңай өмір сүретін адам келсе, бар қайғыңыз «тезірек осы той бітіп, тезірек адам сияқты өмір сүрсек екен» болса, оның жауабы: ешқашан бітпейді, ешқашан адам сияқты өмір сүрмейсіз. Мұндай адам сізге: «Өзіңді бағалауды үйрен» деу үшін келген. «Неге менің ережемнің ыңғайына жығыласың? Неге менің дегеніме көне бересің? Екі айға жоғалып кеттім, ал сен бәрібір маған есігіңді ашасың. Менің бос сөздеріме тойып болмадың ба? Сені мұнда ешкім бағаламайды. Егер қазір менің дегеніме көнсең, ертең лайық жігіт келіп сені сүйсе де, сәл уақыттан соң тез суынады. Себебі, өзін бағаламайтын, әркімнің ығына жығыла беретін әйелден еркектің бәрі безінеді».

Қарым-қатынастың мұндай сценарийлері өте көп. Мен тек лайықты жігіт үшін тырысамын дегенге қайтып оралмақпын. Әйел о бастан лайықты біреу үшін емес, ең алдымен өзі үшін тырысуы тиіс. Кез келген қарым-қатынаста солай болғаны абзал. Егер қасыңызда жігітіңіз бар болса, өзіңізден «мен басқаға лайықпын ба?» деп сұрап көріңізші. Ақ тұлпар мінген ханзада менің қай қылығыма ғашық болуы керек? Ханзада да бітпейтін комплекс, неше түрлі мания, кірпияздығынан аса алмайтын қызға ғашық болмайтыны бесенеден белгілі. Мұның барлығын танып, түзету қажет. Адамдар көлік жүргізуді Феррариден бастамайды ғой.

«Тұлғаның көлеңкелі жағы» деген түсінік бар. Адам өзі толық сезінбесе де, көрмесе де, ол болмысында, түпсанасында бар дүние. Көлеңкеде қала беретін қасиеттер. Яғни, адамға әсер ететін айнаның тікелей және кері қайтымды түрлері болады.

Тікелей айнасы: біреудің бойындағы сіздің қитығыңызға тиетін қасиеті. Ол сіздің де бойыңызда бар мінез. Өзіңіздің бойыңыздағыны байқамайсыз. Мысалы: күйеуіңіз диванда түк бітірмей жатыр. Солай бос жатқанын көргенде қабағыңызды түйесіз. Яғни, жалқаулық сіздің бойыңызда да бар болғаны. Сіз де жалқаусыз, диванда жата тұрғанды жақсы көресіз. Бірақ жата алмайсыз. Себебі, бала күннен жігерлі болуды үйретті. Жайдан жай жатуға болмайды деп сіңірген. Яки, ешқашан бос жатуға қол тимейді. Ылғи күйзелісте жүресіз. Үй, жұмыс, бала, үй тазалау, тамақ пісіру. Бұл нені білдіреді? Жұмыстың бәрін тастап, күйеуіңіздің жанына жата кет деген сөз емес. Оны дұрыс қабылдап үйреніңіз: «менің де түпсанамда жалқаулық бар екен-ау, күйеуімнен де өтіп кетуім мүмкін». Анда-санда өзіңізге арнап демалыс жасап тұрыңыз. Жай ғана түк істемей жата тұру. Массажға бару. Ұнайтын істі жасау. Жалқаулыққа жол беру.

Кері қайтымды айна: еркектің бойындағы қитыққа тиетін мінезді табамыз. Осы белгінің кері мінезі сіздің бойыңызда бар ма? Мысалы: еркек – осал, сіз – мықты. Ендеше, мықтылықты еркекке қалдырып, нәзік болуды меңгеріңіз. Еркек - жауапсыз, сіз - гипер жауаптысыз. Бәрін қадағалап, бақылап жаман үйренгенсіз. Еркекке сеніп үйреніңіз. Жүйкені босаңсыту керек. Еркек – өтірікші, сіз – ақиқатшылсыз. Үнемі оның сөзіне дәлел іздеп, куә талап етесіз. Сенім жоқ. Еркек – сараң, сіз – жомартсыз. Еркек сараң болса, сіз өзіңізге тиын жұмсамайтындықтың белгісі. Өзіңізге махаббатты қимайтын жансыз. Жақсы көңіл күйді қимайсыз. Жалпы, кері қайтымды айнаның принципі түсінікті болды ма?

Осының бәрін бойыңыздан өткізіп, түсінген кезде, біріншіден, бұл қасиеттерді қабылдап үйренесіз. Екіншіден, мұның бәрінен биіктейсіз. Осы қасиеттерді мойындағанда, қасымыздағы еркектер өзгере бастайды. Олардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Олардың әр қылығы қитығымызға тимейтін болады. Негізі бүкіл әлем айна принципі бойынша дамиды. Күллі қоршаған орта - біздің айнамыз. Өзге адамдар арқылы өзіңіздің ішіңізде не бар екенін танисыз. Қоршаған ортаға көңіліңіз толмаса, жұмыс ойдағыдай болмаса – ең алдымен өзіңізге көңіліңіз толмағаны. Адамның өзіне деген ілтипатынан өзгеге деген қарым-қатынасы басталады. Сол секілді бізді қоршаған адамдар біздің айнамыз болады.

Ішімізде бар дүние сыртымызда да көрініс береді. Ішкі әлеміміз өзгелердің ішкі әлемімен үндесіп, бізге тартады. Сондықтан, айналаңыздағы адамдардың бәрі жабырқау болса, шетінен қайғы-мұңда, күйзелісте жүрсе, сіздің бойыңызда да сол бар болғаны. Айналаңыз жарқын жандар, мейірім мен махаббат тұнып тұрса, сіздің жүрегіңіз де жарқырап тұрғаны. Өзіңізді өзгертіңіз, сонда айналаңыздағы адамдар да, әлем де өзгере береді.

Мұның барлығын сізді айыптау үшін емес, әйелдің өзін қалай өзгерте алатынын білдіру үшін жаздық. Әйел қаласа, қолынан бәрі келеді. Тіпті опасыздық дегеннің өзі де патология емес, альфонс кездессе, бұл – табу емес. Оны да өзгертіп ала аласыз. Бұл әйелге өзіңе қара, өзіңді өзгерт деген белгі ғана.

Ерлердің әйел затына көрсететін сабақтарының дені әйелдің болмыс-бітіміне байланысты болатынын байқадыңыз. Қазіргі заманда әйелдердің көбісі қисық айнаға айналып барады. Зиянды вирустармен уланғандай. Әйелдер ерлердің энергиясын сіңіріп алғыш. «Темір Ханшайымның» жанында кез келген еркек диванға жатқыш, мойнына мінгіш, әрекетсіздікке ұрынып, ішкіштікке салынып, жүргіш боп кетеді. Немесе әйел құрбандық кейпіне енсе, еркек қол көтергіш, дөкір, опасыз қылықтарға барғыш боп алады. Шын мәнінде еркектің әрекеті арқылы Ғалам әйелді түзетуге тырысады. «Қайтып әйел бол. Өзіңді жақсы көріп үйрен. Өмірді бағала. Сен қайғыру үшін өмір сүрмейсің. Сен –әйелсің! Судың ағынын сезетін, еркектің болмысын биіктетін әйел қайда? Құмарлықтың оты қайда? Ошақтың жылуы қайда? Еркекке деген құрмет пен бағыну қайда? Еркекке деген сенім қайда? Бұл еркек сен үшін тренажер, сенің әйелдік болмысыңды ашатын сабақ. Үйрен» дегені.

Бірақ әйелдер оны естімейді. Қарым-қатынасты үзеді. Басқа еркекті жолықтырады. Онымен де сол баяғы жыр. Кейде бұрынғысынан да қиын тиіп жатады. Меніңше, өзгерістің бәрі әйелдің өзінен басталуы тиіс. Себебі, әйел – кеңістік. Еркекке жауапкершілікті ілмес бұрын, өзіңізге қараңыз. Ол сіздің айнаңыз. Әрине, интернетте еркекті басқарып, одан көп сыйлық алудың түрлі тәсілдері туралы мақалалар жетіп, артылады. Менің айтпағым ол емес. Мен әйелдің өзіне деген құрметі, махаббаты жайлы айтқым кеп тұр. Ер адамды құрметтеуі, ер адамның махаббатын өмір қуанышы деп қабылдауын айтам.

Өзіңді өзгерту қиын. Жаныңа қаяу салатын тұстары баршылық. Өзіңнің «Менің» арқылы өз өміріңді бүлдіріп, тоздырып жатқаныңды түсіну одан да ауыр. Бірақ сол қайғыртатын жайт адамды өзгертеді. Сол өзгеріс қайғысы қажет. Адам рухани өсу, жетілу үшін қайғыру маңызды екенін түсінеді. Қарым-қатынастағы қайғы – отбасы құрғысы келетін екі ересек серіктес үшін өмірлік жол бастаушы.

Қайғыны қабылдай алмайтын ерлер мен әйелдер көп. Қарым-қатынаста қиындықтар туындай бастаса, бір-бірінен қол үзуге дайын тұрады. Жаңа қарым-қатынаста да өзіндік қиындықтар болады. Қайғысыз өмір жоқ. Шеңбер бойы жүгіре беруден не өзгереді?

Өзіңізге «Бұл жағдай маған не үйретпек?» деген сұрақты үнемі қойып отырыңыз. «Неге бұлай болды? Мен не үйренуім керек?» Сонда күш-қуатыңыз текке ысырап болмай, өзіңізге тиесілі ресурсты аласыз.

Неге қайғыдан қашамыз? Неге қайғырмай өмір сүрген жақсы дейміз?

Отбасы болып өмір сүру үшін ыстығына күйіп, суығына төзу керек. Қарым-қатынас солай өседі, өркендейді. Адамның өзі де есейе бермек. Одан қорқудың қажеті жоқ. Кез келген қарым-қатынас – күрделі ұғым. Егер махаббатты өмірден ләззат алудың жолы деп қана түсінсеңіз, өмірден тез көңіл қалатыны анық. Әр бұрылыста бір қиындық туындарын түсініп барып отбасы құру керек. Қиындық, сынақ деген бір-біріңе көмектесу, бұрынғыдан да етене жақындасудың бір баспалдағы деп түсінген абзал.

Сүйіктің – бірге болған әр сәтті рахатпен өткізетін адам емес. Сүйікті адамың – ол үшін кез келген қиындықты жеңіп, өзгеруге дайын екеніңді түсіну. Оны болмыс-бітімімен толық қабылдай алсаң, сонда ғана бұл махаббат болмақ.

Аударған Шынар Әбілда

Пікірлер