Фототілші Болат Омарәлиев: Жемқорлыққа малтығып жатқан қоғамға өкпе жоқ

9072
Adyrna.kz Telegram

Болат Омарәлиев - еліміздің құрметті журналисі, суреттерге жан берген кәсіби фотограф. Оның жеке мұрағатынан сан түрлі өмір көріністерін, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Меруерт Өтешкешова, Әмина Өмірзақова сынды танымал тұлғалардың жастық шағын көре аласыз. Фототілші Ресей, Польша, Украина елдерінде бірнеше рет фотокөрме өткізген. «Адырна» ұлттық порталы бар ғұмырын фотожурналистикаға арнаған тұлғамен әңгімелесті.

 

- Болат мырза, фотожурналистикаға қалай келдіңіз? Не түрткі болды?

- Айнала құмның арасындағы жалғыз үйлі қыстауда өстім. Бала кезімде бірге ойнайтын достарым да болмады. Жалғыз жүргеннен бе, қияли бала едім. 13 жасымда отбасымызбен Қызылорда қаласына көшіп келдік. Енді досқа жарыдым ғой десем, қаладағы өзім қатарлы балалардың барлығы бұзық болып шықты. Талай мәрте төбелестік, ортақ тіл табыса алмадық. Сол кезде мені жалғыздықтан мектептің кітапханасы құтқарды.

16 жасымда көше бұзықтары атып кетіп, бір өлімнен аман қалған жайым бар. Алайда, денсаулығым нашар болды. Сол себепті фотосалонға барып, екі еврейге 1 жыл шәкірт болдым. Өкінішке қарай, олар да мені сыйғызбай, шеттетіп жүрді. Мен оған мойымадым, байқатпай сурет шығару техникасын үйреніп алдым. 17 жасымда фотошеберлердің бір жылдық курсын оқыдым. Бағыма қарай дәрісті ҚазМУ-де  (ред.-қазіргі ҚазҰУ) фотожурналистикадан сабақ беретін оқытушы Юрий Редкин оқыды. Сол кезден бастап фотоэтюд түсіруді қолға алдым. Курсты аяқтаған соң, аудандық газетке фототілші ретінде жұмысқа тұрдым.

 

- Ал бұл салада неше жыл еңбек еттіңіз?

- Барлығы да сол аудандық газеттен басталды. Фотожурналистикаға 48 жылымды арнаппын. Қазіргі таңда зейнеттемін.

Әмина Өмірзақова

 

- Бір кадрды шығару үшін шамамен қанша уақыт кетеді?

- Жүз рет түсірсең де бір кадр шығара алмауың мүмкін. Ең алдымен фотосуретші сезімтал болуы керек, сол кезде бір кадрдың өзінен ұтып кетуге болады.

 

- Түсірген туындыларыңыздың ішінен қай суретті ерекше жақсы көресіз?

- «Таң алдындағы ән», «Кездесу», «Би билеген ағаш» деген суреттерімді отызға толмай тұрып түсіріп едім. Осы туындыларым маған ерекше ыстық, тіпті сағаттап қарап отыруға ерінбеймін.

"Би билеген ағаш"

 

- Шетелде бірнеше рет көрмеңізді ұйымдастырдыңыз. Біздің еліміздің тарапынан ұсыныс түспеді ме?

 -Жоқ, ондай ұсыныс болған жоқ. Жемқорлыққа малтығып жатқан қоғамға өкпе жоқ. Олардың маған назар аударар шамасы да жоқ қой.

Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков.

1968-1970 ж.

 

- Бір кездері повесть жазғаныңыздан хабардармыз. Бокстан спорт шеберісіз, талантты фотографсыз. Сіз секілді жан-жақты тұлға болу үшін не істеу керек?

 - Рас, оқыған кітаптарыма еліктеп, повесть жаздым. Десе де, ол көркем шығармадан алыстау болды. Боксқа қатыстым, бірақ спорт шебері болмадым. Олай жазып жүрген марқұм жазушы Қази Данабаев қой. Жаттықтырушылар бір жұмысы шығып қалса, орнына бір жақсы шәкіртін қойып кетуші еді. Сондай бір кезеңде боксшыларға жаттығуды мен өткізгенмін. Олардың  ішінде Қази да болған екен. Мені сол кезде жаттықтырушы деп ойлап қалса керек. Ал мені боксқа баулыған жаттықтырушым Алыбай Орғараев бокстан тұңғыш спорт шеберлерінің бірі еді. «Қалай жан-жақты болуға болады?» деген сұраққа жауап беру қиын екен. Тынымсыз еңбек керек шығар.

Қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова

 

- Жас фотожурналистерге қандай кеңес берер едіңіз?

 - Шығармашылық 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбекті талап етеді. Фотоэтюд жанрының ақындардың өлеңі секілді нәзіктеу келетінін есте сақтаған жөн. Жас фотожурналистерге көп оқыңыздар дегім келеді. Өзіңіз түсіріп тұрған адамның қандай талантты адам екенін біліп тұруыңыз керек. Әйтпесе, талантты жай адамнан ажырата алмай қаласыз.

 

 

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер