Егер Шымкентке жолыңыз түссе…

3363
Adyrna.kz Telegram

Туризм – әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Елімізде саяхатты дамытудың алғышарты – бұл саладағы насихатты  күшейту. Бұл тұрғыда, әсіресе, ғаламторға саяхатты үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді көптеп салу қажет.

Шымкент кез келген туристі тарихи, мәдени және табиғи көрікті жерлерімен, дәмді тағамымен және қонақжайлығымен таң қалдырады. Сарапшылардың айтуынша, туристерді тамсандырар табиғатымыз, ерекше салт-дәстүріміз, тарихи ескерткіштеріміз көп болса да, туристік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырғандықтан, Қазақстан ішкі және сыртқы туризмнен жылына 20 млрд долларды жоғалтады екен. Демек, қазір қолға алынған туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын дұрыс бағытта пайдалануымыз керек. Осы орайда Шымкент қалалық әкімдігі мен туризм басқармасы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін арттыру үшін жан-жақсы жұмыстар атқаруда.

Үшінші мегаполистің туристік тартымдылығын насихаттау мақсатында таяуда туризм басқармасының шақыртуымен қалаға National Geographic және New York Times журналдарының танымал фотографы Джордж Штейнмец келді.

Белгілі американдық фотограф қаланың негізгі туристік нысандарының, атап айтқанда Ескі қалашықтағы «Цитадель» жобасы, Тәуелсіздік саябағы, Қошқар ата өзені, Бәйдібек би ескерткіші мен этноауыл, Арбат пен Абай саябағы секілді көрікті орындардың фототүсірілімін жүргізді.

Енді мегааполис тұрғындары танымал кәсіпқойдың объективі арқылы шаһардың сұлулығын «құстардың көзімен» тамашалай алады.

Фотосуретші Қазақстанның оңтүстігі туралы шығармаларын миллионнан астам жазылушысы бар Instagram парақшасында және өзінің жеке веб-сайтында жариялады. Сонымен қатар суреттер National Geographic және The New Yorker сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрмек.

«Алдағы уақытта, пандемиядан кейінгі кезеңде Штейнмец түсірген суреттер Қазақстанның өзге өңірлерінде қала туралы фотокөрме өткізуге негіз болады», - дейді қала басшылығы.

Шымкент – бұрыннан туристерге тартымды шаһар, қаламызда зәулім қонақүйлер, дәмханалар бар, дендросаябақ, зообақ, тағы басқа көрікті орындар жетерлік. Олар Шымкенттің шынайы мақтанышы, қалаға келген қонақтарға да ерекше жылы шуақ, естен кетпес әдемі әсер сыйлайтыны рас. Дегенмен, мұның бәрі бірлесіп жымдаса жұмыс істемеген. Яғни, әрқайсысы өз қазанында қайнап, өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ендігі мақсат – осы туристік маршруттарды біріктіріп, жүйелеп, бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеуіне ықпал ету.

Осы орайда қаланың көрікті орындарын көрсететін арнайы туристік маршрут ашылуда. Ол маршруттардың арақашықтығы 30 минуттан болмақ.

Үшінші мегаполисте алғаш рет туристік полиция бөлімі құрылды. Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті конкурс жариялап, мамандарды іріктеп алды. Сосын қаламызда көлік көп, автотұрақтар мәселесі туындамас үшін Полиция департаментімен бірлесіп, әр ғимараттың алдында кезекшілік қойылған.

Туристік полиция қызметкерлері таңғы сағат 9:00-ден түнгі 1:00-ге дейін Арбат, Орталық саябақ, Наурыз алаңы, Қошқар ата өзенінің жағалауы сияқты қаламыздағы төрт ірі нысанда қызмет атқарады.

Осы бөлімшедегі полиция қызметкерлерінің міндеті қала туристері мен қонақтарына құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Егер турист өз құжаттарын жоғалтса немесе қандай да бір оқиға орын алса, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінуіне болады.

Сандық трансформация – туризм саласындағы басты трендтердің бірі. Жаңа технологиялар дамыған ғасырда табысты сала да заман көшінен қалмай келеді. Әлемдегі дамыған 37 мемлекеттің басын қосқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (OECD) мүше елдердегі барлық мекемелердің 77%-да жеке сайттары, 70%-да әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Туризм саласындағылар да сандық технологияның осындай ұтымды тұстарын игіліктеріне пайдаланады.

Шымшаһар да сандық технологияны туризм саласында оңтайлы пайдаланып жатыр. «Мәдени астана» аясында және қалаға келетін өзге де қонақтарды Шымкент қаласының көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында туризм басқармасы тарапынан қаланың ірі көшелерінің қиылысына ақпараттық навигациялық стелалар орнатылуда.

Навигациялық стела – бұл жақын орналасқан туристік нысандар туралы ақпарат көзі ретінде қызмет ететін әрі аймақта жылдам бағыт алуға жағдай жасайтын шағын көлемді дизайн.

Бүгінгі таңда аталған навигациялық стелалардың бірі – Б. Момышұлы және Желтоқсан көшелерінің қиылысында орнатылды. Алдағы уақытта бұдан өзге 29 стеланы орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

ҚАЛАДА КӨРІКТІ ОРЫНДАР КӨП

Бүгінде Шымкент – аумағы жағынан еліміздің ең ірі мегаполисі, республикалық маңызы бар қала.

Қаланың жалпы аумағы 117 мың гектар. Үшінші мегаполисте  ресми түрде миллионнан астам адам тұрады.

Келісім мен бейбітшілікте жүзден астам этнос өмір сүреді.

⠀      Шымкент – сізге жаңа мақсаттар, жаңа көкжиектер, жаңа оқиғалар мен жаңа эмоциялар сыйлайтын және де жаңа мүмкіндіктер ашатын Қала!

Шымкент қаласының ең ескі бөлігінде орналасқан Ордабасы алаңы тарихи және мәдени серуендердің орталығы болып табылады. Бұл қаланың бастауындағы ежелгі қамал, еліміздің рәміздері бар Тәуелсіздік саябағы, Қошқар ата өзенінің қасиетті көзі, кеңес дәуірінің қоғамдық ғимараттары бар Қазыбек би көшесі, сондай-ақ басқа да көптеген көрікті жерлер.

Мұнда жолыңыз түсе қалса, өз сапарыңызды дәл осы тарихи жерден бастауды ұмытпаңыз.

Басты алаң – әрқашанда кез келген қаланың келбеті, ал кейбір алаңдар тіпті, тұтас бір елдің визиттік карточкасына айналады. Ұзақ уақыт бойы В.И. Лениннің есімімен аталған Шымкент алаңы да осындай алаңдардың бірі, қазір ол қазақ даласының ұлы перзенті, дарынды ойшыл және философ – Әл-Фарабидің атымен аталады.

Алаңның қала үшін мәні ерекше, себебі ол басты туристік бағыттар жүретін орталықта орналасқан. Алаң орыс драма театры, Әл-Фараби мен Қазақстан Коммунистік партиясы Шымкент облыстық комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың ескерткіштері сияқты маңызды нысандармен қоршалған.

⠀      Оған қаланың жаңа көрнекті орындарының бірі – Бейбітшілік көшесінің жаяу жүргіншілер орамы - Арбат жанасады. Арбат – қала тұрғындары мен қонақтарының серуендейтін сүйікті орны. Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқанына қарай алаң адамның көп жиналатын орталығы болып тұр.

Шымкенттегі белсенді демалыс – бұл уақытты пайдалы, көңілді және қызықты өткізудің тамаша мүмкіндігі. Оңтүстік мегаполис қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызықты және белсенді демалыстың көптеген мүмкіндіктерін ұсынады.

⠀      Арбат – ерекше келбетті жаяу жүргіншілер жолы және қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының бірі. Әл-Фараби алаңынан Бейбітшілік көшесі мен Республика даңғылының қиылысына дейін, 500 метрге созылған қаланың көрікті жері.

⠀      Бұл көшенің атмосферасы таңқаларлық, әсіресе кешке, төбеде қалықтаған періштелер, түрлі-түсті қолшатырлар инсталляциясы мен субұрқақтардың жарық шамдары жағылған кезде, тіпті түрленіп кетеді.

⠀      Арбатта әрқашан көңілді: жанды музыка, флеш-мобтар, би сайыстары, фестивальдар, суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері, көптеген жанға жайлы кофеханалар мен мейрамханалар, кәдесый дүкендері.

⠀      Шымкент қаласына келген соң, міндетті түрде Арбатқа барып, оңтүстік мегаполистің атмосферасы мен жылуынан рахат алыңыз.

Күнқала мамыр айының ортасынан бастап оңтүстіктің ыстық жазы басталады.

⠀      Ыстық күндері субұрқақтың жанында жүріп, одан ескен салқын самалды сезіну бір ғанибет емес пе?!. Ал түнде субұрқақтар  музыкасы мен жарық оттарын ойнатып нағыз бір сиқырға айналады.

⠀      Бұл орайда қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының реніші жоқ, өйткені Шымкент субұрқақтар саны бойынша еліміздегі көптеген қалаларды артта қалдырады.

Қалаға келген кезде міндетті түрде кіріп шығатын қаланың көрікті жерлерінің бірі – шығыс базары Qyrgy Bazar. Бұл жердің өзінің қызып тұрған ырғағы бар, ал айналасында жаңа піскен жемістер, көкөністер, сүт және ет өнімдері, сондай-ақ бүкіл Орта Азияның кепкен жемістері мол.

Шымкентті ертеден бері «жасыл қала», «бақ қала» деп атайды. Оңтүстік мегаполиске келіп, міндетті түрде жасыл көкке бөленген қала көшелері мен саябақтарында жаяу серуендеуге уақыт табу керек.

ПАЛАУЫ МЕН САМСАСЫН ЖЕГІҢІЗ КЕЛЕ МЕ?!

Үшінші мегаполисті гастрономиялық әсер іздеген жандар үшін таптырмайтын тамаша орын деп айтуға болады. Жергілікті тұрғындар тағамдарды дайындау мен ұсынудың жөн жобасын жақсы біледі, ал мекемелер өзіне «дәмді және арзан» деген визит карточкасын бекітіп алған.

Еліміздің оңтүстік мегаполисі ежелден бері алуан түрлі және керемет дәмді тағамдарымен танымал. Орта Азияның ең үздік тамақ үлгілерін жинай отырып,  түп тамыры көне дәстүрлерге жалғасады.

Дәстүрлі шығыс тағамдарынан басқа, шаһар қонақтарын түрік, грузин, қытай, жапон, итальян, кәріс сияқты түрлі елдердің гастрономиялық хиттерімен қарсы алады.

Мұндай алуантүрлілік, тіпті, тіс қаққан тағам талғағышты да жайына қалдырмайды, ал бағалар айтарлықтай таңдандырады.

Егер сіз Шымкентке алғаш келсеңіз, онда жергілікті тұрғындар Сізді нағыз шығыс палауының дәмін көруге алып барады.

⠀      Оңтүстік өңірдің ас үйі тек Қазақ ұлттық тағамдарының ғана емес, өзбек тағамдарының да  ең үздік рецептілерін өзіне сіңірген. Бізде палауды жақсы көреді, оны дайындамайтын мекеме кем де кем.

Шымкентте шырыны тамған қарбыз бен хош иісті қауынның маусымы басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда ерте басталады. Маусым айының ортасынан бастап Шымкент базарлары бақшалық тәттілерге толы.

Қазақстанның оңтүстік өңірі елдің асыраушысы болып саналатыны таңқаларлық жай емес.

⠀      Отандастарымызды дәмді дәруменді өніммен қамтамассыз ету мақсатында Шымкенттен Алматы, Нұр-Сұлтан және Қазақстанның басқа да қалаларында өтетін  жәрмеңкелерге тонналап көкөністер мен жеміс-жидектер жеткізіледі.

ПАНОРАМАЛЫҚ КӨРІНІСІН КӨРГІҢІЗ КЕЛСЕ...

Әсем Шымкентті алақандағыдай көру үшін  бұлтқа көтерілудің қажеті жоқ. Романтикалық серуендер мен шолу экскурсияларына арналған панорамалық орындардың тізімін ұсынамыз.

📍 Жайлаукөл саябағындағы Altyn Eye шолу дөңгелегі

📍Тәуелсіздік саябағы

📍Технопарктегі әткеншек

📍Бәйдібек би ескерткішінің шолу алаңы

📍Кең баба Family park шолу алаңы

📍Бекіністің (цитадель) шолу алаңы

Сайрам шыңы

«7 must do»:

⠀      ✅Қаланың ең қызықты жерлеріне тегін жаяу серуенге аттану.

Visit Shymkent ақпараттық киосктер

✅ Өзіңіз үшін оңтүстіктің көркем табиғатының әсерлі көріністерін ашу

⠀      ✅Парапланмен ұшу немесе парашютпен секіру

✅Red Bus екі қабатты автобуста қала бойынша экскурсия жасау

⠀      ✅Жергілікті мекемелер бойынша гастрономиялық тур өткізу және Шымкенттегі тағамдардың ең дәмді екеніне көз жеткізу

⠀      ✅ Қайық пен катамарандарда жүзу

Асқаров атындағы дендросаябақ

Жайлаукөл саябағы

⠀       ✅Қаланың саяжолдары, гүлбақтары және саябақтарында серуендеу. Биыл қаламызда жасыл желекті аймақтар одан да көп болады!

ЭКОТУРИСТЕРГЕ ҚҰШАҒЫН АШАДЫ

Ежелгі тарихи және қазіргі заманға сай архитектуралық шешімдер үйлескен серпінді және қуатты мегаполис, мейірімді және қызу қанды тұрғындары бар шырайлы қала Сіз үшін ішкі саяхаттағы жаңа бағытты ашады.

Үшінші мегаполистің туризм саласы тек Шымкенттің төңірегінде дамиды деген бос әңгіме. Шымшаһардың маңайындағы Сайрам Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, ондағы естен кетпес Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі, Қасқасу шатқалындағы Қасқасу сарқырамасы, Ақсу-Жабағылы қорығы, т.б. бәрі де кереметтей туристік мақтаныштарымыз.

Карантин біздің жүріп-тұруымызды шектеді, дегенменде еңсемізді түсірмедік.

Жадырап жаз да соңына тақады,  барлығымыз қаланы аралап серуендеуді, тату тәтті компаниямен таза ауаға шығып демалуды құп көреміз.

ТІКҰШАҚ ЭКСКУРСИЯСЫ

Сіз бір күннің ішінде бірнеше биік таулы көлдердің керемет көрінісін  тамашалап үлгергіңіз келе ме?

⠀      Оңтүстік тауларының әсемдігі, биік таулы көлдер мен Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағының барлық көркем алқабы енді ұшар биіктен тікұшақ экскурсиясы форматында қол жетімді.

⠀📍Бағыт: Шымкент қаласынан ұшып шығу - Сайрам Өгем МҰТС - Мақпал көлі (т.д. 2290 м.б.) - Сусіңген көлі - Шымкент қаласына қайтып оралу.

⠀      АТТЫ ЭКСКУРСИЯЛАР

Атты экскурсиялар белсенді түрде демалғанды жақсы көретін жандардың көңілінен шығары сөссіз.

⠀      Атты экскурсиялар ұзақтығына қарай әртүрлі: 2-3 сағаттық және толық күндік серуендеу бар, одан қалса тіпті бірнеше күнге жергілікті гидтермен ат турларын ұйымдастыруға болады.

⠀      Гидтердің сүйемелдеуімен сіз жылқылармен қарым-қатынас құпияларын білесіз, атпен жүру өнерін меңгересіз және керемет табиғат көріністерін тамашалайсыз.

Сайрам-Өгем ұлттық саябағындағы және Ақсу-Жабағылы қорығындағы атты экскурсиялар кеңінен танымал.

 

Мәриям АЙТБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер