Беларусь Ресейді Қытайға алмастырмақшы ма?

3863
Adyrna.kz Telegram

Қытай басшысы Си Цзиньпин алғашқы болып Александр Лукашенконы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Қытай үкіметі мен қытай халқының атынан, сондай-ақ жеке өзімнің тарапымнан құттықтаулар мен ізгі тілектерімді білдіргім келеді.  Беларусь мемлекеті сіздің басшылығыңызбен  тамаша жетістіктерге жететініне сенімдімін », - делінген жеделхатта.

ҚХР президенті Қытай-Беларусь қатынастарын дамытуға үлкен мән беретінін, әрі Лукашенко екеуінің арасындағы жеке достықты бағалайтынын жеткізді.

Осыған дейін Лукашенко өз халқына жолдаған үндеуінде  ҚХР-мен достық қарым-қатынаста екенін ерекше атап өткен еді.

«Беларусь мемлекеті  - Еуразия орталығындағы жалғыз тыныш жер. Ресей бізді одақтас ретінде жоғалтып алудан қорқады, ал Еуропа өз қызығушылығын танытып отыр. Қытай елімізді өзінің досы деп санайды», - деді сол кезде ел президенті.

Бұл үндеуден кейін екі мемлекет арасындағы қатынастардың нығаюына назар аударылды.

ОАК-тың 10 тамызда шыққан алдын-ала мәліметтері бойынша, қазіргі президент Лукашенко 80,23%, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 9,90% дауыс жинады.

«Лукашенко қытайлықтарға үнемі тағзым етеді. Оның түсінігі бойынша Қытай Ресейден гөрі үлкен держава»

Экономика жоғары мектебі, әлемдік экономика және халықаралық қатынастар факультетінің доценті Андрей Суздальцев lenta.ru-ға берген сұхбатында «Беларусь мемлекеті Ресейді Қытайға алмастыруға тырысып жатыр»,- деп хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Беларусь Қытай еліне  қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, сарапшы Қытайдың ешқашан бүкіл елге техникалық қызмет көрсетпейтінін атап өтті.

Ал Азия-Тынық мұхиты аймағы зерттеу орталығының жетекшісі Александр Ломанов gazeta.ru сайтына берген сұхбатында ҚХР Беларусь елін үлгілі серіктес болғаны үшін таңдағанын айтты.

Оның пікірінше, бұл Қытай тарапынан жасалған өте сауатты стратегия болып саналады, өйткені Беларусь Пекинге білікті жұмысшыларды ұсына алады, әрі бұл мемлекет Ресей және Шығыс Еуропа елдеріне жақын орналасқан. Серіктес болу арқылы Қытай өз тауарларын және инвестициялық жобаларын алға жылжытады.

Лукашенко  отандастарына жасаған үндеуінде Ресей Федерациясының бауырластық қатынастарды серіктестікке өзгерткенін де атап өтті. Суздальцев айтқандай, Лукашенко бірнеше рет Ресей мен Қытай арасын арандатуға тырысты. Басшы Бейжіңге Мәскеу туралы бірнеше рет шағымданды. Бірақ Ресей Федерациясы да, ҚХР да мұндай әрекеттерді қолдамады.

«Лукашенко Мәскеуден қаржылық көмек алу үшін елді бопсалауға тырысуда», - деді Суздальцев.

Қытай мемлекеті  Беларуське  қаржылық көмек көрсетті

Лукашенко журналист Дмитрий Гордонға берген сұхбатында

«Мен Си Цзиньпинмен кездесудемін. Ол төраға болмаған кездің өзінде де біз жақсы қарым-қатынаста болдық. Қытай басшысы «Александр Григорьевич, егер сіз Қытайдың қаруына риза болсаңыз, біз сізге көмектесеміз»,-деді. Алайда мен оны жасауға қаражатым жоқ екенін жеткіздім. Си Цзиньпин менен  қанша қаржы қажет екенін сұрады. Мен соманы атадым, ол бөлді. Осылайша біз өз ракетамызды жасадық », - деп хабарлады. Бұл видео журналистің YouTube каналында жарияланды.

Александр Ломановтың айтуынша, Қытай мұндай серіктесті ең алдымен өз беделі үшін жасады.

«Қытай бұл ынтымақтастықтан көп ақша алмаса да,  қытай қаруы посткеңестік республикалардың нарығына енді.  Ол Ресей мен Еуропаның түйіскен жерінде сатылады. Бұл Қытайдың болашақта дамуы үшін  өте маңызды», - деп атап өтті сарапшы.

Естеріңізге сала кетсек, бұл Қытайдың Беларуське қаржылық көмек көрсетіп отырған алғашқы жағдайы  емес.

Өткен жылдың желтоқсан айында Минск Пекинмен 500 миллион доллар несие туралы келіскен болатын. Беларусь Қаржы министрлігінің хабарламасында алынған қаражатты кез келген мақсатта пайдалануға болатыны айтылды.

Ал бұған дейін Минск Мәскеуден дәл осындай несие алуды жоспарлаған еді.  Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, осы мәселе келіссөздердің күн тәртібінде болды және Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуінде талқыланды. Сәуір айында ресейлік тарап Беларуське мемлекеттік несие беруге дайын екендігін жариялады, алайда қазан айында Минск қарыз алмайтынын мәлімдеген болатын.

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер