Сақтық шараларын сақтап, тәртіпке бағынғанымыз дұрыс!

2615
Adyrna.kz Telegram

 

  17 тамыздан бастап карантин шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетіледі. Бұл туралы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында хабарланды. Карантинді жеңілдеткен қаншалықты дұрыс? Індетті одан әрмен өршітіп алмаймыз ба? Сақтық шараларын сақтап, індет үдеуінің алдын ала аламыз ба? Осы мәселе төңірегінде «Адырна» ұлттық порталы әртүрлі сала өкілдерінің пікірін білді.

 

Айдар ҚҰРЫМБАЕВ, асаба, ресторатор: Карантинді шешу керек. Өйткені, халық коронавирус бар болсын, жоқ болсын бәрібір той жасайды. Сол жағын үкімет қарастыру керек. Карантинді жеңілдетпесе, үкімет өнердегі азаматтарға көмек беруі керек. Олар да адам. Бала-шағасы бар, жейтін наны бар.

Айбек БЕКБОСЫНОВ, мәдениет саласының үздігі: 17 тамыздан кейін қауіп болмаса, карантиннің жеңілдетілгені дұрыс. Неге десеңіз қарапайым халықтың 90-95 пайызы базарда, автобуста, сонымен қатар қара жұмыс істейді. Адамдардың көбісі жұмыссыз қалды. Қазіргі  таңда халықтың жағдайы өте ауыр. Сол тұрғыдан алғанда жеңілдетілгені дұрыс. Нақты қауіптің бар-жоқ екені белгісіз, сақтық шарасын қолданған күннің өзінде жағдай қиындау. Ал 17-нен кейін жағдай тұрақталар болса, базарларды ашу керек, қоғамдық көліктерді жүргізу керек. Қыса берудің жөні жоқ.

Нұржан САРҚАМБАЕВ, актер: 17 тамыздан бастап карантиннен кезең- кезеңмен шықсақ деймін. Алайда, сақтық шараларын қатаң сақтап, тәртіпке бағынғанымыз дұрыс. Көпшілік жиын тойлардан бас тартып, отбасының, жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қараса деймін. Алла жазса, бұл қиындықтардан да өтерміз. Жеңісті, жемісті күндерде қауышайық, ағайын!

Мапруза УТУЛЕНОВА, солист: Карантинді жеңілдетсе, жақсы болар еді. Кей күндері автобустар тоқтап қалады, ол деген автобус жүргізушісі жұмыссыз қалды деген сөз. Және де автобустарды  азайтқаны да дұрыс емес. Өйткені ондай кезде сақтық шаралары сақталмайды. Келесі мәселе сұлулық салондары, шаштараз сияқты шағын бизнестерді тоқтатпай-ақ қоюға болады. Себебі, қазір ешкім ұзын-сонар кезекке тұрмайды. Алдын-ала жазылып қоюға болады. Шыны керек шаршадық. Көпшілік жиналатын шаралар болмағаны дұрыс. Дей тұрғанмен де, елдер бірте-бірте жұмыстарына кіріскені жөн. Карантинді жеңілдету керек.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер