Павлодарда «Хакім Абай - әлемдік өркениет феномені» атты халықаралық конференция өтті

882

Онлайн форматында өткен шараға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты.

Аймақ басшысы конференция қатысушыларына сәттілік тілеп, Абай мұрасын дәріптеу, насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

- ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып бекітіліп, мерекелер күнтізбесіне енгізілгені белгілі. Павлодар облысында мерейтойға орай 200-ден астам шара бекітілді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі» деген болатын. Абай әлемі бұл - әлемдік деңгейде үлкен сұранысқа ие болған шығармалар. Жас ұрпақты Отанды Абайша сүюге үйретуге тиіспіз. Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Мұхтар Әуезовтің «Жас Абай» қойылымының премьерасын арнайы барып тамашалап, жақсы әсер алдым. Сол үшін театр ұжымына жеке алғыс айтамын. Сондай-ақ облысымыздың ауылдарын аралап, «Ауылға Абай келді» жобасы бойынша оқушылармен және жастармен кездесу ұйымдастырған жыршы Даниял Әсеновке алғыс айтамын. Биыл Абай Құнанбайұлына арналған ескерткішті салтанатты түрде ашамыз. Бұл - көпшілік үшін көптен күткен елеулі, ерекше оқиға, - деп атап өтті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Toraighyrov University ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан, Түркия және Ресей елінің ғалымдары қатысып, «Хакім Абай – әлемдік өркениет феномені» атты тақырыпта тұщымды ойларымен бөлісті. Жалпы, онлайн конференцияға Zoom платформасы арқылы 100 адам қатысып, ғалымдардың ой-пікірлерін тыңдады.
Ғалымдардың айтуынша, Абайдың шығармашылығы мен еңбектерінің арқасында қазақтың көркемдік жағынан бай ауызша және жазбаша әдебиеті, ең керемет фольклорлық, эпостық, жарқын музыкалық, поэтикалық және философиялық мұралары бүкіл әлемге ұсынылды. Бүгінгі таңда Абай бейнесі қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін бейнелейді. Оның моральдық-этикалық көзқарастары бүгін қайтадан өзекті болып, қоғамдық сананы қайта құрудың негізіне айналды.
Сондай-ақ конференция барысында Алматы қаласы Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, Қазан федералдық университеті «татар әдебиеті» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Ляйла Мингазова, Түркия елі Muğla Sıtkı Koçman университетінің профессоры Ekrem Ayan және тағы басқалары сөз сөйледі.

 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы