«Бұл балаларға жасалған қастандық», дейді ақтаулық ата-аналар

3276
Adyrna.kz Telegram

Ақтаулық ата-аналар қашықтан оқытуға қарсы. Олар коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталғанына қарамастан, балаларды қашықтан оқытуға шешім қабылдаған құзырлы мекемелерге өкпесі қара қазандай.

Індетке байланысты жағдай тұрақталса да, жергілікті билік кезекші сыныптар ашуға құлықсыз екенін алға тартқан ақтаулық ата-аналар өз наразылығын білдіріп, қол жинауға кіріскенін мәлімдеді. Ақтаулық ата- аналар үйде бала оқытумен қатар жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайтынын айтады.

«Менің төрт баламның үшеуі мектеп жасындағылар. Жаңа оқу жылына аз қалды. Мен балаларымды үйде қалай оқытамын, еш түсіне алар емеспін. Жекеменшік моншалар мен жағажайларда санитарлық талап сақталады екен де, ал мектепте бұл талап сақталмай ма сонда? Мұны кім ойлап шығарды? Қисынды ма бұл?» дейді ата-аналар. Олардың пайымдауынша, әр өңір жағдайына қарай қашықтан оқыту мәселесі бойынша шешім қабылдауы керек.

«Ақтау білім беру басқармасының басшысы Төлебаева Светлана 31 шілдеде Маңғыстау облысы індет қаупі бойынша қызыл сызықта екенін айтты. Кезекші сыныптар болмайды деді. Ал  27 шілдеде біздегі провизорлық стационарлар жабылды. 4 тамызда Үкімет басшысы Асқар Маминмен өткен селекторлы жиында эпидемиологиялық ахуалға байланысты шалғай ауылдағы шағын мектептер штатты режимде жұмыс істейтіні сөз болды.

Үкімет басшысы санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, бастауыш сынып оқушылары егер ата-аналары өтініш білдірсе, кезекші сыныптарда білім алатынын да осы жиында айтты. Мамин маған осындай құқық берсе, Светлана Төлебаева бұл құқығымды шектеп отыр. Бұл аз десеңіз, 10 тамызда Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстандағы коронавирустың таралуы тоқтағанын мәлімдеді. Кімге сенеміз?»-дейді түкке түсінбеген ата-аналар.

Мұнан бөлек, олар интернет байланыстың сапасына қатысты да шағым жасады.

«Интернет байланыстың сапасы сын көтермейді. Көктемгі карантинде мұғалімдер тапсырманы телеграм каналға тастап қана отырды. Сабақты түсіндіре алмауды  интернет нашарлығымен байланыстырды.  Ютубтағы сабаққа сілтеме беріп, тапсырманы орындауды талап етті. Әрине, бала ютубтағы сабаққа түсінбейді. Ақырында сабақты түсіндіру жұмысы ата- ананың еншісіне қалды.

Мұғалім мен ата-ананың сабақ түсіндіруі екі бөлек болғандықтан, баламыздың білімі төмендемесе, арта қоймады. Ағылшын тілінің онлайн сабағы үш минуттан тұрады. Сосын үй тапсырмасын орындау керек. Дәл солай қазақ тілі пәніне қатысты айтуға болады. Балаларымыз бұдан қалай білім алады?» деген ата-аналар өз сұрақтарына Білім басқармасы өкілдерінің жауап беруін талап етуде.

Олар «Маңғыстау облысында кезекші сыныптар ашылсын» деген талаппен ата аналар қол жинауға кірісті.

Ақпарат көзі: «Лада.кз»

 

Пікірлер