Бейруттағы жарылыс: Қазақстан елшілігі қирап қалды

3618
Adyrna.kz Telegram

Ливан астанасы Бейрут қаласында жойқын жарылыс орын алды. Салдарынан бірнеше ғимарат қирап, мыңдаған адам зардап шекті.

Билік өкілдерінің айтуынша, жарылыс дәнекерлеу кезінде болған. Апат порт қоймаларының бірінде тәркіленген 2750 тонна аммиак селитрасының әсерінен болуы мүмкін.

Видеодан жарылыс жүздеген шақырымға жоғарыға көтеріліп, қаншалықты үлкен аймақты қамтығанын байқауға болады.

Жарылыс салдарынан әйелі мен қызы жарақат алған Ливан премьер-министрі Хасан Диаб оқиғаға кінәлілерді табуға уәде берді. Ол «Қоймада алты жыл бойы  алдын-ала шаралар қолданылмастан 2750 тонна аммиак селитрасының сақталуы мүмкін емес», - деді.

Бейрутта болған жарылыстан 4 мыңға жуық адам жарақат алып, 78 адам қаза тапты. Бұл туралы Ливанның денсаулық сақтау министрі Хамад Хасан мәлімдеді. Көптеген адамдардың қайда жоғалғаны белгісіз. Оларды іздестіру түнгі уақытта электр қуатының өшуіне байланысты қиындық туғызған.

ҚР СІМ-нің мәлімдемесіне сәйкес, Ливандағы қазақстандық консул жеңіл жарақат алған. Апат болған уақытта елшіліктің өзге қызметкерлері жұмыс күні аяқталғандықтан ғимараттан шығып кеткен. Жұмыс уақыты біткеніне қарамастан консул өз қызметін жалғастыра берген. Жарылыс, сонымен бірге, елшіліктің ғимаратына да зиян келтірді.

Ливан Жоғарғы қорғаныс кеңесі Бейрут портындағы жарылыстан кейін шұғыл жиналыс өткізіп, қаланы апатты аймақ деп жариялады. Жарылысқа байланысты кеңес мүшелері үкіметке елордада екі аптаға төтенше жағдай жариялауды ұсынды.

 

 

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер