Әлем ұлықтаған Абай

1925
Adyrna.kz Telegram

Биыл Қазақ елі әлемге әйгілі ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өтеді. Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Абай – қазақтың бас ақыны» - деп жоғары баға берген екен. Дана ойшыл тек ақын емес, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор ретінде де танымал.

Семей өңірінде дүниеге келген болашақ ақын бала кезінен Зере әжесінің ертегісін естіп, Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өскен.
Зерек Абай бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін қартайғанша ұмытпаған көрінеді. Ел басқару ісіне де жастайынан араласқан. Тіпті, ол бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күнде әзірлеп шыққан. Алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленген үздік туындылар көп. Ал «Қансонарда» өлеңін оның ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы деуге болады. Әрбір туындысы тың дүние, шығармашылық жаңалық. Пушкин, Лермонтов, Крылов өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті.
Хакім Абай мысал өлеңдерді де шебер жаза білді. Адамның мінезі мен әрекетін сөзбен түйреп, сатиралық бейнемен көркем жеткізді. Ең бастысы, Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Ал қара сөздері – оның іргелі еңбегінің бірі әрі бірегейі. Бүгінде ақынның бұл мол асыл мұрасы орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылған. «Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу», - деп білетін Абай философиясына әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын ту еткен.
Абай мұрасын алғаш болып Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы зерттесе, Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл Абай өлеңдерінің жинағын басып шығарды. Мыңмен жалғыз алысқан Абай шамамен 170 өлең, 56 аударма, 45 қара сөз жазған. Ақынның музыкалық мұрасы да өз алдына бөлек әңгіме. Ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жеткен 20-ға жуық әні бар.
Төрткүл дүниеге танылған ойшылдың құрметіне арналған әлемде ескерткіш пен көшелер аз емес. Душанбе, Дели, Киев, Краматорск, Днепропетровск, Каир, Баку, Ташкент, Бішкек, Нью-Дели қалаларында Абай атындағы көше болса, Лондон қаласында Абай үйі ашылған. Ташкент, Мәскеу, Бейжің, Тегеранда ақын бейнесі сомдалған еңселі ескерткіш пен мүсіндер бар. Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында елімізде 500-ден аса іс-шара ұйымдастырылады. Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланып, ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалын түсіру жоспарға енген.

 

Аруна Бақытжан,

Тараз қаласы

Пікірлер