Соттың кесірінен соттала жаздады

3625
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы әскери сотта алғаш рет кісі өліміне қатысты жалған жала жабу ісі тоқтатылды.  

ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, әділет мойоры Г.Бейсенбиев ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының шешімін ескере отырып, капитан А.Елемесовке қатысты қылмыстық істі тоқтатты.

Жасыратыны жоқ, елімізде жыл сайын прокурор Дархан Шарықбаев пен сот төрағасы Естай секілді құзыретті кісілердің кесірінен нағыз қылмыскерлер анықталмай, танысы, ақшасы жоқтар жазықсыз жапа шегуде.

 

Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Айтмұханбет Кемельханов біліктілігі мен табандылығының арқасында қорғауындағы жазықсыз азаматты толықтай ақтап шықты.

Қазақстандағы әскери құқық саласының негізін қалаған бірінші заңгерге күдікке ілінген Асылбек Елемесовті ақтау оңай болған жоқ. Алматы горнизондық сотында прокурор Дархан Шарықбаев Елемесовке негізсіз айып тағып, 3 жылға бас бостандығынан және капитандық шенінен айыруды сұрады. Келесі сот отырысында сот төрағасы Естай прокурордың негізсіз айыптарын ескере келе күдіктіге 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сот төрағасы Естай үкім шығаруда 

Кісі өліміне қатысты оқиғаға

2019 жылдың 19 шілдесінде Құрлық әскерлерінің әскери институтында аға нұсқаушы, механик-жүргізуші ефрейтор Н.Айнақұл мен сержант Қ.Ибраймовқа тиесілі борттық нөмірі 007 МТЛБ маркалы әскери техниканы тазартуға пәрмен беріледі. Тапсырма беруші – оқу үдерістерін қамтамасыз ету батальоны, оқу-жаттығу артиллериялық батареясының қару-жарақ жөніндегі орынбасары капитан А.Елемесов.

Дәл осы күні аталған батареяның командирі капитан Жақыпбеков еңбек демалысында болса, батальонның қару-жарақ жөніндегі орынбасары (әскери техникаларға жауап беретін маман) майор Б.Садыров ресми түрде дәлелденбеген «отбасылық жағдайына» байланысты жұмысқа келмеген.

Сағат 12.55-те әскери техниканы Қытайдан әкелген арнайы аппаратпен (кешер) жуып жатқан Н.Айнақұлдың қасына келген минометтік оқу взводының келісім-шарт бойынша әскери қызметкері Р.Жұмабаев келіп, түскі тамақтың уақыты болғанын айтып, 200 ваттық кешерді тоқтан суырмақшы болғанда, оны тоқ соғады (ұрады). Жұмабаевқа алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, 13.25-те жедел жәрдем автокөлігінің ішінде көз жұмады.

Сөйтіп, қылмыстық іс сот-медициналық сараптама қорытындысы негізінде Р.Жұмабаевтың қазасы «техникалық электр тоғының соғуынан болған» деген шешім шығарған. Осы оқиғаға байланысты әскери техника қауіпсіздігіне жауап беруі тиіс мойор Садыровты емес, батареяның қару-жарақ жөніндегі орынбасары капитан Асылбек Елемесовке айып тағып,  2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді.  

 

Сот үкімінен кейінгі әрекет

Адвокат А.Кемельханов сотта әділетсіз жеңіліс тапқаннан кейін екінші сатылы сотқа аппеляциялық шағым түсірді.

ҚР Әскери  сотының  қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды қарап, адвокат Кемельхановтың пайдасына шешті.

 «ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің  431 бабы 1 бөлімінің 8 тармағын, 443-ші және 444-ші баптарын басшылыққа алып, Алматы гарнизоны әскери сотының 2020 жылғы 3 ақпандағы  "Асылбек Алмаганбетович Елемесовке қатысты үкімнің күші жойылсын және іс Қылмыстық процессуалдық кодексінің  323 бабына сәйкес прокурорға жіберілсін, сотталған А.А.Елемесовтың және оның қорғаушысы – адвокат А.Ж. Кемельхановтың аппеляциялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын", - деген қаулыда.

 

ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы екінші сатылы сот шешімінен кейін:

1.ҚР ҚК 156 бабының 3 бөлімінде көрсетілген ҚР ҚМ ҚӘӘИ-ның оқу орталығының әскери қызметшісі капитан Елемесовке қатысты қылмыстық құқық                 бұзушылық, ҚР ҚПК-нің 35 бабы 1 бөлімі 2 тармақшасының негізінде алдын ала тергеуді тоқтатуға;

2.Тергеу барысында анықталған айғақ заттар ҚР ҚМ ҚӘӘИ оқу орталығының басшылығына қайтарылуына;

3.Елемесовке қолданған бұлтартпау шарасы жойылуына;

4.Қабылданған шешім мүдделі тұлғаларға жеткізілуіне;

5.Қаулының көшірмесі Алматы горнизоны әскери прокурорына жіберілуіне қаулы шығарды.

 

Жеңістен соң

Құрлық әскерлерінің әскери институтының капитаны Асылбек Елемесов қызметіне қайта оралды. Институт оның жұмыстан босатқаннан қайта қабылданғанға дейінгі еңбекақысын толық қайтарды.

Адвокат Айтмұханбет Кемельханов пен заңсыз айыпталған Асылбек Елемесов Алматы горнизонының әскери сотына материалдық және моральдық зиянды өтеуге талап арыз берді. Өтемақы мемлекеттік қазынаны иеленуші Қаржы министрлігінен сот шешімі арқылы өндіріледі.

 

 

Жасұлан Наурызәлі,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер