Қазақ-шешен қақтығысының құрбаны болуы мүмкін деген болжам бар

9077
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Ащысай ауылының тұрғыны Нұрлан Ахметовтің қазасы туралы ақпарат 16 тамызда әлеуметтік желіде тарады. Ішкі істер министрлігінің айтуы бойынша, кәсіпкерді 15 тамыз күні белгісіз біреулер өлтіріп кеткен. Денесінің тоғыз жерінен пышақ жарақатын алған Ахметов ауруханада көз жұмды. Қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Тұрғындар өлімді 13 жыл бұрын болған қазақ-шешен қақтығысымен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда шешен ұлтының үйлерін арнаулы полиция күзетуде.

Кәсіпкерге бұған дейін де бірнеше рет қастандық жасалған

2007 жылдың наурызында Алматы облысының Бәйдібек би және Қазатком ауылдарында жергілікті бірнеше қазақ және шешен тұрғындарының арасында қақтығыс болды. Нұрлан Ахметов ұлтаралық мәселені шешуге белсенді түрде атсалысқан азаматтардың бірі еді. Бұл оқиғадан кейін азаматтың басына қара бұлт үйірілген-ді.

Осыдан екі жыл бұрын кәсіпкердің көлігіне жарылғыш зат қойылған. Қастандық жасаушылар туған інісіне де оқ жаударған. Ахметов 31-арнаға берген сұхбатында «Пистолетпен келіп атып жатыр, автоматпен келіп атып жатыр. Жарылғыш зат қойып жатыр. Енді бір күні танкімен келіп таптап кеткенше жататын шығармыз осында»,- деп өз жанайқайын білдірген еді. Өкінішке орай, бесінші мәрте жасалған қастандық өліммен аяқталды. Министрлік орын алған қылмыстық істі 2 ай тергеп, тиісті адамдарды жазалаймыз деп уәде берді. Алайда 13 жыл бойы қолға түспеген қылмыскерлерді 2 айда анықтау мүмкін бе?! Бұл жолы полицейлер нәтижелі жұмыс атқарып, немқұрайлық танытпайды деп сенеміз.

Нұрлан Ахметов қандай адам еді?

Нұрлан Ахметов 1968 жылы Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащысай ауылында дүниеге келген. Ол - ауылдың сыйлы азаматы, қысқа ғұмырында біраз игі істерді атқарған белсенді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кәсіпкер үнемі өзгелерге көмектесіп жүретін қолы ашық, «қазақ» деп жиналған жерден қалмайтын ұлтжанды азамат болған. Соңғы рет, 10 тамыз күні Дулат Ағаділдің еске алу асына ниеттенген бір топ жастарды жинап, олардың жол-ақысын көтеріп барған.

Белсендінің артында әйелі мен төрт қызы қалды.

«Адырна» ұлттық порталы Нұрлан Ахметовтың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Мәселе тез арада шешімін тауып, жазықтылар жазасын тартады деп сенеміз.

 

Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер