Мыңмен жалғыз алысты

2413
Adyrna.kz Telegram

Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі - дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну - Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық табу қиын. Өлеңдерінен қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады. Абай ақын боп сөз жазып қана отырмаған, өз өлеңіне өзі ән шығарып таратқан. Оның композиторлық шығармашылығы біздің халықта ерекше бағаланады. Қазақ даласында бірінші шырқалған Татьяна тек Пушкинді ғана насихаттап, халыққа таратып қана қойған жоқ, сүйгеніне қосыла алмаған мұңды орыс қызын қазақпен байланыстырды. Абайдың жастайынан көргені, естігені - халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар творчествосы болды. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай сөз сырын жақсы білді, дау ұстағандардың талай сынынан өтті, шешен атанды, төбе билікке де сайланды.

Қазақ халқының ұлы ақыны

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті.

Иә, өзі өмір кешкен және өлең жазған ғасыр үшін Абай жұмбақ болды. Ал ол біз үшін жұмбақ па?

Біз Абайды қазір қараңғы жұмбақ ретінде емес, қазақ әдебиетінің шамшырағы ретінде қабылдаймыз. Социалистік ұлы Отанның өзара ортақ идеяларымен, күресімен, жеңістерімен туысып кеткен халықтары Абайды қастерлеп еске алады.

 

Досхан Керімбекова,

Тараз қаласы

Пікірлер