Қай өңірдің қызы қымбат тұрады?

2529

 

Ақын Қадыр Мырзалиевше айтсақ, қазақ қазақты құда бол деп қинайды. Бұл әрине, құда түсу дәстүрінің ХІХ-ХХ ғасырлардағы сипаты. ХХІ ғасырда кейбір қазақ керісінше, құда болуға қиналатын болды. Өйткені, кейбір салт-дәстүріміз ниетке емес, пайдаға келіп тіреліп тұр. Әсіресе, қалың мал.  

 

Қалың мал алу қызды сату ма? 

Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева:

- "Қазақта алған қалың малдың мөлшеріндей қызға жасау жасайтын. Яғни, қалың мал қыздың жасауына кететін еді. Ата-анасы қызды сатқандай болмайды, жас отбасы тезірек аяғынан тұрып кетсін деп, отауына керек жабдықтарды сайлап беру үшін алатын.

Кейін, әрине, бұл дәстүр өзгеріске түсті. ХІХ ғасырдың аяғында кетіп бара жатып, сыңсу айтқанда қалың мал алған әкесіне қыздар "мені малға саттың" деп өкпе-назын білдіретін болды. Бірақ, одан бұрын (фольклористика ғылымы болмаған кезде) сыңсу жанрында ондай сөз болды ма, болмады ма белгісіз.

Алашорда арыстары қалыңмалға қарсы болған, кеңес заманында мұндайға тіпті тыйым салынды. Мен шынымды айтсам, осыны қолдаймын".

 

Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа

Тойып та, тоңып та секіре жүріп қазақ бүгін қалыңмалды қалай төлеуде? Қазақстанның әр өңірі қазір қалың мал беру дәстүрін әртүрлі ұстанады. Кейбір аймақ, әсіресе, солтүстікте бұл салтты әлдеқашан ұмытқан. Ендеше әр аймақтағы қалыңдықтың малын бағамдап көрелік. Әсілінде “қалыңмал” сөзі “қалыңдық малы” дегенді білдіреді.  

 

Ақтөбеде ана сүті – 50 000 теңге

Батыс Қазақстан облысындағы іргелес жатқан екі рулы елдің өзінде қалың мал беру дәстүрі мүлде екі түрлі. Мысалы, Ақтөбе қаласы қалың мал дегенді көп біле бермесе де, бірақ, "ана сүті" деп ырымдап ақша апарады екен.

Ақтөбе қаласында көбіне ана сүтін әкелу міндет. Ана сүті осыдан 2-3 жыл бұрын 50 мың теңге көлемінде берілетін, қазір доллар өсуі себепті баға да өскен болуы мүмкін. Бірақ, ана сүті де, киіт салу да жария етілмейді, тек екі отбасының өзара келісімі арқылы жасалады. Бірақ, "теңі келсе, тегін бер" дегендей, лайықты деп тапса, ол азаматты қалың малмен қинамай, қызын беретін. Дегенмен, қазақ "қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды" деп, ырымдаса да, бәрі бір кәдесін жасатып жатады.

Шығыс қызының қалың малы – бір жылқы

100 000 теңгеден басталады

Шығыс Қазақстанда біреулер қалың мал сұраса, енді бірі киіт алмасу дәстүрін ұстанады. Мысалы, Өскемен, Қатон-Қарағай өңірлері қыздың қалың малына бір жылқы сұрайды екен. Қалың малдан тыс, жағалы киім–киіт салып, құдаларға қымбат сыйлық жасайды. Бір қызығы, жасауды барған жеріне қызы әбден сіңгеннен кейін, тіпті, бір балалы болған соң апарады.

Бұған қосымша қыз алып отырған жақ қалтасына қарай ана сүтінің өтемі ретінде 100 000 теңге көлемінде ақша апаруы керек.

Бұл аймақта нақты қалың мал мөлшері жоқ. Екі жақтың келісімімен отбасылық жағдайларды ескере отырып, құдалық кәделері – өлі-тірісі, той малы (тойға арнап сойылатын мал) беріледі. Шығыс Қазақстандықтар қалың мал деп осыларды есептейді. Сирек жағдайда мұны ақшалай да беріп жатады. Ол 200 мың теңгеден басталады. Бұл салттың көрінісі Астана қаласында да дәл осындай сипат береді.

Алматы

100 – 500 мың теңге аралығы

100-150 мың теңге – ең төменгі қалың мал мөлшері. Көбінесе Алматы жұрты 300 мың теңгені қанағат көреді. Ең көп дегенде 500 мың теңгеге дейін барады. Қалың малдан бөлек басқа аймақтардағы тәрізді қоржын, киіт кигізу жоралғылары жасалады. Көбінесе киіттің мөлшері мен сапа, сипатын қос құдағи алдын ала келіседі. Қанша жағалы киім, қанша алтын, күміс, көйлек-жаулық, шапан-шапқыт қажет екендігін сұрасып, біліп алады.

Шымкент

1 млн теңгеге дейін

Ең төменгі мөлшер – 300,000 тг. Мұндай қалың малы төленген қыздың жасауы осы бағаға сай жабдықталып келуі тиіс. Оның ішінде төсек-орын гарнитуры, бір жүк (сандық ішінде көрпе-жастық т.б.) болады.

Орташа баға – 500,000 теңге. Қалың малыңыз осы мөлшерде болса, артыңыздан келген жасауға міндетті түрде төсек-орын гарнитуры, екі жүк және негізгі тұрмысқа қажетті заттар (теледидар, тоңазытқыш, т.б.) енуі керек.

Шымкентте қалыңмал құны 1 000,000 теңгеге жетіп те, асып та жатады. Қалың малыңыздың төлемі осындай болса, жасауыңыздың құрамына үйге қажетті барлық ұсақ-түйекке дейінгі заттар енуі керек.

Естімеген елде көп. Айтылған үш шамада да қыздың жасауына оның киімдері енеді. Төрт мезгілдік киіміңіз су жаңа бетінде этикеткаларымен келуі тиіс. Оның жаңа екендігі жеңгелер «тексерісінен» өтеді.

Тараз

300 мың – 1 млн теңге

Қалың малы көп төленетін қыздардың бірі – Тараз сұлулары. Шымкенттегі көрсеткіш мұнда да қайталанады. Қалыңдық малы 300 мың теңгеден 1 млн-ға дейін жетеді.

Басқа аймақтардағыдай мұнда да жігіт жақ қалың мал беруге, қыз жақ ұзатуға жағдайы келмей жатса, әдейілеп «алып қашу» салты жасалады. 

Тегін қызда абырой бола ма? Қалың мал берілмейтін аймақтар Қарағанды аймағы мен Қазақстанның батысы Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларында қалың мал мүлде төленбейді. Алайда қыздың абыройы үшін жасауына барлық тұрмысқа қажетті дүниелер, киім-кешектері енеді. 

Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі кезде барлық аймақта қыздың жоғарғы білімінің болуы оның қалың малының көлеміне әсер етеді. Қызыл дипломы, шетелде білім алғандығы – оның бағасын өсіре түсетін факторлардың бірі.

Мінекей, елдегі қалыңдық малы осылай бағалануда. Бірақ қыз бағасы қалың малмен ғана өлшенбек емес. Оның беделі мен абыройы барған жерінде қандай келін, жұбай, ана болғандығымен бағаланады. 

 

 

Аяулым ӘБІЛДА

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы