Қытайда тауық етінен коронавирус анықталды

1267

Қытайда Бразилиядан импортталған тауық етінен Covid-19 анықталды. Бұл туралы  inbusiness.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлады. Қазір бұл елдің кеден қызметкерлері басқа елден әкелінетін тауарларды тексеруде.

Тауық етіндегі вирусты денсаулық сақтау қызметкерлері тест өткізу барысында анықтаған. Содан кейін мамандар өнімді ұстаған адамдарды да тексерістен өткізді. Бірақ олардың ешқайсысы ауруға шалдықпаған. Ал сатылған ет дер уақытында табылып, зарарсыздандырылды.

Бұған дейін Қытайдың басқа қаласында Эквадордан әкелінген асшаяннан қауіпті инфекция табылған еді. Осыған байланысты қазір елдің кеден қызметі барлық азық-түлік өнімдерінен, әсіресе теңіз өнімдері мен етті арнайы тексерістен өткізіп жатыр.

Ескере кететін жайт, шілде айынан бері Қытайдың жеті қаласында өнім қабынан Covid-19 анықталған болатын. Кей сарапшылардың пікірінше, азық-түлік өнімдерін салқын жерде сақтау вирустың ұзақ тіршілік етуіне септігін тигізетін көрінеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы