Семей қаласындағы тарихи-мәдени 5 орын

10253
Adyrna.kz Telegram

 

Ерке Ертістің жағасында орналасқан Семей қаласы –  қазақ халқының рухани ордасы. Ұлт зиялылары 1917 жылы Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы деп осы қаланы белгілеген. Елдің рухани дамуы жолында айрықша маңызға ие Семей қаласынПрезидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Абайдың 175 жылдық мерейтой қарсаңында тарихи орталық ретінде белгілеу жөн деп айтқан-ды. Осы орайда ұлы Абай еліне саяхаттай барған иісі қазақ бас сұқпай кетпеуге тиіс айтулы орындардың топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы. Мұражай Абайдың туғанына 95 жыл толуына орай арнайы құрылған. Мұнда ақын пайдаланған кітаптар мен өзге де бұйымдар сақталған. Абай өміріне қатысты бірнеше залға бөлінген.

Сондай-ақ мұражай кешенінде ХІХ ғасырда жас бүлдіршіндерді шығыс әдебиеті мен мәдениетіне баулып, діни білім берген Ахмет Риза медресесінің қалпына келтірілген үлгісі де бар.

Тарихи-өлкетану музейі. Қазақ жеріндегі алғашқы музейлердің бірі – Семейдің облыстық өлкетану музейі. Музейдің құрылуына орыстың саяси жер аударылған демократтарымен қоса, ақын  Абай да түрткі болған. Қазіргі таңда музей ғимараты  1895 жылы салынған генерал-губернатордың үйінде орналасқан. Осы үйде 1917 жылы Ә. Бөкейхан Семей қаласының тұрғындарымен кездескен. Дәл сол жылы Қазақ автономиясын құру жайлы шешім де осы ғимаратта қабылданған.

Музей қорында ерте және орта ғасыр жәдігерлері, қазақ зиялылары мен саяси жер аударылған жандардың тұтынған заттары, олар жайлы мәліметтер сақталған.

 

 

«Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов» мұражайы. Бұл мұражай –еліміздегі Алаш арыстарына арналған тұңғыш мұражай. 1997 жылы заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай Әнияр Молдабаевтың үйінде ұйымдастырылған. Уақытында бұл үй Абай түскен Семейдегі санаулы үйдің бірі болған. Мұражайдың тағы бір ерекшелігі  1921-1922 жылдары Ә. Бөкейхан мен М. Дулатұлының отбасы осы үйде тұрған. Бұл жайында Гүлнар Міржақыпқызының естеліктерінде айтылады.

      Мұражайда Алаш қозғалысы жайындағы мәліметтер, Алаш арыстарының еңбегі мен өмірі, М. Әуезовтің семейлік кезеңіндегі деректер бір-бірімен байланыста көрініс тапқан.

Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайы. Орыс жазушысы Ф.М. Достоевскийдің туғанына 150 жыл толуына орай 1971 жылы ашылған. Мұражай екі бөлімнен тұрады: бірі – ашылған кітап пішіндегі жазушының шығармашылығына арналған бөлім болса, екіншісі – жазушының 1857-1859 жылдар аралығында тұрған екі қабатты үй. Бұл үйде қаламгер әйгілі «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және тұрғындары», «Өлі үйдегі жандар» сынды шығармаларын жазған. Мұражай қорындажазушының шығармаларының түпнұсқалары, кітаптары, тұтынған мүлік-мүкамалы, шығармашылығы жайлы зерттеулер сақталған.

Сонымен қатар бұл мәдени ошақ Ф.М. Достоевский мен Ш.Ш. Уәлихановтың достығынан да сыр шертеді. Орыс жазушысы мен қазақ оқымыстысының рухани достығы үшін арнайы мұражай алдына ескерткіш те орнатылған.

Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі. Музей  1988 жылы ашылған. 1991 жылы Невзоровтар отбасы атауы берілген. Себебі, музейде сақталған коллекцияның 500-ге жуығын осы отбасы сыйға тартқан.

Музейде XVII-XIX ғасырдағы голланд, ағылшын, француз, орыс суретшілердің картиналары сақталған. Бұдан бөлек, Ә. Қастеев, А. Ғалымбаева, Г. Исмаилова, С. Мәмбеев  сынды  қазақ суретшілерінің туындылары да бар. Музей төрінде заманауи қазақ бейнелеу өнері де өзіндікорнын таба алған.

Невзоровтар әулеті Семей халқы үшін баға жетпес байлықты сыйға тартқан. Жас ұрпақ пен сұлулыққа, өнерге ынтық жандар бұл әлемге бір сүңгіп,  рухани мол азық пен эстетикалық ләззат алары сөзсіз.

Аталған тарихи-мәдени орындардан бөлек, Семей қаласында қазақ тарихындағы белді-белгілі тұлғаларға арналған ескерткіштер, Құнанбай қажылыққа аттанған еліміздегі ежелгі мешіттердің бірі – көпес Тыныбай Қаукенов атындағы мешіт, биологиялық орталық, полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» сәулет-мүсін кешені бар. ХІХ ғасырдан бері сақталған өзге де ғимараттар қаланың сәнін келтіріп, жиһанкездер үшін сол заманның кескін-сипатын анық көрсетіп тұр.

Айжан ҚҰРМАНБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер