Еліміздегі электронды қызмет көрсету жүйесі қарқынды дамып келеді

3129
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда электронды қызмет көрсету түрлері күн өткен сайын қарқынды дамып келеді. Биылғы карантиндік жағдай да қызмет көрсетудің бұл түрінің алға қарай жүруіне көп ықпалын тигізгені анық. Осы жылдың көктемінде еліміздегі электронды қызмет көрсету түрлері дамып қана қоймай, халықтың да жаңа заманға лайықты болуына түрткі болғаны аян.

Мәселен, ең алдымен білім саласын қашықтан оқыту жүйесіне көшіру үшін ата ана мен оқушыға компьютерлік білімнің қаншалықты екенін нақты көрсетті. Осыған дейін қолындағы телефонын тек байланыс құралы санап келген адамдар сол телефонмен қаншама жұмысты тындыратындарына да көз жеткізді. Осылардың қатарында электронды қызмет көрсету де бар.

Баласының білім алуын қадағалауды мақсат еткен ата ана түрлі видео конференцияларға қатысуды, ұстаздармен онлайн байланыс орнатуды үйренді. Сәл кейінірек үкімет карантинде отырған халыққа әлеуметтік көмек ретінде 42500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындады. Міне, дәл осы жәрдемақы миллиондаған азаматты электронды қызмет көрсету түрлерімен таныстырды.

Негізінен электронды қызмет түрлері бұған дейін де кеңінен қолданыста болғанына қарамастан, қазақстандықтар көбінесе Халыққа қызмет көрсету орталығына арнайы барып, сол жерден қағаз құжаттарды алуды құп көретін. Алайда пандемия кезінде жағдай күрт өзгерді. Азаматтар үйден шықпай, өзіне қажетті құжаттарды электронды түрде алып, жөнелтуге көшті.

Жоғарыда сөз еткен 42500 теңге жәрдемақыға құжатын тапсыру үшін телеграм каналдарынан бастап, электронды үкіметті пайдалануды меңгерді. Сұраныс пен қажеттілік артқан кезде кез келген жағдайдың жүзеге асатынын осы кезде де көз жеткіздік. Ал қазіргі кезде үйде отырып, жұмыссыз ретінде тіркеліп қана қоймай, белгілі бір мамандық бойынша жолдаманы да электронды нұсқада алуға мүмкіндік бар.

«Төтенше жағдай алынып, тек карантин қойылғанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз азаматтарға арналған түрлі жұмыс орындары ашылғанын және ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу қажетін хабарлаған болатын. Міне, осыған байланысты жұмыс іздеп, Алматыдағы Жұмыспен қамту орталығына бардым. Өкінішке қарай, мен сияқты жұмыс іздеген адам өте көп екен.

Ұзын сонар кезекке тұрып, ақырында жұмыссыз ретінде орталықта тіркелуге қол жеткізбеген күйі үйге қайтқанмын. Алайда арада көп уақыт өтпестен, министрлік тарапынан жұмыссыз ретінде тіркелу де, жұмысқа жолдама алу да онлайн жүзеге асырылатыны хабарланғанда, қатты қуандым. E-gov арқылы үйде отырып, статусыңызды жұмыс іздеуші етіп өзгерту арқылы қалаған жұмысыңызды іздеп тауып, жолдама ала аласыз енді. Бұл ретте электронды үкіметті дамытуда аянбай қызмет еткендерге алғыс айту артық болмас. Бұл күнде тұрақты жалақысы бар жұмысқа орналасып, отбасымды асырап жүрмін», дейді Асқар ҚҰРМАНБЕК өзінің пікірінде.

Ал университеттің үшінші курсында оқитын Ұлжан БЕКЕМБАЙҚЫЗЫ: «Ақылы бөлімде оқитын болған соң, оқу ақысын төлеуге ата анама жәрдем еткім келді. Оның ұстіне өздеріңіз білесіздер, қазір карантинге байланысты көптеген жұмыс орындары жабылды. Әкем жұмыссыз қалды. Содан не керек, әкем екеуміз электронды кілтті қолға алып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелмекке отырдық. E-gov сайтына кіріп, онлайн қызмет көрсетуді таңдап, ол жерден ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан көрсетілетін қызметтер қатарынан жұмыс іздеуші ретінде тіркелу бөліміне өттік. Осы бөлімде «жұмыс іздеуші» болып тіркелген соң, өзіміз істей алатын жұмыстарды «enbek.kz» сайтынан ерінбей қарап шықтық.

Әкем қоғамдық көлік жүргізушісі жұмысын, ал мен әлеуметтік қызметкер жұмысын таңдадық. Сөйтіп, осы жұмыстарға жолдама алу үшін «онлайн қызмет көрсету» тетігін басып, таңдау жасадық. Айналасы бірер сағатта әкем де, мен де жұмысқа қол жеткіздік. Еліміздегі электронды үкіметтің бұлай қарқынды дамуы бізді қатты қуантты. Қазір кез келген қызмет түрін электронды түрде алуға болатынын достарым мен таныстарыма ерінбей түсіндіріп, үйретіп те жүрмін», дейді.

Таяуда ғана әлеуметтік қызметкерлердің ІІІ онлайн-форумы барысында заман талабына сай әлеуметтік жұмыс тәсілдері талқыланды. Осыфорумда әлеуметтік қызметкерлердің ксіби білімін арттыру мәселесі де сөз болды.

Шараға 500-ге жуық адам, оның ішінде Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Израиль, Болгария, Грузия және Қырғызстаннан келген сарапшылар баяндама жасады.Форум барысында халыққа әлеуметтік көмек көрсету сапасын арттыру мәселелері де қаралды.

Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталықтың директоры Лира Раисова, арнайы әлеуметтік қызметтер мен АӘК көрсету сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік қызметкерлерді тестілеу жүйесімен таныстырды.

Оның айтуынша, шекті ұпай жинай алмаған әлеуметтік қызметкер қосымша оқудан өтеді, ал төмен ұпай жұмыстан шығаруға негіз болмайды. Тестілеу Қазақстан Республикасының заңнамасы мен әлеуметтік жұмыс әдебі туралы сұрақтардан, сонымен қатар тәжірибелік тапсырмалардан тұрады.

Қызметкердің толық бейнесін қалыптастыру үшін тестілеуге анкета мен жеке сипаттамаларын, коммуникативті құзіреттілігін және эмоционалды күйзеліс деңгейін анықтауға бағытталған психологиялық тест кіреді. Қызметкерлерді оқыту Zoom, Youtube, Citiesoflearning.eu базаларында онлайн-режимде өтетіндігін атап өткен жөн.

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер