«Ресейлік вакцинаны адам түгілі маймылға салдырмаймыз» дейді АҚШ ресми өкілдері

825

Бірер күн бұрын Қазақстан президенті  Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ әлем бойынша бірінші болып коронавирусқа қарсы вакцинаны тіркеткен Ресей елінің президентін құттықтап жеделхат жолдаған ды. Сонымен қатар өз хатында біздің президент осы айда Ресейге Қазақстаннан вакцинаны сатып алу мүмкіндіктерін қарастыратын делегаттар баратынын да хабарлаған. Covid-19 қарсы ресейлік вакцинаны Қазақстан сатып алуға шарт түйініп, дайын отыр. Ал бұл вакцина туралы басқа жұрттың пікірі қандай?

11 тамызда Ресей президенті Владимир ПУТИН әлем бойынша Covid-19  қарсы алғашқы вакцинаны ресейлік ғалымдар ойлап тапқанын, вакцинаның тіркеуден өткенін хабарлап, сүйінші сұраған болатын. Путиннің сөзіне сенсек, вакцина мықты иммунитетті қалыптастырып, нәтижелі көрсеткіш берген. Сонымен қатар барлық қажетті тексеру талаптарынан өткізілген. Коронавирустың емін таппай, бүкіл әлем ғалымдары бас қатырып отырғаны мәлім. Алайда өзге әріптестерін басып озған ресейлік ғалымдар індеттің бетін қайтаратын екпе ойлап тауып, тіркеуден өткізіп қойғаны әлем жұртшылығын қуантудың орнына, секем тудырып, күмәнді қоюлатқандай.

Ғылыми жаңалық ашудағы мүмкіндігі зор деген Еуропа, АҚШ сияқты алпауыт елдер Covid-19 вирусына шипа таппай отыр. Әзірге бірнеше екпеге сынақ жасалып, нәтижесі күтілуде. Ал ғылымы шарықтап дамыған АҚШ, Еуропа елдері нәтиже күтіп отырғанда, Ресейдің мынадай тапқырлығы мен шапшаңдығы кімді болса да секемдендіретіні сөзсіз.

«Естеріңізде болса, аз уақыт бұрын ғана ресейлік хакерлер АҚШ зертханаларына үздіксіз шабуыл жасап, вакцинаның формуласын ұрлауға әрекеттенгені туралы хабарланып еді. Енді Ресей осындай вакцинаны ойлап тапқанын мәлімдеп отыр. Ғылыми потенциалы аса жоғары АҚШ-тың өзі өндіріске енгізе алмай отырған вакцинаны Ресейдің ойлап табуы тым сенімсіз-ақ. Хакерлер ұрлап алды деген күннің өзінде де оны сынақтан өткізу керек емес пе? Путиннің ауырып тұрған қызыма сынап көрдік дегені де қисынсыз. Ауырса дәрімен емделмей ме, вакцинаның (вакцина ауырмау үшін алдын-ала дені сау адамға егіледі) оған не қатысы бар?

Күдікті нәрсеге біздің президенттің елдің алдымен жетіп баруы тіпті ақылға сыймайды. Құдай сақтасын, біздер, үлкендер жағы, қолымызды шығарып кетерміз, бірақ ертең балаларымызға егіп бастап жүрмесін?» деп жазады Қуаныш ЕДІЛХАН өзінің Facebook парақшасында.

Дәл осындай күмәнді Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) да алға тартады. ДДҰның өкілі Тарик ЯЗАРЕВИЧТІҢ  пікірінше, Ресейде тіркелген вакцина мұқият тексеруден өтуге тиіс.  DW агенттігінің хабарлауынша, «Кез келген вакцина құрамы мен әсер етуі жағынан жан жақты, мұқият тексеруден өтуі керек», деген Язаревич ресейлік вакцинаның барлық талапқа сай жасалғанына аса сенім артпайды. Әлем бойынша COVID-19 вакцинасы сынама жұмысының үшінші кезеңі енді жүріп жатқанын ескерсек, ресейлік ғалымдардың әрекеті «арбаның алдына шығып кеткендей» көрінеді.

Сонымен қатар АҚШ баспасөз құралдары ресейлік ресми тұлғалардың американдық ғалымдарға «бірге жұмыс істейік» деп ұсыныс жазғанын жарыса жазуда. Әйтсе де, АҚШ Ресеймен вакцинаны бірлесіп жасаудан түбегейлі бас тартқан. CNN агенттігінде жарияланған осы материалда осындай ұсыныс пен бас тартудың болғанын «Мәскеудегі ресми тұлғалар» да растағаны айтылады деп жазады vz.ru ақпараттық сайты. Дәл осы «Взгляд» сайтында мынадай да ақпарат беріліпті: «Ресейлік вакцина назар аудару былай тұрсын, бізді тіпті елең еткізбеді де. Ресей ойлап тапқан вакцинаны біз адам былай тұрсын, маймылдарға сынама ретінде салғызбаймыз да» дейді атын көрсеткісі келмеген американдық шенеунік.

Демек, АҚШ Ресейге сенім артпайды. Сенім қандай жағдайда жоғалатынын тәптіштеп түсіндіру артық болар. Алпауыт ел АҚШ ресейлік өнімге күмәнмен қарап отырғанда, ғылымы кісі аярлық деңгейдегі Қазақстанның ресейлік вакцинаны сатып алуға деген құлшынысын қалай түсінбек керек? Ресейдің «тәжірибеге арналған көжектері» ТМД елдері екенін ескерсек, бұл елдің қатарында біз де бармыз. Демек, дамыған елдердің ғалымы сенбеген ресейлік вакцина бізге салынады.

Меруерт ХУСАИНОВА,

"Адырна" порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы