Алматының көрікті жерлері

4016

Алматы қаласына саяхаттап келген туристер мен қала қонақтарына “Адырна” ұлттық порталы оңтүстік астананың көрікті 5 жерін ұсынады.

Көктөбе-Алматының қай шетінен қарасаң да көзіңе оттай басылатын Көктөбенің биік мұнарасы қала тұрғындары мен қонақтарына қол бұлғап өзіне шақырып тұрғандай. Көктөбеде тек сұлу қала бейнесіне тамсанып қана қоймай, неше түрлі атракциондарға отырып көңіл көтере аласыз. Өзінің кішігірім ЗОО-бағы да бар. Туристерді ғана емес тұрғындарын да күннен-күнге таңқалдыратын Көктөбенің әсем бейнесін көру әрбір жанға бақыт.

Медеу спорт кешені-әлемге аты шыққан бұл кешеннің тарихы да тереңде жатыр. Медеуге келіп коньки тебу әр адамның арманы шығар. Жоғарғы Горельник сарқырамасының гүрілі қонақтарға сәлем айтып тұрғандай. 800 ден астам сатысы бар баспалдақпен жоғарыға мініп-түсудің өзі керемет. Селден қорғап тұратын бөгдер де қала үшін қызмет етіп тұр. Медеуде Шымбұлақтау шатқалына апаратын тас жол бар. Табиғаты көз сүріндірер бұл жерге келіп-кетіп жүрген туристердің саны да күннен күнге артуда.

Аталмыш екі жерде де(Көктөбе мен Медеу) арқан жол арқылы қаланы биіктіктен тамашалай аласыздар.

Орталық демалыс саябағы-таза ауада тынығып, жақындарыңмен демалып, көңіл көтеруге арналған саябақ. Неше түрлі атракциондар, спорт алаңы мен балалар алаңдары жұмыстарын жасап, қонақтарға қызмет етеді. Суға түсуге арналған аквапарк те жаз айларында демалушыларын күтеді. Қайық немесе катамаранда серуендегенді ұнататын жандар үшін шағын көлшік те бар. Парк ішінде орналасқан Немо дельфинариінің дельфиндер қонақтарға өз өнерлерін көрсетеді.

ҚР Тұңғыш Президенті паркі-аумағы 73 га құрайтын дендропаркте аллея мен бульварлар бар. Паркте “Қазақстан” монументалды-сәулет композициясы бар. Ескерткіш ортасында Елбасы бейнесі кескінделген. Ал бүркіт қанатында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының символдары орын алған. 2001 жылы Тұңғыш Президенттің өз қолымен отырғызған емен ағашын да осы парктен көре аласыздар. Алматы қаласындағы ең үлкен субұрқақты көргілеріңіз келсе, онда міндетті түрде ҚР Тұңғыш Президенті паркіне келіңіздер.
Ботаникалық бақ-1932-жылы ашылған ботаникалық бақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс орны. Бақта 175 мың өсімдіктер жайқалып, келушілердің көз қуанышына айналып тұр. Олардың 1300-і экзотикалық ағаштар. Көктемгі құлпырған даладай Ботаникалық бақ та жыл сайын жаңарып, түрленіп келеді. Жанға сая сыйлайтын бұл орында жүзіп жүрген аққуларды да көре аласыздар. Күрделі жөндеу жұмыстарын көрген Ботаникалық бақты аралап, отбасымендемала аласыздар.

Лаура Тұрсынжан,
“Адырна” ұлттық порталы
Пікірлер
Редакция таңдауы