ӨМІРЗАҚ АҚЖІГІТ: Қазағым, сенбе ешкімге!

3837
Adyrna.kz Telegram

"Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?.." (Абай)

"Аман қалған шабуылдан жүздеген,
Батыр халық екенбіз ғой біз деген.
Айтысатын ақсақалы қызбенен,
Ақын халық екенбіз ғой біз деген.
Астындағы атын алты ай іздеген,
Аңқау халық екенбіз ғой біз деген.
Әттең! Бабам маңдайынан аққан сор,
Аңқаулығы басымырақ жатқан соң!.. (Қадыр Мырза Әлі)

Арктиканың ақ аюлары өте сирек кездесетін адамдардан ешқандай сезіктенбей, олардың қасына жақындап келе береді екен. "Көп болса бұл да өзімдей айуан шығар, айырмашылығы екі аяқты екен, менен күшті не бар?" деп ойлайтын болса керек, адамның аңнан да жаман екенін қайдан білсін...
Біздің қазақ та сол ақ аю секілді аңқау, тіпті аңғал, жұрттың бәрін өзіндей көреді, кім не айтса соған сене береді. Отыз жыл бойы Нұрекеңнің "қырық өтірігіне" алданумен болды. "Ақ жолға" сенбегенде кімге сенеміз, бәрі бұрын министр болғандар, миллионерлер!" десті... Мәжіліс спикері кезінде қазақ тіліне табандап қарсы болған, "халқы үшін жанын пида еткіш" Жармахан сол халықтың өкілінен, мейлі бұзық бала болсын, қонақүйдің екінші қабатынан секіріп қашса да сенуін қойған жоқ, керісінше "қайтсін, байғұс, жаны екеу емес қой" деп ақтап алыс-ты. Елді тақырға отырғызған Қажыгелдиндей қудың қолшоқпары болған алаяққа да сенді былтырғы сайлауда. Қазақта "жаман нәрсенің атын атасаң көбейіп кетеді" деп, қасқырды "ит-құс" деп сөйлейтін ырым бар ғой, біз де атың өшкірдің атын атағымыз келмей отыр...
Енді Абай атамыз тірі болғанда "бойы - бұлғаң, сөзі - жылмаң, кімді көрсем мен сонан, бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан" деп, қарасын көрмей кететін Мұхтар Тайжан секілді адаммен Жерді бірлесе қорғайтын болып қалыппыз...
Құнанбай қажы "қай нәрсе адамның бағы болса, сол нәрсе оның соры" деген. Өте дұрыс айтқан. Жақсылық шексіздікке ұмтылса жамандыққа айнала бастайды. Аңқаулық - адалдықтың, адамдықтың, тазалықтың, кісіліктің, өзге жайлы жаман ойламаудың символы. 90-жылдары отанына оралған гректер қазақтарды сағынып, біздің жақсылығымызды еске алса, жергілікті гректер "сендер біздің ол жақта болмағанымызды пайдаланып өтірік айтып отырсыңдар, мына заманда ондай халық болуы мүмкін емес!" деп сенбейді екен. Иә, біз адал, аңқау, сәбидей сенгіш "могикандардың" соңымыз. Сол қасиетімізді "іштен шыққан шұбар жыландарымыз" керемет пайдаланып келеді.
Қазағым, сенгіштігің - сорың! Маңдайыңнан аққан сор азайсын десең аңқаулықты таста! Әбләзовтардан алты шақырым аулақ жүр! Мұхтарларды маңайыңа жолатпа! Оларға сен керек емессің, оларға керегі - билік! Коммунистерді, бүгінгі биліктегілерді болашақта желкеміздің шұңқыры көретін болсын! (Рас, олардың ішінде де "елім!" деген ерлер бар, онсыз болмайды, бірақ, олар орысша айтқанда "исключение, подтверждающее правило"). Абай атамыз айтты ғой:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап!
Сенбе ешкімге, тек өзіңе сен! Әсіресе екіжүзді сенаторлар мен мәжілісмендерге! Жеке сөйлескенде олардан асқан дана, олардан асқан қазаққа жанашыр жоқ. Сенің алдыңда да сайрай бастаса, қазақтың мүддесіне қарсы заңға қол көтерген-көтермегенін сұрай қой, шаруасы бітеді бірден...
Беларустардан үлгі алайық! Алты күн болды олар билікпен алысқалы, арасынан әлі бір серке шыққан жоқ тілі мен жағын безеніп, бірақ, ХАЛЫҚ оларсыз да күннен күнге бірлігін күшейтіп, билікке қояр талабын қатайтып келеді. Беларустар бізден де аз. Бірақ, нәтижеге қол жеткізуге жақындап келеді. Ненің арқасында? Әрқайсысы өзін ТҰЛҒА сезінгенінің арқасында, "менің қатысқан-қатыспағаныма, менің үлес қосқан-қоспағаныма байланысты бәрі, менің дауысым - шешуші дауыс!" деген тұжырым-түйінге келгендерінің арқасында. Қазақ та ешкімнен кем емес, көп жері артық болса болуы мүмкін, бірақ, кем емес анық! Біздің аузымызды аштырмай, аяғымызды бастырмай, басымызды қостырмай отырған екі-ақ нәрсе - АҢҚАУЛЫҚ пен АЛАУЫЗДЫҚ!
Қазақ құрдымға қарай құстай ұшып келеді. Оның аман қалуы, қатарға қосылып, Ел болып кетуі, немесе құрдымға құлап, жоқ болып жойылуы - әрбір қазаққа тікелей байланысты. Бұл ешқандай "асыра сілтеу" емес - ия бар болатын, ия бордай тозатын кезеңге келдік...

Өмірзақ Ақжігіттің жазбасынан

Пікірлер