Қазақ даласына крематорий керек пе?

4703
Adyrna.kz Telegram
Концлагеря Аушвиц и Айшвиц-Биркенау, Польша. Декабрь 2012
Концлагеря Аушвиц и Айшвиц-Биркенау, Польша. Декабрь 2012

Қазақ даласында екінші крематорий салынады. Естеріңізде болса, бұған дейін бірінші крематорий Алматыда салынатынын, оның тіпті бюджеті бекітіліп қойғанын  жазған едік. Енді Нұр-Сұлтанда да дәл сондай мәйітті өртеу орны ашылмақ.  Оған бюджеттен 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңге бөлінді.

 Әлемді аласапыранға түсірген пандемия кезінде крематорийдің қажеттілігі неден туындады деген заңды сұрақ туары анық. Десек те, біздің қоғамда мәйітті өртеуді қолдайтын азаматтар да жоқ емес. Әрине, бұл бастама қазақстандықтардың басым бөлігі тарапынан қолдау таппас. Соған қарамастан, крематорий салу мәселесіне байланысты бірнеше азаматтың пікірін сұрап көрдік, жауаптары төмендегідей болды.

Мәйітті өртеген дұрыс па, көмген дұрыс па?

 «Бұл әрине, менің жеке пікірім. Өз басым мәйітті жерге көмуден гөрі, өртегенді жөн санаймын. Неге? Себебі, пәлен соттық жерге зират соққанша, сол жерлер басқа керекті нәрсеге пайдаланылғаны дұрыс емес пе? Өлген адамға емес, тіршілік тірі адамға керек. Сондықтан осындай крематорийлер ірі қалалардың бәрінде салынса. Әрине, дәл қазір біздің қоғам мәйітті өртеуді қолдай қоймас. Алайда уақыт өте келе крематорийдің қажеттілігін мойындайды деп сенемін», - дейді әлеуметтану саласының маманы Есбол АЙДАРҚҰЛ. Сонымен қатар Есбол санитарлық жағынан да мәйітті өртеуді дұрыс деген пікірде.

Ал өзінің инста парақшасында Қазақтың ДӘУЛЕТІ: «Сұмдық! 1.5 миллиард теңге! Құрылыс биыл басталады, ал нысанды 2022 жылы пайдалануға беру жоспарда бар. «Жергілікті және республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге немесе 3,6 миллион доллар бөлінеді. Жобаның басты мақсаты – зираттардың аумағын азайту», - делінген хабарламада.

Аталмыш жоба 5 тамызда жарияланды, талқылау 19 тамызға дейін жүреді.
Ағайын, бұған қарсы шықпасақ болмайды! Қай ата-бабамызды өртке ораған едік?! Жер жетпейтіндей, Бангладеш, жыл сайын аралы азайып жатқан Жапония немесе Индонезияда тұрмаймыз!!! Әлем бойынша 9 орын алатын жеріміз бар!!! Адам өртеуді бала кезімде Индия киноларынан көретін едім. Енді міне, кришна салты бізге де келгені ме?»-деп дабыл қағады.

Біз хабарласқан азаматтық белсенді Төртуыл ШОҚАН: «Мен крематорий салуды қолдаймын. Өзіңіз ойлап қараңызшы, мысалы, үлкен қалалардың жері зиратқа бөлінген. Алматының өзінде Кеңсай -1, Кеңсай-2 деп бірнеше бөлікке бөлінген жерлер бар. Ал қаланың маңайы мен қаланың қақ ортасындағы зираттар қаншама?! Осыншама жерді зираттан гөрі, тірі адамның пайдалануына берсе, несі жаман?

Ал енді осы елдің азаматы ретінде айтарым, Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс мекендейді. Егер крематорий салынса, кәрістің, немістің, қытайдың, қазақтан басқа ұлт өкілдерінің қайтыс болған адамдарын крематорий жасау арқылы өз елдеріне жөнелтуге мүмкіндігі бар. Қазақтар крематорийға алдағы жүз жылдықта мәйітін апармайтынын ескерсек, ұлтшыл ретінде қазақтың жерінде басқаның сүйегі де қалмауы керек деген ұстанымдамын. Қазақтың жері тек қазаққа қалуы керек.

Ал діни тұрғыдан бұл мәселені қарастырсақ, о дүниеге он екі мүшесімен бару турасындағы әңгіме бос сөз. Мәйітханадан шыққан мәйіт ешқашан бүтін шықпайды. Кеңірдегінен бастап, кіндігіне дейін сойылып, ішіндегі жарамды органдары түгел алынады да, бос қалған қарнына мата, шүберекті толтырып бере салады. Сондықтан тірінің қамы жасалуы керек. Тау бөктерін қуалай жайылып бара жатқан зираттың орнына, тірі адам демалатын орын салынса, сол дұрыс емес пе?» -дейді.

Біз сұрау салған келесі азамат, болашақ дінтанушы Дастан САРМАН: «Жалпы, крематорий салу дегеніміз, қайтыс болғандарды жаппай өртеу дегенді білдірмесе керек. Өртеу немесе жерлеу мәселесін әзірге әркім өзі таңдайды. Алдағы уақытта арнайы заң шығып жатса, онда бұл мәселеге қатысты нақты пікір айтуға болар еді. Ал дәл қазіргі кезде, пандемиядан ел экономикасы құлдырап жатқанда, крематорий тақырыбын ортаға салудың қаншалықты қажеті барын түсіне алмадым. Дәл қазір крематорий маңызды ма, адамдардың саулығы ма? Негізгі сұрақ осы болуға тиіс еді», -дейді.

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер