Елбасының тағы бір тапсырмасы тиімсіз жүзеге асырылуда

2194
Adyrna.kz Telegram

Елбасының тегін техникалық және кәсіптік білім беруді енгізу туралы өте маңызды тапсырмасы тиімсіз жүзеге асырылуда. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды  «Адырна» ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жастардың техникалық және кәсіптік білім берумен қамтылуы небәрі 17 пайызды ғана құрайды. Елбасының тегін техникалық және кәсіптік білім беруді енгізу туралы өте маңызды тапсырмасы тиімсіз жүзеге асырылуда. Дуальды оқыту да барынша қарқынды дамып отырған жоқ. Студенттердің тәжірибесі жиі формальды түрде ұйымдастырылады», - деді Ералы Тоғжанов педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі барысында.

Осы ретте Үкімет басшысының орынбасары техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бойынша түбегейлі шешімдер қабылдау қажеттігін айтты. «Жас маман» жобасы да үлкен олқылықтармен жүзеге асырылып жатыр. Жастарды жұмыспен қамту және экономиканы әртараптандыру үшін кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту бойынша түбегейлі шешімдер қабылдауды өтінемін. Ұлттық біліктілік жүйесі аясында бейресми білім берудің барлық нұсқасын белсенді енгізу қажет.

Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан бейресми білім берудің барлық нұсқасын жан-жақты енгізген жөн«, - деді Ералы Тоғжанов. Оның атап өтуінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметтеріне сәйкес, еліміздегі жоғары білім беру жүйесі осы деңгейде дами беретін болса, онда 25 жылдан кейін Қазақстанның ересек тұрғындарының 10 пайызы оқу және математикалық сауаттылық дағдыларынан айырылады.  «Негізінен жоғары оқу орындары басшыларының тиімсіз менеджменті салдарынан жоғары білім сапасының төмендеп бара жатқандығын байқаймыз.

Сондықтан жастар шетелде білім алуды қалайды. Университеттер жұмысының басты ұстанымы - зерттеу арқылы оқыту орындалмайды. ЖОО-лардың ғылыми-зерттеу жұмыстары өте әлсіз деңгейде ұйымдастырылады. Толықтай алғанда, білім беру жүйесінде біздің білім беруіміз бәсекелестік деңгейге шығып, сапалы білімді қамтамасыз етуі үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

 

Пікірлер