Шымкент: қала әкімдігіндe 7 айда 8 мыңнан астам өтініш қаралды

2372
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың қаңтар-шілде айында Шымкент қаласы әкімдігіне 8 711 арыз-шағым келіп түскен. Өтініштердің 950-нің мәселесі қанағаттандырылып, 8491-не жазбаша түсіндірме берілді.

Оның ішінде жер қатынастары – 3986, карантин кезінде қалада жүріп тұруға рұқсат алу – 839, энергетика және коммуналдық шаруашылық – 314, баспана мәселесі бойынша – 302, әлеуметтік және жұмысқа орналастыру – 300, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары – 198, құрылыс саласы бойынша – 161, білім саласы – 142, денсаулық сақтау – 135, екінші деңгейдегі банктерден алған несие сомасын өтеу туралы – 78, басқа мәселелер –2 134.

Бұл дегеніміз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Шымкент қаласы әкімдігінің жұмысында көрініс тауып жатқанының белгісі. Сондай-ақ, әкімдіктің ресми сайтындағы «Ашық диалог», «Сұрақ-жауап» блогтарына 375 арыз-шағым түсіп, оған 100 пайыз жауап берілген.

Сонымен қатар, биліктің бұқараға барынша жақын болуы мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов карантин кезеңіне дейін, яғни қаңтар-наурыз аралығында халықпен 7 рет жүздесіп, 186 тұрғынды қабылдады. Әкімнің қабылдауына келген 108 азаматтың мәселесіне түсіндірме жауаптар берілсе, 75 азаматтың мәселелері шешім тапты. Ал 2 азаматтың мәселесін шешу ұзақ мерзімдік бақылауға қойылды.

Айта кету қажет, қаланың жомарт азаматтарының арқасында жеке қабылдауға қатысқан 16 азаматқа медициналық құрал жабдықтарды (қол арба, ортопедиялық аяқ киім, көзілдірік), дәрі-дәрмек, ота жасатуға ақшалай көмек берілді. Құжаттарын рәсімдей алмай жүрген 15 азаматтың мәселесі шешіліп, заңгер көмегі берілді.

Қала басшысы Мұрат Әйтенов енгізілген карантиндік шараларға сәйкес азаматтарды онлайн байланыс арқылы қабылдап, тікелей эфирге шығу жолын қолға алды. Аптаның әр жұмасында өтіп жатқан онлайн қабылдауында 26 азаматтың өтінішін тыңдап, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасарлары жыл басынан 266 азаматты қабылдап, өтініштер негізінде жұмыстар атқарды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер