Зағипа Балиева Аружан Сайынның айыптауларына жауап берді

1118

Осы аптада Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын фейсбукте 2017-2019 жылдары аралығында «111» Сall-орталығына бөлінген 533 630 000 теңге шығынның қайда жұмсалғанына күмәнмен қарайтынын жазған болатын. Бұл мәселеге бұрынғы балалар омбудсмені Зағипа Балиева жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Azattyq Ruhy» сайтына сілтеме жасап.

Аружан Сайынның сөзінше, қазіргі мәжіліс депутаты бұрынғы қызметінде бюджеті мол «150» call-орталығына жетекшілік еткен Зүлфия Байсақованың көптеген арыздарын жауапсыз қалдырған. Ал бұл өз кезегінде орталықтарды біріктіріп, бірлескен қызмет көрсету түрін ұсынсақ деген ниеттен туған.

   «Біріншіден, «150» телефоны «Дағдарыс орталықтары одағына» тиесілі болды. Елдегі жәбір көруші балаларға, жастарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге қызмет көрсетті. Екіншіден, мен ол жердің техникалық мүмкіншілігін ескердім. Екі бөлмеде, 2 күндізгі, 1 түнгі кезектегі операторлар бар екенін көріп, олар бұндай қарқынмен еліміздегі 6 миллион жас пен жасөспірімге қызмет көрсете алмайтынын білдім. Оның үстіне құрылғылар ескі болатын. Сондықтан балаларға арналған жаңа сенім телефонын ашу мәселесін жан-жақты қарастырдық. «111» call-орталығында күн-түн демей 30 оператор жұмыс жасады. «150» нөмірін алғанда, бәрібір де ол жердегі штаттың ауқымын кеңейтуге тура келер еді. 3 оператор жұмыс атқарған орталықтың жұмысына жылына 20 млн теңге жұмсалса, штатты үлкейткен жағдайда  жылдық шығын бәрібір де  10 есеге, яғни 200 млн теңгеге дейін ұлғаяр еді,-деді Зағипа Балиева.

Ол бөлінген 533 млн теңгенің далаға жұмсалмағанын сеніммен айтты. «Тіпті, бір баланың өмірін сақтай алған болсақ, оның өзі көпке татиды»-деді.

  Балалар кез келген телефон арқылы біздің орталықтарға хабарласа алатындай мүмкіншілікке ие болды. Бұны мен бала құқығын қорғаушы уәкіл болғандықтан негізгі талап ретінде қойдым. Сол уақытта біз БҒМ, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерімен және Қауіпсіздік кеңесімен келісімдерге келдік. Естеріңізде болса, балалар арасында «Синий кит» деген ойын тараған болатын. Біз құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, аталған мәселенің алдын алдық. Сараптамалық жұмыстар жүргіздік.

Сонымен қатар, Аружан Сайынның «111» орталығы Зағипа ханымның атына тіркелген деген айыптауына:

   Мен заңды тұлға емес, уәкілмін. Бұйрықпен мұқият таныссаңыз, ол телефон нөмірі менің атыма Бала құқығын қорғаушы уәкіл ретінде тіркелген. Бұл менің жеке нөмірім деген сөз емес,- деді Мәжіліс депутаты.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы