Ислам дінінен бас тартсақ, ұлт ретінде құримыз ба?

16783
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желідегі әлеуметтің жиі кеңірдек қыздырып, пікір таластыратын тақырыбы  - дін тақырыбы. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әркімнің діни наным-сенімі өз еркінде. Соған қарамастан өз діни идеологияларын әртүрлі амалмен ел аумағында таратуға ден қойған псевдо ағымдар да қаншама. Соңғы уақытта осы дін мәселесінде жұрттың пікірі екіге жарылуда. Бірі Қазақстан Ислам мемлекеті болсын десе, енді бірі діннен мүлдем бас тартып, ғылым-білім жолына түсейік дейді. Біз осы мәселе төңірегінде мамандарға сауал қойған едік. 

"Қазақ ислам дінінен бас тартса, ұлтынан да бас тартады"

Мұхиддин ИСА, дінтанушы: 

- Ассаламуалейкум уа рахматулахи уа баракатуһ! «Ислам дінінен бас тартсақ, ұлт ретінде құримыз ба?» деген сұрақ асылында «Біз ата-бабамыздан, шежіремізден, жеті атамыздан, зиялыларымыздан бас тартсақ, тексіз болсақ ұлт ретінде құримыз ба?» дегендей естіледі. Абайсыз қазақтың күні қандай болмақ? Ол бүкіл қазақ руханиятының жиынтығы іспетті. Бүгінде қолдан ұрықтандыру деген бар, белсіздік ауруы көбейді. Ол кешегі қазақтың құндылықтарымен жүрмегендіктен, қымыз бен шұбат ішпегеннен пайда болуда. Оның үстіне неше түрлі дәрілерді ішеді. Содан арнайы орталықтарға барып, бөтен біреудің ұрығын әйеліне салып, бала сүйіп отыр. Алайда ол баланың қаны басқа, жеті атаға жазыла алмайды.

Жапон деген ел бар. Кезінде Ахмет Байтұрсыновтар олардың ұлттық құндылықтарды қатаң түрде ұстанатынына қызыққан. Жапондар Америкадан ғалым болып келген адамды өзінің негізгі ғаламдарының қатарына жатқызбаған. Ислам дегеннің орнына біз ұлттық құндылықтар дегенді қоюымыз керек.

Иә, осындай сұрақтың шығуының артында үлкен әсер тұр деп ойлаймын. Қандай әсер десек, бүгінгі таңдағы тәңіршіл атеисттердің шығуы, оның алдындағы радикалдық ағымдардың пайда болуы осы сұрақты туындатып отыр. Бұлар қазақтың дініне жат ұстанымдарды алып келді.Солардың  «Ислам діні қауіпті» деп айтқаны үшін ата-баба дінінен бас тартасың ба?

Ислам дінінен бас тартсақ, ұлт боп қалыптасамыз ба? Иә, сен 70 жыл бойы ислам дінінен бас тартып келесің. Қызылдың қылышы қынабынан шығып тұрған заман болды. Оны Мәшһүр Жүсіп те айтып кетті. Осы кезде сен өзіңді қаншалықты ұлт ретінде сақтай алдың? Ұлт боп тек халықтың ішінде ғана сақталды, ал жалпы сол кездегі қоғамға, әсіресе «патриоттарға» ұлт керек болмады. Оларға орыс керек болды. Құдай-ау, отыз жыл өтсе де, әлі күнге дейін орысқа жалпақтау бар. Түрі қазақ болса да тілін жоғалтқандар бар. Дінін жоғалтып еді, міне, тілін де жоғалтты. Тек ауыл адамдары ғана дінін сақтап қала алды.

Ислам дінінен бас тартатындай ол саған қандай қасірет әкелді? Сонау әл-Фарабиден Қожа Ахмет Йассауиге дейін исламды ардақтап, Құраннан ілім алды.Ислам діні Американың экономикасын дамытуға себеп боп жатыр. Онда неге қазақ халқы ата-бабалардың дінінен бас тартуы керек? Қайдағы бір «шала сауаттылардың» кесірінен дінінен бас тарта ма?

Бүгінде мұсылман мемлекеттері артта қалып қалды. Алайда, бұл ислам дінінің төмендігін емес, адамдардың ақымақтығын көрсетеді. Қолда бар алтынның қадірі жоқ.Мұнайымызды тегін қытайларға, орыстарға бере салсақ, ұлт боп қалыптасамыз ба? Атеисттер 70 жыл бойы не істеді? 100 миллион халықты өлтірді. Олардың тапқан бақыты сол ма?

Қысқаша айтқанда, қазақ халқы ислам дінінен бас тартса, ұлтынан да бас тартады.  Түркі әлемінің ішінде ислам дінінен бас тартамын деп түркіліктен де айырылған ұлттар бар. Қазақтың мәдени құндылықтары исламмен ұштасып жатыр. Ата-бабаларымыз кезінде «Діндеріңді алатын бір заман келеді, бірақ әдет-ғұрыптарыңды ала алмайды. Әдет-ғұрыптарыңды діндеріне айналдырыңдар» деген екен.  Мысалы, Наурыз тойы Нұқ пайғамбардан келеді.

Соңғы жылдары жастар дәстүрлі ислами түсінікті жоғалтып алды. Бұл ұғым бүгінгі аталар мен әжелерде жатыр. Жастар, көптеген «намазхандар» діни ұстанымдарды жоққа шығарып, бас тартып отыр. Олар ішінде ислами рухы жоқ жалаң уағызды айта-айта, халықты жалықтырып, шошытып жүр. Тәңіршілдер шиқан сияқты шығып отыр. Қазір «қой дейтін қожа, әй дейтін әже» жоқ заман болды. «Ойбай, мен Араб елінен бітіріп келдім» деп олардың тоқтап қалған мәдениетін «дін» деп қасиетсіз айтып жүр. Ұлтшылдық қаны тасып тұрған адамдар бұлардың әңгімелерін, уағыздарын естіп, шошуда. Оған келіп уахабистер, Бекет атаға тіл тигізетіндер, радикалдар қосылып отыр.

Уағыздарында Әзірет сұлтанның хикметтерін айтып отырса ғой, шіркін. Олардың әрқайсының астарында аят, хадис, сахабалардың өнегелері жатыр. Егер осылай әрекет жасаса, бұл сұрақ туындамас  еді. Енді бір 20 жыл осылай қараңғы түсінікте кетсе, ел арасында көптеген мәселе туындайды. Сондықтан біз ата-бабаларымыздың сара жолына түсуіміз керек.

Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа! Біреулер радикалды уағыз айтты екен деп, кінәні ата-бабалардың ұстанған дінінен көрме. Оны өзіңнен көр. Өзіңді түзет. Ата-бабаңды, олардың ұстаған құндылықтарын таны. Сонда ғана ұлт болып қалыптаса аласың.

"Қазақ исламсыз да қазақ бола алады"

Советқазы НҰРСИЛА : 
- Ислам діні болмаса, қазақ ұлт ретінде жойылып кетер еді деген жалған түсінік. Діни ұстанымдағы адамдардың өз насихатын күшейту үшін ойлап тапқан мифологиясы десе де болады. Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің басым бөлігі ежелгі түрік дүниетанымынан бастау алады. Бұл дәстүрлер ислам дінінің иісі де бармаған туыстас, көшпелі халықтарда бұрыннан бар, қазір де сақталған. Оларды дімен байланыстырудың еш қажеті жоқ.
Сібір халықтары ежелгі мәдениетті молынан сақтаған. Дегенмен, оларда буддизм дінінің ықпалы бар. Буддизмдегі мәйітті аң-құсқа азық ретінде беру ғұрпын көне түріктердегі ежелгі тәңіршілдік деп есептеп, қате түсінген, теріс насихаттаған ғалымдар жетерлік. Шын мәнінде, көне түрік дүниетанымында адамды жерлеу – қола дәуірінен бері келе жатқан, көп өзгеріске ұшырай қоймаған мызғымас ғұрып. Оған қола дәуірінің ғана емес, сақтар мен ғұндардың, көне түріктердің қорғандары дәлел бола алады.
Сібірдегі халықтарға Ресей империясы аяусыз жәбір көрсетті. Халыққа да, мал-жанға да қолдан ауру таратты, ел-жұртты жайылымды, жайлы жерлерден қуып шықты. Құнарлы, табиғаты көркем жерлерден айрылған жұрт қырылмағанда, саны азаймағанда қайтеді? Қазаққа аштық, репрессия 1930-шы жылдары келсе, Сібірдегі туыстарымызға бұл тәрізді нәубеттер Ақ патша заманында, 1830-шы жылдары, яғни қазақ қырғынынан жүз жыл бұрын іске асырылған еді.
Бірақ халықтың өсіміне бодан халықтардың мінез-құлқы, күрескерлік рухы да тікелей әсер еткенін мойындау керек. Мысалы бізге өте жақын татарлар мен башқұрттардың тағдырлары әркелкі қалыптасты. Ресей бодандығына ертерек мойын ұсынып, ислам діні бойынша патшаға бағынуды құп көрген, көшпелі өмірден көрі отырықшылық пен сауда-саттықты құп көрген татарлар көп қырғын көрмеді. Ал көшпелі өмірден бас тартпаған, татарлардай дінге бас ұрмаған, жиі-жиі көтеріліс жасап отырған башқұрт ағайындар қынадай қырылып отырды. Қарасаңыз, екеуі де ислам діні ұстанады. Бірақ татарлар ұстанған ислам діні Ақ патшаның отарлау саясатының құралы болғаны бұл күнде ашық айтыла бастады. Көріп отырғанымыздай, қандай да бір ұлтты сақтаушы дін бола алмайды. Керісінше ол діннің әу бастағы шыққан жері басқа болса, сол елдің мәдениетіне сіңіп кету қауіпі бар. Мысыр, Иран, Ирак, Ауғанстан тәрізді қаншама елдер діннің ықпалымен өз мәдени ерекшеліктерін жойып алды.

Қазақтың әдет ғұрпы жайлы кітапты "Киіз кітап" деген. Ұлттық құндылылықтарға толы, ұлттық ерекшеліктері жайлы. Ал, Абрахимдік (Авраам) дін қазақ даласына бертін келген. Ондаған мың жыл бұрын қалыптасқан Тәңірлік діни ұғым болған. Ол тәңір дінін Кәмшатты (Камчатка) бұғазы арқылы ондаған мың жыл бұрын Америкаға өтіп кеткен үндістер (индеец) әлі күнге дейін ұстанады. Көптеген сөздері түркі тіліне келеді. Жылқыны жанындай жақсы көреді. Қыздарына үкі тағады. ДНК сы да бізге келеді екен. Абрахимдік дін жетінші ғасырда пайда болған және Тәураттан (Тора) көшіріп алған плагиат екені жайлы көптеген теолог —ғалымдар сараптамалық монографиялар жазған. Діннің бастауы Шумер-Аккат, Месопотомия, Вавилоннан алады. 4,5-5 мың жылдық Вавилонның қыш тақтайшалары сол жайлы тарихи деректер беріп отыр. Ол ұзақ әңгіме... Аспан типографиясынан түскен қасиетті төрт кітап та(Тәурат, інжіл, забур, құран) инкубатордың баларандары немесе орыстардың матрешкасы сияқты, бір бірінен аумайды.

"Ислам дінінен бас тарту - тарихтан бас тарту"

Бақытжан ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ, Орал орталық мешітінің наиб имамы:

-  Бұл сұрақты жалпылама қарап көрейік. Әлемде дінсіз адамдар бар, бірақ ешқашан дінсіз қоғам болмаған. Қай қоғамды алсақ та, тіпті сол тас ғасырының өзінде де діни нанымдар болды. Қазіргі қоғамда дамыған елдердің өзі әнұрандарында дінін насихаттап, Құдайдан мемлекетін сақтап қалуды сұрауда..Демек, олардың жарқын болашаққа ұмтылуына діни сенімдері еш кедергі келтіріп жатқан жоқ. Тура сол сияқты біздің діни сеніміміз еліміздің дамуына ешқандай кедергі келтірмейді.  Бізде әлемдік жаңалықтарды ашып жатқан ислам дінін ұстанушы жастар бар. Ислам  дамуға тыйым салмайды. Оның ең бірінші аяты «Оқы» деп түсті.

Кезінде Кеңес үкіметі ешқандай діни сенімдерге рұқсат бермеді. Нәтижесінде, мемлекет болып қалыптаса алмай, жойылып кетті. Ал бүгінде «атеисттік бағытты ұстанады» деген елдердің өзінде дін еркіндігі бар.  Діни сенімдерін заңына қосқан елдер бар. Американың әнұранында «Құдай,Американы қорға» деп айтылатынын бәріміз білеміз.

Мемлекетіміздің діні бізге ешқандай зиян келтірмейді. Ал исламнан бас тарту - сонау әл-Фарабиден бері қарай өмір сүрген Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Дулатилардан бас тарту. Осыдан бес жүз жыл бұрын құрылған Қазақ хандығы да сол кезде ислам дінімен өмір сүрді. Кешегі Абылай хан заманында Бұхар жырау «Бес уақыт бес намаз, Біреуін қаза қылмасқа»деп жырлады. Ал олар біздің бабаларымыз, тарихымыз. Яғни, діні сенімнен бас тарту ұлттық болмыстан бас тарту болып саналады.

Жаулап алушы мемлекеттің басты мақсаты - сол елдің тарихы мен дәстүрін жою. Болашағына сенімі жоқ елді жаулап алу оңай.

Кейбіреулер «Ислам діні келгенге дейінгі тарихымыз бар, тәңіршілдікке қайтайық» деп айтуы мүмкін. Біз  әл-Фараби бастаған тұлғалардың көзқарасы ислам арқылы қалыптасқанын көрсеттік. Ақсақ Темірдің өзі Қожа Ахмет Йассауидің кесенесін салу арқылы ислам дінін насихаттады. Немересі Ұлықбек исламның ақиқатын өз еңбектерінде жазып кетті.

Ал енді тәңіршілдікке оралайық. Ең болмаса XVIII ғасырдың соңында мынадай бір ғалым тәңіршілдік туралы айтты деген ақпарат жоқ.

Одан арғы тарихқа бармай-ақ қояйық. Шоқан Уәлиханов XIX ғасырдың соңында якуттың бір жазушысының жазған еңбегін аударды. Қазіргі тәңіршілдердің шамшырағы осы еңбек қана. Алайда оны діни маман жазбағанын ескертеміз. Ал ислам дінін әл-Фарабиден бастап айтып келеді. Ол үзілмей, ғасырдан ғасырға жалғасуда.

Ислам дінінен бас тарту - тарихтан бас тарту. Ал өткенімізден бас тарту келешектегі сенімсіздікке әкеледі. Бұл ұлт болып жойылып кетуге апаратын бағыт болады.

"Ғұнның, сақтың, көктүріктің кезінде исламның иісі де жоқ еді"

Шадырман ШУЫЛДАҚ:

-  Ислам дінін жақтаушылардың негізгі уәждері мынадай:

Дін болмаса адам баласы азғындап кетеді

Наркомания, алкоголизм, педофилия, проституция, қылмыс, кісі өлтіру, ұрлық секілді теріс құбылыстар орын алып, қоғам бұзылады дейді.

Егер бұл уәж дұрыс болғанында, ислам дінін ұстамаған елдер әлдеқашан құлдырап, жоқ болып кетуі керек еді.

Тіпті ислам тұрмақ, аврамдық дінді ұстанбайтын Жапония секілді елдер де өсіп, өніп отыр.  

Швеция, Норвегия, Канада секілді дамыған елдер ислам дінін ұстанушы елдер дегенге келмейді.

Жоғарыда аталған теріс құбылыстар мұсылман елдерінде де жетерлік.

Ал адам құқықтарын сақтау мен экономикалық даму, жалпы адам потенциалының дамуы жағынан, ислам елдері әлемдегі артта қалған елдерге жататыны жасырын емес.

Адам баласының, қоғамның азғындауына үлес қосып, елді бүлдірген ISIS деген ұйым мемлекет құрмақ болды.

Ол жерде әйелді зат ретінде пайдалану, педофилия, адам өмірін шыбын құрлы көрмей зардап шеккізу секілді құбылыстар кеңінен етек жайды.

Дінді мойындамаған немесе басқа діни бағыт, сенімді ұстанған елді мекендер жойылып отырды. 

Геноцид орын алды. 

Біздің имамдар, олар радикалды көзқарастағылар, ал біз таза исламдамыз деп айтатын болса, ол ұйымды исламнан тыс, кәпір ұйым деп мойындасын. 

Саляфи ағымын, вахабит ағымын ешбір имам кәпір деп айтқан жоқ. 

Яғни имамдар да, вахабиттер де мұсылмандар.

Осынша бассыздықтарын көре тұра, оларды жәй адасушы мұсылман деп, олардың бассыздықтарына көзжұмбайлық жасады.

Қысқаша тарихи экскурс: Тақ үшін таласта болған, Али мен Мұғауияның әскерлері соғысқан Сыффин шайқасында 70 000 адам өлді. 

Біздің діни басқарма, өздерінің сенім-наным (Әһли Сунна) жолын ақтап алу үшін, 70 000 адам өлген соғыста, екі жақ та "ақиқатқа ұмтылды" деп, қантөгіске себеп болғандарды ашып айтпай отыр.

Сондықтан, азғындық құбылыс исламның ішінде де орын ала-алады.

Мысалы: қызды балиғат жасына жетпей, әйелдікке беру. Сахих хадистерде 9 жас десе, 

мазхаб имамдары 6 жастан болады деген пәтуалары бар. Бұл азғындық емей немене?

Әйелдің денесіне қарауға болмайды дейді, дей тұра күң әйелдерге қарай беруге болады дейді. Тіпті сахабалар сатылымға шыққан күңдердің дене мүшелерін ұстап, тексеріп көретін болған.

Сонда ислам әйелдің затын емес, қоғамдағы орнын ғана бағалайды. Айта берсем сөз көп... 

Проституцияны ислам жояды дейді, бірақ саляфи ағымындағыларға "біркүндік" некеге тұрғандардыкі жезөкшелік емей немене?

Кешегі Сириядағы әйелдерге "жыныстық жиһад" жасаңдар деген саудияның имамдарының уағыздары проституцияға шақыру емес пе?

Ал саляфит имамдардың жиһад кезінде "еркек пен еркек некеге тұрсын" деген пәтуасына не деуге болады?

Сол имамдарды біздің кез-келген имам кәпір дей алмайды, тек адасқан дейді. Екеуі де бір қырдың жемісі...

Ислам бар жерде қылмыс жойылады деген де тартысты мәселе. 

Ислам, ұрының қолын кесу, зина жасағанды тасборан ету, діннен шыққанды өлтіру арқылы адамды қылмыстан қайтарам деп ойлайды. Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді дегенді естімеген.

Ұят абырой арқылы емес, құдайдан қорқу, тақуалық арқылы тәрбиелемек болады...

Адамды өлім жазасына кесу жағынан Сауд Арабиясы мен Иран Қытайдан кейінгі орындарды иемденеді.

Жылдағы өлімге кесілетін адам саны тұрақтыға жақын шамада. Енді сұрақ: Өлімге кесу қылмысты азайтатын болса, онда Саудиядағы өлімге кесілгендер неге жылдан-жылға азаймайды?

Жаза арқылы қорқыту, қылмысты жасырын істеуге итермелейді...   

Адамды саналы азамат болуға, арлы-ожданды болуға ынталандырмайды. Құдай көріп тұр дейді, бірақ ширктен басқаны кешіреді дейді.

Сондықтан сөз көбейіп, қолында билігі барлар қалағанын жасау үшін ыңғайластырылған...

Ол сөзіме дәлел, ислам - адамға мұсылман ұстанымдарын қабылдағандар ғана құтылып, бақытқа кенеледі дейді.

Бірақ, исламды ұстанушылар, Құран аяттарына сәйкес өз дініне енбегендерді "адасушы", "ашуға ұшырағандар" деп қор көре бастайды.

Құранда "дүниенің өткіншілігі, жалғандығы" ашық жазылған. Нағыз тұрақ ана дүниеде деп баса айтылған. 

Олай болса, мына дүниенің білім-ғылымы, заңдары, басқа наным-сенімді ұстанып жүргендердің барлығы муслим адам үшін құр әурешілікте жүргендер боп көрінеді.

Одан қалды, құлшылықтың өзі адамның өжеттігін төмендетіп, адамға құлдық психология енгізуге бағытталған. 

2-ші уәж: Ислам болмаса ақырзаман болады

Кешіресіз, исламнан бұрын да күн шыққан, исламнан кейін де шыға береді. 

Табиғат - айналмалы, ауыспалы тұрақты жүйе. 

Кәпірлер мұсылмандар мен жан-жануарлардың құрметіне ауа жұтып жүр деген психология талай өркениеттің түбіне жеткен. 

Исламның да сүрінетін жері осы болмақ. Ислам әлгері даму жүйесі болғанда, 1400 жылда әлемді жаулар еді. Бірақ әлі дүниенің 3/1 де ала-алмай келеді. Ал ғылыми-техникалық даму жағынан көш соңында.

3-ші уәж: исламды қабылдағанда біздің ұлт күшейеді

Ғұнның, сақтың, көктүріктің кезінде исламның иісі де жоқ еді. Ал еврейдің аталары шөл даланы кезіп жүретін.

Еврей мен араб шөлде қаңғып жүргенде, Ер Түріктің балалары Евразия материгіне билік жүргізді.

Араптың дінін алған елдер араптың тілін, салт-дәстүрін, таным-түсінігін қоса алды. Египет, Ливия, Иран, Ирак, Пакистан, Ауғаныстан және басқа елдер.

Өзінің ұлттық ділін араптың діліне ауыстырған ешбір ел көгерген жоқ. Көгермейді де. 

Әруақ аттап, ата-бабасынан қалған мұраны сатқан ел, ешқашан алға баса алмайды. 

Қазақтың тарихын қарайтын болсақ, кері кету тарихы исламның енуімен тығыз байланысты болып отыр.

Ол жайында болашақта тағы айтатын боламыз. 

Арда болыңыз!

Оңғар ҚАБДЕН,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер