Қазақстан ешқандай да мұсылман елі емес!

8263
Adyrna.kz Telegram

Қазір біздің қоғамда Ислам дінін жақтаушылар мен оған қарсы топтың арасындағы даудың тұтануы әп-сәтте. Екі тарапты дауластыру үшін кез келген тақырыпты ортаға тастай салса, бітті. Апталап айтысып, тартысып жатқаны. «Адырна» ұлттық порталында жарияланған «Донор» туралы материал да, қазақ даласында крематорий салуға қатысты сауалнама да діншілдер мен дінді жақтамайтын топ арасында қызу талқыға түскені сондай, қай топтың агрессивті екенін ажырату оңайға түскендей. Айтпағымыз бұл емес. сондай дау барысындағы пікірлерді оқып отырып, кейбіреулер өзінің қай елде тұрып жатқанын ұмытып кететінін аңғарасыз.

 

Дәп бір Ислам мемлекетінде күн кешіп жатқандай, шариғатты алға тартып, Құраннан мысал келтіріп шаптығып шығатындар аз емес арамызда. Біздегі дін ұстанушылардың осылай пайымдауына бәлкім, кей азаматтардың пікірі де ықпал ететін шығар, кім білсін. Мәселен, осы крематорий тақырыбына қатысты тіпті көзі ашық, білімді азаматтарымыздың өзі Қазақстанды «мұсылман елі» деп жазып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

 

«Астана қаласында 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңгеге мәйітті өртейтін крематорий салынбақшы. Бұл қалай? Біз өлігін өртейтін Үндістан емеспіз. Мәйітін арулап жерлейтін мұсылман елінде мұнша қаражат шашып крематорий салудың қажеті қанша?! Жерлеу біздің мәдениетіміз, дініміз. Еліміздегі тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз. Әруақ силау біздің қасиетіміз. Осынау байтақ далада мәйітті жерлеуге орын жетпейді деу ақылға сыйымсыз. Әрине мына заманда жерлеуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек. Қалай болса, солай шашыраңқы, ыйқы-жыйқы бейіт тұрғызуды доғаруымыз қажет.

Ысырап қылып зәулім-зәулім күмбезді зират тұрғызуды тоқтатуға тиіспіз. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпы тасқа кісінің аты-жөні жазылса, жеткілікті. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мұфтият крематорий салуға ресми түрде өз позициясын білдіруге, зиярат тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс». Осы жазбаның авторы кім екенін білесіз бе? Білмесеңіз, айтайық. Бұл мықты дінтанушының бірі  Қайрат ЖОЛДЫБАЙДЫҢ фейсбуктағы жазбасы.

Ал енді саясаттан хабары бар, шетелде білім алған, кеңестік жүйенің емес, жаңа заманның адамы саналатын тағы бір азаматтың пікіріне назар салайық.   «Астанада крематорий салынады, құрылысына 1,5 млрд теңге бөлінеді деген ақпарат шықты. Біз мұсылман еліміз. Ертең халық қарсы шығады. Қазақта жер де көп. Қандай қажеттілік бар?..

Бізде шенеуніктер елдің ойы мен халықтан тым алыстап кеткен. Мемлекеттік басқаруды бизнес проект ретінде қарайды. Бірақ ол шешімдер халықпен байланысқан рухани дүниелер синтезінен өтпесе түбі жақсы болмайды». Жазба авторы саясаттанушы Бауыржан СЕРІКБАЕВ.

Екі жазбада да Қазақстанды «мұсылман елі» деп атап көрсетілген. Бұл не? Сауатсыздық па, әлде білместік пе? Кез келген адамның наным сеніміне құрметпен қараймыз, әрине. Алайда өзіңнің діни ұстанымыңды тықпалап, ол аздай, заңды түрде зайырлы саналатын елімізді «мұсылман елі» деп атауды қалай түсінбек керек?

Крематорий салынса да, салынбаса да құрып кетсін! Крематоийді салу салмауға сіз бен бізден ешкім рұқсат сұрамайды да. Алайда зайырлы Қазақстан мемлекетін «мұсылман елі» деп, онсыз да ілік іздеп аласұрған дүмшелерді дүрліктірмейікші. Қазақстан бұған дейін де, қазір де мұсылман елі болған емес. Қазақ даласына Ислам мемлекетін орнатуға жанталасып жүргендерге мынадай пікір жазып, қолтығына су бүркігенше, әр қазақтың білім алуына, техника тілін меңгеруіне, уақыт ағынына сай азамат болуына ықпал етерлік дүние жазуға не кедергі? Діни сенім бе? Олай болса, өзіңіздің діни ұстанымыңызды әр тұсқа тықпалауды Қазақстан заңы да қош көрмейтінін ескертуге тура келеді. Жұртты шатыстырмаңыздар, Қазақстан ешқандай да мұсылман елі емес!

 

 Шоқан БАҚЫТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.  

 

 

Пікірлер