Әйел мықты болған сайын теңін табу қиындайды

4141

Мықты әйелдің жанындағы жұбына қызғанышпен қарауға әбден болады. Мықты әйелдер тұрмысқа шығуға бірден келісе салмайды. Олар азаматтың бойынан жеңімпаздың қасиеттерін екшейді. Мұндай әйелзаты тек жеңімпаздарға лайық. Өзінен осал еркектің қасында жаны жүдейді. Мақсаты жоқ жігіттер туралы тіпті айтпай-ақ қойса болады. Ондай әйелдер еркекті жаулап алу үшін жасанды қылық жасап, өзін әлсіз етіп көрсетуге пейілді болмайды. Олардың жаны жалғандыққа қас. Күш-қуаты тасып тұрған әйелді жасырып, жасқай алмайсың. Олар ақылына құрмет ете отырып, өзіне лайық теңін іздейді.
Мәселе, әйелде емес. Тарихи шындықта. Дүние өзгерген сайын әйел еркектен рухани мықты болып келеді. Ал, егер экономикасы дамыған елдермен салыстырар болсаңыз, онда Швейцария, Германия, Америкада отбасыны тек 40 жастан кейін құру қалыпқа енгенін байқайсыз. Бәлкім, мықты адамдар үшін оның да бір пайдасы бар шығар. Ал Испанияда 30 жасты – бала жас деп атайды. 30 жаста мектеп бітіруге, өзін іздеуге, өмірді тануға рұқсат етілген. Бұл елдің жастары ересек әлемнің қиындықтарына көп араласа бермейді.

Біздің елде отызға дейін дым істемей отыру деген мүлде жоқ. Біз бірдеңе істеуге міндеттіміз. Егер әйел 35, көбіне тіпті 25 жастан кейін тұрмысқа шықпаса, одан ашық сұрай бастайды: «Бізден жасырған қандай құпияң бар?» деп. Біздің қоғам жалғызілікті әйелдерді қабылдай алмайды. Бірақ сол жалғыздыққа қоғам өзі итермелейтінін байқамаса керек. Жалғыздықтан әйел өте мықты болып жетіледі. Айналасында оларға шақ келетін ерлер тым аз.
Мұндай әйел кім көрінгеннің алдында басын ие алмайды. Қарапайым жігітті таңдай салмайды. Оның табиғи сұранысы тек жеңімпазды қабылдайды. Тек жеңімпаз оның жеңілу, беріле салу, мақұлдау, қабылдау, соңынан еру қасиеттерін оята алады. Мықты жігіттің қасында ғана мықты әйел өзін нәзік сезіне алады. Бойындағы әйелдігін ашады. Әйелдің жүрек түкпіріндегі жабайы болмысы табиғатынан стихиялы, ырықсыз. Мықты әйел мың түрлі бетперде киіп, рөлдерге енбейді. Мұндай әйел тек шынайы, зор дауысты еркектің шақыруына ғана ереді. Әйелдің бәрі өзінен зор күшке бағынады, иіледі, мойындайды. Табиғаты солай.

Мұның барлығын неге айтып отырмыз? Әйелдер жалғыз қала бермесін деп дабыралату бекер. Сосын өзіңнің мықтылығыңды өтірік мүләйімсіп жауып, жасқамай-ақ қой. Ол бәрібір мүмкін емес. Мықты әйелдің күші керек жерінде бәрібір шығады. Егер жанында осал, әлсіз, рухсыз еркек жүрсе, онда мықты әйел оның күл-паршасын шығарады. Мықты әйел – қозғалмайтын тау секілді. Оның табиғатын өзгерту мүмкін емес. Бұл әйел – патшайым. Рухы ядролық қуаттан да артық патшаларға арналған. Патшаның күшіне көну мықты әйелдің ғана тәлейіне жазылады. Мықты әйел ерін өз қолымен безендірген таққа отырғызады. Мықты әйел қасындағы патшаны ерлікке құлшындырады. Ол азаматын ұлы қолбасшылардың, аңыз адамдардың жолымен бастап жүреді. Себебі, ол басқа жолды білмейді. Егер азаматы титан, алып бола алмаса, жарты жолға да шыдай алмас.

Жоқ, мықты әйел қатыгез емес: әрбір бұрылыста, тағдыр тәлкегі кезінде ол ерінің жанынан табылады. Азаматы құлаған сайын иығын тосады, қолын созады. Керек десе, жанын береді. Бірақ тек лайықты жігітке ғана өзін арнайды. Ол мықты әйелдің күш-қуатын сезіне алатын, содан ләззат алатын, оны алақанына салып аялай білетін жүректі жігітті ғана таңдайды. Табиғатынан патша болуға лайық азаматты іздеп жүріп табады. Патшаға лайық ұлылықты тартып алып, өзін тасада қалдырмайды. Ол өзінің мойынсұнуымен өз ұлылығына жаңаша жол ашады.

Азаматы мұндай әйелді жолықтыруды бақыт деп санайды. Жаратқан алақанына қабілеті зор, еріне әбден лайық, сүйгенін қанаттандыра білетін ғажап сый бергенін бағалауға тырысады. Жанында мықты әйелі бар да ондай еркек алынбас қамал екенін сезеді. Мақтан тұтады.
Мұндай талғампаздық пен күш-қуатты әрбір еркекке өлшей беруге болмас. Олардың болмыс-бітімі бөлек. Өзін текке алдандырып, тағдырын ойыншыққа айналдырып жіберуі ықтимал. Сол сияқты мықты әйелге де жасанды өмірге қадам басу бекер. Өзінен осал еркектің жанында гүлдей жайнау мүмкін емес. Бәріне төзіп, көніп жүрмін ғой деп өзін алдарқату ұшпаққа шығармайды. Осал еркектерге жеңіс керек емес. Олар жеңіске ұмтылмайды. Олар таңның атып, күннің батуына да риза. Олар шамасы жеткеннен артық қимыл жасаса, мойны үзіліп қалады. Ақырында бір жұпта екі ересек адам – өз-өзін толық аша алмаған ғаріптер қалады. Бөлек жүргенде бақытын табуы әбден мүмкін еді. Себебі, осал еркектің де өз даму жолы болады. Бәлкім, келесі өмірінде ол мықтырақ бола түсер. Сонда мықты әйелге жолығар. Одан нағыз жеңімпазды жасап шығаратын рухы мықты жанға жолығар. Ол да рухани дайын болған кезде барып жеңімпаз болады.

Әзірге әйелдің мықтылығы тек өзін байқайтын, бағындыратын күшті аңсайды. Ол өзінің жеңімпазын табуды көздейді. Жүрегінің падишасын іздейді.
Мықты әйелдің мақтанарлық бір қасиеті бар. Оның жүрегінен басталған қайнар күш өзін өзгемен табыстыра алмаған жеңімпазды табады. Еркек те мықты болған сайын махаббат пен сенімді екі есе қажет етеді. Сондықтан жанындағы әйел неғұрлым мықты болғанын жан жүрегімен қалайды.
Егер бұл мақаланың кейіпкері сіз болсаңыз, бойыңыздағы бар қасиетті жауып-жасқамаңыз, жүрегіңіздегі жақұт – азаймайтын, жойылмайтын күш-қуат, рух мықтылығын ешкімнен жасырмаңыз. Босқа шашпаңыз. Оның қадіріне жетпейтін қолға ұсынбаңыз. Нұры тасып тұрған көзіңізді өзгеден тыға алмассыз. Жарқырасын! Ол сіздің мықтылығыңыздың белгісі! Ол белгіні тек жүрек падишасы ғана таниды. Сізді өзі іздеп табады. Өйткені, мықты жігіттерге ойын, фарс керек емес. Олар шынайы өмір сүруді, шынайы сүюді ғана көздейді. Жанында мықтылығын мойындайтын асыл жары бар да ол өмірден ләззат алады. Разылығы артады.

Мықты болсаңыз, азға қанағат етпеңіз. Патшайымға тек патша лайық. Сондықтан неғұрлым көп патшалық құрылсын деп тілейік. Дені сау, атмосферасы таза отбасылар құрылсын. Мәңгілікке бірге болатын жұптар көп болсын. Өмір салты мен өзара ортақ даму жолы сәйкесетін жандар жұптассын.

Инна Макаренко
Аударған Шынар Әбілдә

Пікірлер
Редакция таңдауы