Білімді болу деген
сөздің мағынасы - белгісіз
нәрсені ашуға қабілетті
болу деген ұғым.
Әбу Насыр Әл-Фараби
Білім..!Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне жол тартады, бір ауыздан айтылып, кең өлкемді шарлаған осынау бір ыстық сөз, ыстық көңіл лебізі ,бүгін ғана емес, бар уақытта да қантамырымыздың лүпіл - бүлкіліндей естіледі бізге. Иә, бұл – бүкіл қазақ жұртының, дүйім Қазақстан елінің қызу құштарлықпен, сарқылмас сүйіспеншілікпен айтар, ардақ тұтар асылы. Ол – өлең, ол – ән, ол – сұлулық, ол – асқақ арман, ол – шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Елдік туымыз тігілген үлкен үйіміз, алтын шаңырағымыз да осында жатыр. Жарастығымыздың да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың да ұясы–білімде. Қазақстан - Тәуелсіз ел, білімді ұрпағымен мақтанады.Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?!Ата бабам аңсаған еркіндіктің,елдіктің туын желбірету біздің басты мақсатымыз болатын ұрпаққа терең білім мен тәрбие беру, бабаларым аңсағандай болуы тиіс.Мен қазақпын дейтін әрбір адамның жүрегінің түкпірінде Абайға деген бір жылы сезім жататыны мәлім.Абай нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ,елмен бірге мақсатқа жетудің шынайы жолдарын көрсете білді.
Ел..! Көптеген халықтардың,адал жандардың басын қосып,бірлік пен татулықта ұстап тұратын киелі сөз. Ал сол елді қолдайтын да, қорғайтын да,елін ,жерін сүйіспеншілікпен аялайтын да дана,шешен,ақын жанды –дара тұлға. Міне,мен де ақын жанды дара тұлға ретінде Абай Құнанбайұлы атамызды мақтан тұтар едім. Неге? Өйткені , ол қазақ халқы үшін ,қазақ халқының өскелең ұрпақтары үшін білім негізін қалап,халықты білімге, парасаттылыққа ,тәлім-тәрбиеге шақыра отырып,білімге құштарлығын оята білді. Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді,алып келе бермек..!Қазақ топырағынан көкірегі ояу,көзі ашық,ойшыл азаматтар бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгерген ,өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазатын,кейінгі ұрпаққа аманат етіп,мұра етіп қалдыра білетін азаматтарымыз саусақпен санарлық деуге болады.Олардың ішінде аты әлемге танылған ұлы ғұламаларымыз-Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай атамыз.Биыл 2020 жылы «Әлемнің екінші ұстазы»атанған,күллі түркі жұртының бас ойшылы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойлану үстінде.Бізде бұл атаулы күндерді өз арамызда аталарымызға арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, халқымыздың тарихынан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтап жүруді біздің парызымыз деп білемін.Біз үшін бұл мерейтойлардың маңыздылығы ерекше.Тарихи датаны ақыл парасатпен,салиқалы деңгейде атап өткізуге өз үлесімді қосып жүрмін.Ұлы тұлғаларды тағылымдары мен ойтолғамдары бізге келешекке қанат бітірердей әсер береді. «Тарихын білмеген, түбін білмес» деген қанатты сөзді санамызға сіңіріп,өсіп келеміз.
Менің ойымша,Әл-Фараби мен Абайдың мұрагерлік сабақтастығы шығармашыл адамдардың шабытын шарықтататыны белгілі,ғұлама ойшылдардың өмірлері келешек ұрпаққа үлгі,ғылымға әкелген үлестері орасан зор деп айта аламын.Әл-Фараби 872-950 жылдары өмір сүрген қазақ топырағынан шыққан ұлы данышпан. Отырар қаласында түркі тектес әулетте дүниеге келген.Әкесі әскербасы болып, жастайынан түрлі ғалымдардың еңбегімен танысып,өзіне тәжірибе жинақтай білді деп ойлаймын. Әл-Фараби дүниенің білім және ой тарихынан құрметпен орын алған ұлы түрік ғалымы, ойшылы.Физика, химия, медицина, математикаға өз үлесін қосқаны белгілі болды. Жастайынан білімге құштар жас балаға талай жандар таңқалған деседі,ақыл-ойының ұшқырлығы мен білімінің молдығы алысқа қаратып,қолынан жетеледі,бірнеше тілдерді білді, әсіресе араб,парсы,түрік тілдерін жетік меңгеріп,Бағдат шаһарында Ұлы ойшыл біраз жылдар ғылыми ізденіспен айналысқаны барынша білімге деген құштарлығын көрсетеді.Елден асқан зеректігімен ойын-сауықтардан өзін аулақ ұстап,логика, математика ғылымдарын терең зерттейді.Уақытының көпшілігін ғылымға жолына арнап,даналардың ізін қуған философ атануы,медицина саласын толық меңгеруі осыған себеп болғандай...Әл-Фараби тұрмысы жұпыны тұрғанына қарамай, ғылыммен айналысуын жалғастырып, логика ғылымын терең зерттейді. Не деген жомарттық десеңізші, қолындағы бар қаржысына кітап сатып алып, күндіз-түні ғылыммен айналысу жалықтырмай,табандылық танытқаны кімді де болса таңдандырары сөзсіз.Бақ қарауылшысы бола жүріп,бақтағы ағаштарды зерттеп,май шамның жарығымен талай томдарды оқып шығып,өз еңбектерін жазып,есімін әлем танытты.Өз заманының бірегей тұлғасына айналуы толағай еңбегінің арқасында деп білемін.Еңбектері шартарапқа тараған соң есімі дүниеге әйгілі болды.Ұлы ойшыл қарапайым киінетін,тұрмысына аса назар аудармайтын,тіпті кейде қара сумен күнелтетін,бірақ ғылымнан қол үзбегені біз үшін үлгі аларлық жайт.Үлкен қызметке де қызықпады,таным өрісін кеңейтіп,ғылымның алуан түрлерімен,өнермен шұғылданғаны қуантады.Ол керемет өлең де айтқан,қобызда ойнаған.Қобыз аспабын жасап,күй тартқан Қорқыт Ата дейміз.Шын мәнінде Қорқыт атадан кейін әл-Фараби де қобызды дамытып,оның құлағында ойнаған ойшыл,көп тілде сөйлеген ғұлама адам бола тұра тек қазақтың ғана емес,қазақ халқы қалыптаса қоймаған кезеңде өмір сүргендіктен,бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға болып қалыптасып,мұрасы түркі халықтарының рухани негізін қалады деуге болады.Саз өнерлерінің қыр-сырларын тексеріп жүріп,терең игерген ғұлама көп ішекті ғажайып аспап ойлап табады,мұның өзі үлкен жетістік деуге әбден болады.Ойшылдың аспапта бір кісідей ойнап,дүйім жұрттың көздеріне жас,көңілдеріне қуаныш сыйлайды.Әл-Фарабидің жетпіске тарта кітаптары мен зерттеу жұмыстары бар екені белгілі.Абай мен Әл-Фарабидің арасындағы ұқсастығына тоқталсам,әр кезеңнің ғасырға бергісіз біртуар адамдары сол секілді қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалары міне осылар деп айтар едім.Өсиет етіп қалдырған ғибрат сөздерінді үлкен үндестік,ұқсастық бар.Ғұлама, дана, дара, кемеңгер ойшылдардың ғибрат сөздері мен ой-толғамдары күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпаған халықтың асыл мұрасы,әдебиетіміздің айнасы іспеттес.Екі ойшылға ортақ Фараби«Әрбір адамның дүниеде өз орны бар»,десе Абайдың жаңаша көзқарасы «Сен де бір кірпіш дүниеге,кетігін тап та,бар қалан!»,-деп әрбір адамның өмірде өзінің орны бар екенін тілге тиек еткен.Демек бұл ойшылдардың мақсаты қараңғы халықты алға сүйреу,барынша халыққа көмек қолын созу деп түсінемін. Абайдың жүріп өткен жолы сара жол,біз осы жолмен жүрсек адаспаймыз.Білімге жастайынан құмар Абай өз бетінше білім алуға шындап кірісіп,тіл үйрене бастаған,бұл өте жақсы қасиет.Бай-қуатты отбасынан шықса да киімге қызықпады,қолына тиын- тебен түсе қалса, газет,журналдар сатып алып,ауылындағы өзінен кейінгі шәкірттеріне алып барып беретін.Қазір бізде керісінше барлығы дайын,әрқайсымызда ұялы телефон,интернет,дайын кітапты алып оқығысы келмейтін адамдар жетерлік.Біздің қоғамдағы, айналамыздағы мәселелер әр алуан.Есебін тауып өмір сүру,көштен артта қалмау, тағысын тағы толып жатқан шырмауы шешуге келе бермейтін мәселелерге толы десек те болады.Әдемі өмір сүруді кім жаман көреді.Өмірді сүру үшін еңбек ету керек екендігі белгілі.Қазіргі таңда көп жастар дайын дүниеге бейімделіп алған, жан қинап тірлік жасағысы келмейді,бессаусақ бірдей емес,барлығының ойында бай болып өмір сүрсем деген ой тұрады,бірақ оған қалай жету керектігіне ойланбайды да,ойлап ойына келсе де, әрекет етуден қашқақтап,оңай олжа тапқысы келіп тұрады.Оңай олжа табамын деп,тұтқындалып жатқандар қаншама...Ұлы ақын осындай адамдардан жиренді.Еңбекпен тапқан малдың бойға сіңімділігін ашықтан ашық көрсетіп беріп кетті.Иә,әрине өмірге келген әрбір пенде дүние есігін ашқаннан кейін маңызды өмір сүруге құқылы.Өмірден өз орнын таба алмай сандалатындар қаншама десеңізші...Өмірді сүре жүріп түйіндеу, ұлылардың ұлысының қолынан ғана келетін дүние.Абай мен Фараби екі ғұламамыздың жүріп өткен өмірі маған көп ой салғандай сезілді.Демек білімің болмаса өз жолыңды дұрыс таңдау екіталай дегенге саяды.Қазір біздің заманымыз осы ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан адаспау,уақытты тиімді пайдалану,өнер мен білімге бейім болу,- деп түсінемін.
Ұлы Абай өзінің балалық шағын әжесі мен анасының қасында ертегі,әңгіме тыңдап,оны көңілге қондырып,нәтижесінде сыни ойлай алатын тұлға болып қалыптасқан.Абайдың бойында табылатын барлық жақсы қасиеттер мен өнерге деген құштарлық анасы мен әжесінің тәрбие өнегесінде жатыр емес пе..!Әрбір адамның бойында ыстық қайрат,нұрлы ақыл,жыл жүрек қасиеттері бар деп жетінші қара сөзінде жазған.Адамның бойында алға талпыныс болуы керек,онсыз адаммын деу артықшылық сияқты.Дүниеде еш нәрсе өз мұратына қайратсыз жете алмайды.Күнделікті адам баласы ғылым мен білімді оқып үйреніп,жалықпай ізденудің арқасында белгілі бір нәтижеге жетері анық.Адам бойындағы іздену қасиеті-қайраттың ісі.Адасып бара жатқан бойды қайта жиғызып алатын да-ыстық қайраттың қолынан келеді.Біз ғылым мен білімді ақылсыз үйрене алмаймыз.Айтқалы отырған адамның әрбір сөзі ақыл-санадан сүзіліп өтері табиғи құбылыс.Ал денеміздің негізі мүшесі- жүрек болса ол денесінің патшасы.Сол денемізді алып жүретін жанымыз да жүректе мекен етеп,адам бойындағы қан да жүректен тарамай ма..?Адамның іс-әрекетінің бәрі жылы жүрек қалауымен болады емес пе..?Ақылсыз ештеңе табылмайды,амал да ақылдан шығып іске асады.Адам бойындағы жақсылықтың да жамандықтың да іздегенін тауып беретін ақыл,ақылдың қыры көп,жүрек ақылдың көп қырына бірдей жүре бермейді.Жақсылық айтқанға көніп,жамандық айтқанға ермейді.Қайраттың күші мол болғанымен оны да жүрек өз еркіне жібермейді.Мұнда терең философиялық ой жатыр емес пе..?
Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз-Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді.Бұл күн жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтілетін болды.
Қорытындылай келе, биыл Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл,Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150жыл толып отырған шақта, бүкіл ел болып,мол әдеби мұраларын халықаралық, республикалық деңгейде атап өту парызымыз.Ғұламалардың ғибратты сөздерін, бірнеше өлеңдерін жатқа жаттап ,қайда жүрсем де айтып,байқаулардан жүлделі орындар алып жүрмін.Бұл да болса өз Отаныма қосқан үлесім деп білемін...Фарабидің, дана Абайдың шығармаларында, ғибрат сөздерінде де -білім, мейірбандылық, сұлулық туралы көп айтылып,екі ғұлама ақыл мен білімнің биік мәнін дәріптейді,-деп ойлаймын.
Абай атындағы №26 орта мектеп
Тұрсын Нәзиля