Сезігімнен сенімім мол

1097

Жас ақын  - Абай Ораздың өлеңдерін алғаш оқи бастаған кезімде-ақ өн бойымды сүйсініс билегендей болды.

​​​Бозарса құланиек құла қырда,

​​​Желеді жарау аттай күн адырға.

​​​Арда емген арғымақтың суат жақтан

​​​Дүбірі ойнақ салды құлағымда, -

деп, «Жылқышының баласы» деген өлеңінде өзі айтқандай, менің де жүрегімде осы бір жас жүйрік дүбірлетіп бара жатқандай сезіндім.

Абайдың қазақы сөз саптасы мен өлең құдіретін арттыра түсетін өрнекті қисындары жан қуантады. Қай  өлеңін оқысаңыз да, оның көкірегінен төгіліп түскен көркем ой мен көрікті суретке кез болатыныңыз аян. Әрине, мен бұл ақынды мұнша марапаттап отырғанымда, ең бірінші, оның жастығын ескеріп отырмын, екіншіден, болашағына сенім артып отырмын.

Міне, осылай болғандықтан да, бұл ақын бауырымның өзім оқыған кейбір өлеңдеріндегі олқылықтарды да айта кетпекпін. Мысалы, ол кейбір сөз қолданыстарында өзі біле отырып, кемшіліктерге жол береді екен.

«Жылқышының баласы» деген өлеңде «Сүрініп боз жусанға боз даланың ,Естимін  құлынымның боздағы әнін» дейді. Бірінші жолдың дұрыс қисыны «Сүрінген  жусанына боз даланың» екені көрініп тұр. Ал екінші жолдағы «құлынымның боздағы әнін» деген сөзі тіпті орынсыз. «Құлынның әні» деген тіркесті бұл ақын қолдан жасап отыр. Осы өлеңдегі «Қамшымды басар едім әлі талай, «Тебінгі тер шірімей» тозбағанда» деген жолдардың екіншісі «Тебінгі терге шіріп , тозбағанда» болуы керек еді. Амал қанша, автор жұрттың бәрі білетін Махамбет сөзінің бір буынын өз қолымен жұлып тастаған.

Тағы бір айтар сыным – Абай кейбір өлеңдерінде астарлы ой айтамын деп отырып, бұлдырлыққа ұрынады екен. Мысалы, «Топырақ» деген өлеңін (автор «хикая» деп ерекшелепті ) оқыған адам ақынның не айтпақ болғанын түсіне алмақ емес. Түгелбай қайдан келді, қайда кетті?

Бұл өлеңнің тағы бір кемшілігі – бастапқы екі шумақтан кейін бунақтау жағынан сыртқы түрі өзгеріп кетіпті.

«Құнанбай» деген өлеңінде «Еске сала береді ескі үйдегі – Құтпан айғыр үйірі Құнанбайды»-дейді.  «Үйдегі» емес , «жұртта» шығар. Ол үйір неге Құнанбайды еске салады? Және тағы  да былай дейді: «Мені жыққан ақсақ тай айнымайды– Ақ саңлақтан оспадар Оспан мінген».

Міне, өлеңдегі буалдыр бұлдырлық деген осы!

Әрине, мұндай кемшіліктер жас ақындардың көбінен кезігеді. Менің ойым – ертерек ескертіп қою. Расын айтуым керек, өлеңдерімен енді ғана танысып отырған бұл інішегіме  сезігімнен  гөрі сенімім мол.

 

​​​​​​​​Әбубәкір Қайран,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы