Александр Лукашенко:  Мені атып кетуі де мүмкін

2749
Adyrna.kz Telegram

Ертең 9 тамыз Белоруссияда президенттік сайлау. Бүкіл ел, Еуропа ғана емес, төрткүл құрлықтағы саясатқа алаңдайтын адам баласы Беларусь еліндегі сайлауға алаңдап отыр.  Осы орайда танымал журналист Дмитрий Гордонның Александр Лукашенкомен сұхбаты жарияланды.  

Көпті қызықтырған сауал: 26 жыл елді басқарған Александр Лукашенко тағы да президент бола ала ма? Бұл туралы өзінің ойы қандай?  Минск көшелерінде неге аразылық өршіп тұр?

Сұхбат барысында беларусь президенті Александр Лукашенко Ресеймен, Путинмен ара қатынас, Украинадағы, Донбасс, Қырым мәселелерін жиі сөз етті.

Ресейдің жалдамалылары Минскіде бекер жүрмегенін айтқан Лукашенко оларды   кейбір қалталы топтардың астыртын қолдап отырғанын мәлім етті. Президенттік сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың Ресейге бүйрегі бұратынын да жасырмады. Лукашенко оппозицияның атынан сынға түсіп жатқан Светлана Тихоновскаяның «дұрысы  котлет пісіріп,  үйде отырғанын» жөн көреді.

Ол Белоруссияда президенттік сайлау барысында Украинадағыдай жағдайдың қайталануына жол бермейді.  Лукашенко президенттік өмірден басқа өмірді көзіне елестете  алмайтынын айтты.

Ең басты сұрақ: егер Белоруссияда  майдан болып, қандай да бір агрессор жағдайды тұрақтандыру үшін ел аумағына баса-көктеп кірсе, Александр Лукашенконың  қашуы мүмкін бе?  Сұхбаттан қысқаша нұсқа...

-Егер қандай да бір ел Беларусь территориясына көз алартса,  бірінші болып оқ атасыз ба?

­–Мен ешқашан бірінші болып оқ атпаймын. Бұл – үлкен ақымақтық,  бұл жауларыма берілген  тосын сый болар еді. Мәселенің алдын алу үшін оқ  атқанға дейін талай нұсқа, мүмкіндіктер болады. Егер  олардың бәрі жойылып, тығырыққа тірелер болсақ,  күмәнсіз оқ атуға тура келеді.

Қазір бізде өте қауырт кезең. «Лукашенко қашуы мүмкін»  деген әртүрлі қаңқу сөздер жүріп  жатыр. Мен өзім туып, өскен тәуелсіз елден қашпаймын. Балам да ешқайда кетпейді.

Менде сайлау алдында ешқандай ішкі қорқыныш болмайды. Ертең көшеде қандай да бір наразылық өршіп, оларға қарсы әртүрлі қатал шаралар қабылдап жатсақ, бұл маған ыңғайсыздық тудырады. Бұл ел имиджіне нұқсан келтіреді. Қазір осы жағдай мені алаңдатады.

Барлығы да болуы ықтимал. Бірақ қандай оқиға болса да, ешқайда қашпаймын. Мені  атып кетуі  де мүмкін. Мысалы, сен (Гордонға қарап-ред) өзіңді мәңгілік өмір  сүре алатын  адаммын деп ойлайсың ба? Қазір барлық мәселе Лукашенкоға қарай  бағытталып отыр. Сондықтан  елде күтпеген оқиға орын алуы ықтимал. Бірақ бізде, көшеде адамдарға қарсы оқ атылады деген нәрсе қисынға келмейді, – деді Лукашенко.

«Сайлауға бірер күн  қалғанда, сіз Белоруссияның президенті боламын деп, нық  айта аласыз ба?» деген Дмитрий Гордонның сауалы Лукашенкоға  оңай тимегені  сұхбат барысында байқалып қалды.

–Әрине,  кімнің президент болатынын айта аламын, бірақ оның қазір керегі не?,- деп қысқа қайырды Александр Лукашенко.

26 жыл мемлекет басында болған  Лукашенко бәрінен жалығып, кейде өзі үшін өмір сүргісі келмей ме?

–Бұл туралы да ойланған кездер болды. Бірақ мен  басқаша өмір салтын көз алдыма елестете алмаймын. Әрине, мемлекет басқару  өте ауыр.  Кезінде маған осы тәрізді сауал қойылды. Егер бос болсам, адамдарды емдер едім. Хирург, дәрігерлер бізде жеткілікті. Бірақ адамды психоздан, санадағы үрейден емдеу керек. Халық бұл  өмірде тыныш, байсалды өмір сүрсе деймін.

Саясат,  кездесулер,  жиындар...  Ұзақ жыл мемлекет басқардыңыз. Мемуар жазар ма едіңіз?

–Жоқ.  Бұл тұрғыда мен жалқаумын.  Егер бұған қатысты пікірім өзгеріп жатса, жанымда жүрген азаматтарға өтініш жасауым мүмкін.

Р.S, Сұхбат барысында айқын аңғарылғаны, беларусьтің  «Батькасы», «Еуропаның ең соңғы диктаторы» атанған Александр Лукашенко оңайлықпен билікті бермейді. Ертең – сайлау.  Ақырын күтейік...

 

Еркін Қалдан, «Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер