Жұматай жырға салақ қарайтын ақындарды "металлом тиеген мәшинеге" теңейтін..

1102

Мен алғаш рет Жұматай ақынмен 1983 жылы таныстым. Алматыға енді-енді ғана үйренісе бастаған кезім еді, бір топ «жас пері» Жазушылар одағына әлдебір жиынға келе қалдық. «Әне, Жұматай Жақыпбаев деген ана кісі» деп нұсқады қасымдағылардың бірі. Мен бұған дейін ақын ағаның жырларына қанық болғаныммен, жүздесіп көрмеген едім, қуанып кеттім. Қасына жетіп барып, иығынан қағыңқырап тоқтаттым: «Жұматай Жақыпбаев деген сіз екенсіз ғой», – деппін қуанғаннан алаңғасарланып кеткенімді сезбей. «Иә, – деді Жұмағаң әдемі жымиып, – Қалай, үлкен жігіт болыппын ба?». Мен өз қылығыма ыңғайсызданып: «Танысайын деп едім, Жұмаға» дедім. Таныстық. Сол күннен бастап өмірінің соңына дейін жұбымыз жазылған жоқ десе болар.
Жұмағаңның өмірдегі бітім-болмысы мен жүріс-тұрысы қандай ерекше болса, өлеңдегі өзіндік өрнегі тіпті тіл жетпестей тылсым еді. Оның өлеңдерін алғаш Семейде жүріп оқығанымда, бала күнімде Төлеген жырларына таңданғанымнан кем әсерде болғаным жоқ. Жанды жадылап, сезімді сиқырлайтын мұндай өлеңдер, жасыратыны жоқ, қазақ поэзиясында тым азшылық қой. Жұматай поэзиясы – құдіреті құпия дүние. Сондықтан болар, оның өлеңдерінің жұмбақ сырын жұртқа жеткізіп бере алатын сыншы қазақта әлі бола қойған жоқ. Бұл сөзім кейбіреуге келіссіз көрінсе де, көзім көрмеген соң көңілім сенбейтіні – ақиқат. Әрине, бұған осы күнге дейін сындарлы сынымыздың жоқтығы да, сыншыларымыздың өлең дүниесіне тереңдеп бара алмай, бетінен қалқып кететіні де себепкер.
Жұматай ақын өзіне өзі қатал сыншы еді. Өлеңінің нағыз өлең екеніне әбден көзін жеткізіп алмай тұрып, ол туралы тісінің жігін ашып сыр айтпайтын. Ол өлеңнің сыртқы сипаты мен ішкі мәнін жымдастырып қана қоймай, оған ерекше бір нәзік музыкалық дыбыстарды араластырып жіберетін, әрбір сөзге ғана емес, әрбір
дыбысқа да мұқият мән беретін. Ол өз өлеңінің бітім-болмысына салдыр-салақ қарайтын ақындарды «металлом тиеген мәшинеге» теңейтін. Жұмағаң бірде маған: «Сенде бір кемшілік бар, қатаң дыбыстарды, құлаққа ұрып тұратын сөздерді қолданбауға амалың қалмаған кезде ғана қолдан. Жұмсақ, әуезді сөздер тез жұтылады, кісіні шаршатпайды» – деп ақыл айтты...
Есімнен кетпейді, Жұмағаң «Гүл. Қасида» деген өлең жазып, оны бізге тым шабытты күйде оқып берді. Әсіресе, осы өлеңдегі маған қатты ұнағаны «Ол – бір шыны сүтке салған суреттей, ол – бір құшақ музыкадай күнәсіз» деген жолдар еді. Мен осы өлеңнің машинкаға басылған бір данасын үйдегі айнаға жапсырып қойып едім. Ойым – айнаға әркім қарайды ғой, өзіне қарағанда өлеңді де оқысын, -дегендік еді.
Сол өлең ұзақ тұрды. Оны Жұмағаңның өзі де көріп, мәз болып қуанғаны есімде...
Мен өзімнің аяулы ақын ағамның ай маңдайын, аялы, ойлы көздерін, жұмсақ та нұрлы жүзін ең соңғы рет қайтыс боларынан он бір күн бұрын ауруханада жатқанымда көрдім. Көңілімді сұрай келіп, көп ақылын айтып кетіп еді сонда.
Енді түсімде ғана көремін...

 

Әбубәкір ҚАЙРАН,

Адырна ұлттық порталы
 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы