Тәжірибелі саясаткер: Джо Байден Трампты жеңе ала ма?

2567
Adyrna.kz Telegram

Сейсенбі күні Демакратиялық партия Джо Байден мен сенатор Камала Харристі АҚШ президенті мен вице-президентіне үміткер ретінде ресми түрде бекіткен болатын. Бұған дейін бір емес, екі сайлауда сүрінген Джо Байден бұл жолы көпшіліктің фаворитіне айналып отыр. Осы орайда назарларыңызға Трамптың басты қарсыласы жайлы бірер деректі ұсынамыз.

Джо Байден – АҚШ-тың 47-ші вице-президенті және Барак Обаманың жақын серіктестерінің бірі. Обама Байденнің кандидаттығы президенттікке ресми бекітілген соң: «Мен 12 жыл бұрын вице-президентімді іздей бастағанда, мен соңында өз ағамды табамын деп күтпедім», - деп өзінің сенімін білдірген.

Байден – заң ғылымдарының докторы. 60-жылдардың ортасында Байден Делавэр университетінен тарих және саясаттану бакалавры дәрежесін алған. Бірнеше жылдан кейін ол қосымша Нью-Йорк штатындағы Сиракуза университетінің заң мектебін бітіріп, 1968 жылы заң ғылымдарының докторы дәрежесін иемденеді.

Ең алғашқы жас сенатор. 1972 жылдың күзінде Байден, өзінің 30 жасқа толуына бірнеше күн қалғанда, Делавэрден сенатор болып сайланды. Ал бұл АҚШ-тағы мұндай лауазым үшін ең төменгі жас.

АҚШ-тағы ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі. Байден 1973 жылдың қаңтарынан бастап Барак Обама президент болып сайланғанға дейін 36 жыл сенатор болған. Осы жылдар ішінде ол Сенаттың Соттар комитеті мен Халықаралық қатынастар жөніндегі комитетін басқарған. Кейін ол АҚШ-тың вице-президенті боп сайланып, Обама президенттігінің сегіз жылында да осы лауазымын сақтап қалған.

Болашақтың 200 тұлғасының тізіміне енген. 1974 жылы, Байден сенатор кезінде, Time журналы оны «Болашақтың 200тұлғасы» тізіміне енгізді. Редакторлар Байденді «сенімді» және «өте өршіл» деп атады.

Бұған дейін ол екі рет өзін президенттікке ұсынған. Ол ең алдымен 1987 жылы Америка Құрама Штаттарының президенттігіне үміткер болатындығын жариялайды. Оған Джон Кеннедиден кейінгі ең жас президент болуға мүмкіндік туған, бірақ студенттік кезі мен көпшілік алдындағы сөздеріне қатысты плагиат деген айыптаудан кейін басы дау-дамайға қалып, өз кандидатурасын алып тастауға шешім қабылдайды. Сондай-ақ оның жұрт алдындағы көптеген сөздері сәтсіз шыққан тұстары да бар.

Кейін 2008 жылғы сайлауда Демократиялық партиядан президенттікке үміткер болуға ниет білдірді. Бірақ басқа кандидаттардың – Барак Обама мен Хиллари Клинтонның танымалдылығына байланысты науқан басында өз кандидатурасын алып тастады.

Өзінің қарапайымдылығымен танымал. Делавэрдің сенаторы кезінде Байден ұзақ жылдар бойы қоғамдық көлікті пайдаланып келген. Атап айтқанда, қалалық пойызды күнделікті пайдаланған.

Сонымен қатар, ол АҚШ-тағы ең бай сенаторлардың бірі ретінде танымал болды. 2007 жылы Сенаттағы өзінің соңғы жылында Байден жылдық табысы 300 000 доллардан асатындығын мәлімдеді.

Харрасменті үшін бірнеше рет айыпталған. 2019 жылдың көктемінде бірден бірнеше әйел Байденнің орынсыз әрекеті туралы көпшілік алдында мәлімдеді. Олардың бірі, бұрын Невада Ассамблеясында жұмыс істеген Люси Флорес өзінің естеліктерінде 2014 жылы Байден оны бір рет иығынан ұстағанын, екіншісі, Демократиялық партияның қызметкері Эми Лаппос АР агенттігіне берген сұхбатында Байденнің құшақтағанын айтқан. Дәл сол жылы тағы алты әйел оның құшақтап-сүйгені жайлы мәлімдеме жасаған.

АҚШ-тың айтулы марапатының иегері. 2017 жылы Ақ үйде өткен қоштасу баспасөз мәслихатында Барак Обама Байденге тосын сый жасап, оны президенттік "Үздік Бостандық" медалімен марапаттағған. Бұл марапат АҚШ-тың бейбіт тұрғындар үшін ең жоғары екі марапатының бірі.

Обама әкімшілігіндегі Украинамен байланыстағы басты фигураның бірі. Байден Америка Құрама Штаттарының Абырой төңкерісінен кейін Украинаны қолдауға себепкер болған бірден-бір тұлға. 2014 жылғы маусымда ол жаңадан сайланған президент Петр Порошенконың инаугурациясында АҚШ делегациясын басқарды. Ал 2015 жылдың желтоқсанында ол Киевтегі Жоғарғы Радада сөз сөйледі.

Байденнің саяси мансабының басталуы мен отбасының қайғысы қатар келген. 1972 жылғы Рождество қарсаңында Байден алғаш рет Сенатқа сайланып, жаңа жылдан кейін жаңа өкілеттіктерді қабылдауға дайындалып жатқанда, оның бірінші әйелі Нелия мен бір жасар қызы Наоми жол апатынан қайтыс болды. Әйелі мен қызынан басқа, көлікте Байденнің ұлдары Бо мен Хантер де болған. Олар ауыр жарақат алады. Бірақ аман қалып, денсаулықтары қалыпқа келеді.

Бірнеше жылдан кейін Байден ағылшын профессоры Джилл Трейси Джекобсқа үйленіп, бұл некеден Эшли есімді қызды көреді.

Сондай-ақ BBC-дің орыс тіліндегі жаңалықтар қызметінде Байденді шет елмен араздықты қаламайтын, нағыз дипломат екендігі жайлы айтылып, полицияға қарсы зорлық-зомбылық пен Covid-19-ға қарсы тактикасыларына байланысты оның Трамптан әлдеқайда алда келе жатқаны сарапталады.

Дегенмен, 3 қарашаға дейін әлі уақыт көп. Кімнің бәсі биік боларына алда талай оқиға себеп болмақ.

 

 

Айжан Пердебекқызы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер